• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Руханият 24 Маусым, 2024

Түркітанушы ғалымдар Махмұд Қашқари мұрасын талқылады

151 рет
көрсетілді

Бүгін, 24 маусымда Қырғызстан астанасы Бішкекте «Түркі әлемінің ортақ мұрасы «Диуани лұғат-ат-түрктің» 950 жылдығы» атты халықаралық конференция өтті. Аталған іс-шараны Түркі Академиясы Ататүрік атындағы мәдениет, тіл және тарих жоғары кеңесі жанындағы Түрік тілі қоғамымен бірлесіп, сондай-ақ Қырғыз Республикасы Ұлттық ғылым академиясының Шыңғыс Айтматов атындағы Тіл және әдебиет институтының қолдауымен ұйымдастырды, деп жазады Egemen.kz.

Конференцияның ашылу салтанатына Түркі Академиясының президенті Шаһин Мұстафаев, Қырғыз Республикасының Білім және ғылым Министрінің бірінші орынбасары Бекжан Супаналиев, Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев, Қырғыз Республикасы Президентінің кеңесшісі Арслан Койчиев, Түрік лингвистикалық қоғамының президенті Осман Мерт, Түркияның ЮНЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссиясының төрағасы Өджал Оғыз және Қырғыз-түрік «Манас» университетінің ректоры Алпаслан Джейлан қатысты.

Жиынның мақсаты - Махмұд Қашқаридың «Диуани лұғат-ат-түрк» атты еңбегінің тарихи маңыздылығын талқылау. Қырғызстан, Қазақстан, Өзбекстан, Әзербайжан және Түркия елдерінен жиналған түркітанушылар автордың өмірбаяны, «Диуани лұғат-ат-түрк» туындысының жазылу мақсаты, шығарманың тілі, сонымен қатар еңбекте қамтылған тарихи-этнографиялық мәліметтер мен әдеби материалдар секілді ғылыми мәселелерді ортаға салды. Әсіресе шығарманың аудармалары мен зерттеулеріне және оның түркі тілдерінің тарихын, қазіргі диалектілерді, әдебиетті, этнографияны, салыстырмалы тіл білімін зерттеудегі маңыздылығына ерекше назар аударылды.

Іс-шараның ашылу салтанатында сөз сөйлеген Түркі Академиясының президенті Шаһин Мұстафаев XI ғасырда жазылған Махмұд Қашқаридың шығармасы түркі халықтары мен тайпаларының әлеуметтік құрылымын, географиясын, тұрмыс-тіршілігін, наным-сенімдерін, мифологиясын және халық әдебиетін қамтитын түркі энциклопедиясы болып саналатынын атап өтті. Сондай-ақ Ш.Мұстафаев «Диуани лұғат-ат-түрктің» түркі халықтары интеграциясының ғылыми-мәдени негізін қамтамасыз етудегі маңыздылығына егжей-тегжейлі тоқталды.

«Бұл жиын осы саладағы жаңа зерттеулердің көкжиегін кеңейтеріне сенім білдіремін», деді Ш.Мұстафаев.

Конференция түркітанушыларға Махмұд Қашқари мұрасын терең талқылауға және өзара пікір алмасуға еркін алаң қамтамасыз еткен интерактивті пікірталас пен презентация форматында өтті. Осылайша, қатысушылар басқосудың түркі мемлекеттерінің ғылым мен мәдениет саласындағы ынтымақтастығын нығайтудағы маңыздылығын ескерді.