• RUB:
    5.39
  • USD:
    479.83
  • EUR:
    528.82
Басты сайтқа өту
Пікір 25 Маусым, 2024

Журналист құқы қашанда қорғалады

45 рет
көрсетілді

Саяси мәселелер төңірегінде көп ізденіп, сол тақырып төңірегінде ақпараттық өнім дайындайтын журналистердің өмірі көп жағдайда қауіпке толы. Бұл – әлемде бар құбылыс. Сондықтан журналистердің құқықтары мен бостандықтары мәселесі біздің елде де заң аясында реттеледі.

Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Украина астанасы Киев қала­сында болған отандасымыздың өмірі мен денсаулығына қауіп төндір­ген қас­тандық әрекетке қатысты пікір білдіріп, зардап шегуші азамат құқы­ғының қорғалуына және жедел іздестіру мен тергеу жұмысына барынша жағдай жасалуын өз бақылауына алғанын мәлімдеді.

Президенттің бұл жағдайға бейжай қарамай, оқиғаға бірден назар аударып, сырттағы ел азаматына көңіл бөлуі, ең жоғары деңгейде бақылау жасауы журналист ретінде мені де қуантты.

Журналистика қашанда аса қауіпті мамандықтар қатарына жататынын қалың көпшілік жақсы біледі. Түрлі сыртқы-ішкі саяси-қаржылық топтар көбіне-көп журналистерді әртүрлі мақсатта пайдаланады.

Кейінгі жылдары елімізде демокра­тия­лық үлкен оң өзгерістер мен заңның үстемдігіне, Конституцияның нормалары мен қағидаттарына баса назар аудару нақты іс жүзінде жүзеге аса бастағанын көзі қарақты, көкірегі ояу көпшілік біледі, түйсінеді.

Күні кеше Мемлекет басшысы қол қойған «Масс-медиа туралы» заң бұқаралық ақпарат құралдарының дамуы мен биліктің ашықтығын қамтамасыз ететін тетіктерді барынша қамтып отыр. Әрине, еліміздің мемлекеттік билігі жүйесінде жүріп жатқан трансформацияға кедергі жасап, елдің беделін түсіруге тырысатындар үшін Қазақстанды кінәлі ету тиімді.

Журналист ретінде ақпарат ай­дынындағы, әлеуметтік желідегі ой-пікірлерді қарап жүремін. YouTube видеохостингіндегі кей бағдарламалар­ды мезгіл-мезгіл көремін. Қазақстан ондай арналарға тыйым салған емес. Рас, журналистік ақпарат беру тәсілдері қызықты болса да, кей кездері белгілі бір мүдделер тапсырмасына орай жасалатын материалдардың «құлағы» едірейіп тұратыны бар. Мен кейбір нәрселермен кейде келісемін, кейде келіспеймін, бірақ демократиялық қоғамда алуан түрлі пікірдің болғаны керек. Бүгінде «билікті сынау монополиясы» тек әлеуметтік желінің, түрлі YouTube арналардың еншісінде ғана емес. Қазір дәстүрлі медиада да, тіпті Парламент мінберінен де сын күнара айтылып жатыр. Құрғақ сын емес, нақты ұсыныстар мен мәселелерді шешу жолдары да айтылады.

Қазіргі аудиторияның саяси сауат­ы артқан сайын ақпараттық талғам да өзгерген. Бұл – заңдылық. Сондықтан байыбына бармай жатып байбалам салатын көп YouTube арналар аудиториясының сиреуі де байқала бастады. Яғни бүгінде көпшілік сапалы контенттен бөлек, ақпараттық өнімдерді саяси сауаттылық және саяси көзқарас тұрғысынан да саралап, таразылап көретін болған.

Мұны айтып отыруымның негізгі себебі – баз біреулер жар салып, мем­лекеттік билікке күйесін жаққысы келуі мүлде миға қонымсыз жайт. Бір ел – бір мүдде жолындағы Қазақстанның салмақты ұстанымы кейбіреулерге ұнамайды. Елге қысым жасап, ұлттық мүддеден ауытқуға мәжбүрлеу әрекет­тері әлі де жалғасуы да ықтимал. «Жау жоқ деме – жар астында, бөрі жоқ деме – бөрік астында» деген халқымыз. Азаматтарымыздың қазіргі уақытта өте сенімді бейне және аудионы жасауға мүмкіндік беретін манипуляциялық технологияларға берілмеуі де аса маңызды.

Ал журналист Айдос Садықов Қазақстан азаматы болғандықтан Конституцияның 18-бабына сәйкес – «Республика өз азаматтарын өз шекарасынан тыс жерде қорғауға және қамқорлыққа алуға кепілдік береді» және де Украинаның еліміздің құқық қорғау органдарына көмек көрсетіп жатқанына ризашылық білдіреміз. Бастысы, жерлесіміздің денсаулығы тезірек оңалуын тілейміз. Ал тергеу аяқталғанша, асығыс қорытынды жасамау бәріміз үшін маңызды.

Жақында қол қойылған заңға қайта оралар болсақ, телерадио арналарында қазақтілді контенттер үлесінің 60 пайызға арттырылатыны да көңілге қонып отыр. Екі жылдай уақыт бойы талқыланған тақырыпқа біз де, Бас редакторлар клубы атынан қоғамдық ұйым ретінде бірталай ұсыныс бергенбіз. Олардың бірқатары өтпей қалғанымен, жаңа заңда біршама жаңашылдық, оңды өзгерістер бар екені рас.

 

Бибігүл ЖЕКСЕНБАЙ,

Сенат депутаты, «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің президенті