• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Саясат 25 Маусым, 2024

Ұжымдық қауіпсіздік мәселелері талқыланды

84 рет
көрсетілді

Алматыда Премьер-министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің төрағалығымен Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысы өтті. Жиынға Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров, Тәжікстан сыртқы істер министрі Сироджиддин Мухриддин, Белоруссия сыртқы істер министрі Сергей Алейник, Қырғызстан сыртқы істер министрі Жээнбек Кулубаев, ҰҚШҰ Бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов қатысты.

Еліміздің СІМ басшысы отырыс­қа қатысушыларды ҰҚШҰ фор­матындағы ынтымақтастық мәсе­лелеріндегі Қазақстанның ұста­нымы мен көзқарастары, бірін­ші жартыжылдықтағы ұйым­­ға Қазақстан төрағалығы­ның басымдықтарын іске асыру барысы туралы хабардар етті. Осы ынтымақтастықты одан әрі жан-жақты дамытуға бағыт­талған бірқатар ұсыныс айтқан СІМ басшысы ҰҚШҰ ұжым­дық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған тиімді және сұра­нысқа ие халықаралық құры­лым ретінде әрекет ететі­нін жеткізді. «ҰҚШҰ бүгінде ұжым­­дық қауіпсіздікті қамта­ма­сыз етуге бағытталған тиім­ді және сұранысқа ие халық­аралық құрылым ретінде әре­кет етеді. Шағын құрамда әріп­тес­термен халықаралық пен өңір­лік ахуалдың даму үрдістерін және оның ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің қауіп­сіз­дігіне әсерін жан-жақты талқыладық. Пікір алмасу өзекті сын-қатерлер мен ұжымдық қауіпсіздік қатерлерінің жолын кесуге бәріміз мүдделі екенімізді көрсетті», деді Мұрат Нұртілеу.

Сондай-ақ министр Ауғанстан мен Таяу Шығыстағы ахуалға тоқ­талды. Таяу Шығыстағы дағ­дарыс­тың жалғыз шешімі – Палестина мемлекетін құру. «Ауғанстан мен Таяу Шығыстағы ахуалдың қазіргі жағдайы мен даму келешегі бо­йынша бағалаулар са­лыс­тырылды. Көпжылдық қақ­ты­ғыстың жалғыз шешімі Шығыс Иерусалимде астанасы ор­на­ласқан 1967 жылғы шекарада Палестина мемлекетін құру екеніне сенімдіміз. Жалпы, БҰҰ Жар­ғысы мен халықаралық құ­қық­­тың жалпыға бірдей таныл­ған нормалары негізінде барлық дауды бейбіт жолмен шешуге шақырамыз», деп атап өтті Мұрат Нұртілеу.

Осы жылдар ішінде сыртқы саяси өзара іс-қимыл саласын­да үлкен тәжірибе жинақ­тал­ды, сын-қатерлер мен қауіптер­ге қарсы күрестің тиімді әдіс­тері белгіленіп, нормативтік-құқықтық база қалыптастырылды, ұжымдық қауіпсіздіктің қажетті күштері мен құралдары жұмыс істеп жатыр. ҰҚШҰ-да терроризмге қарсы күрес мәселелері бойынша Ауғанстан билігімен неғұрлым нақты диалог құру қажеттілігі туралы пікір басым.

РФ СІМ басшысы Сергей Лавров Ауғанстан аумағынан келетін қауіптерге назар аударуды алға тартқанын, елді іс жүзінде бақылайтын Талибан үкіметімен нақты диалог жобаларын іске асыруға неғұрлым тұрақты, пәндік бағытталған диалогті жолға қоюды жақтайтынын айтты. Сондай-ақ ол Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка ай­мақ­тарын­дағы жағдайға түсі­ні­ктеме берді. Ондағы проблемалар, оның айтуынша, бірқатар қақтығыстың, ең алды­мен,  Палестина-Израиль қақтығысын­дағы жағдайдың реттелмеуінен туындап отыр­ғанын айтты.

«Бұл үдерістердің бір ұшы іргелес аумақтарға тиетіні анық, терро­ристер Еуропа бағытын­да, көрші­лерімізге, ең алды­мен, Орта­лық Азия мен Кавказға қарай жыл­жиды. Сондықтан біз бұл бағыт­ты мұқият қадаға­лап, Қауіп­сіздік Кеңесі мен БҰҰ Бас Ассамб­леясының шешім­дері негізінде жағдайды тұрақтан­дыруға, оны саяси шешімдерге аударуға үлес қосуға тырысамыз», деп сөзін қорытындылады С.Лавров.

Сыртқы істер министрлері­нің кеңейтілген құрамдағы кездесуінен кейін Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы­ның Бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов журналистердің Армения Респуб­ликасының ұйымға мүшелігі туралы сұра­ғына жауап берді. И.Тас­ма­ғам­бетов Арменияның саяси басшылығы елдің ұйым­ға қаты­су келешегін нақтылаған жағ­дайда ҰҚШҰ-ның барлық қатысушысы үшін пайдалы болатынын атап өтті. «Армения біздің одақтасымыз болды және болып қала береді, біздің Армения ал­дын­дағы барлық міндеттемеміз күшінде қалады», деді ол журналистермен кездескен кезде.

ҰҚШҰ-ға мүше мемле­кет­тер­дің сыртқы саяси ведомство­ларының басшылары халықаралық және өңірлік жағдай, сондай-ақ оның ұйым елдерінің қауіпсіздігіне әсері туралы пікір алмасты.

Жиын қорытындысында министр­лер тәжік-ауған шекарасын нығайту жөніндегі нысаналы мемлекетара­лық бағдарламаның жобасын, сон­дай-ақ ҰҚШҰ аясында бітімгершілік, қаржы-ұйымдастыру қызметі және халықаралық шарттардың жобаларын әзірлеу саласындағы бірқатар құжатты мақұлдады.

Жиын барысында ҰҚШҰ Бас хатшысы Иманғали Тасмағам­бетовтің бастамасымен бірқатар құжатқа қол қойылды. Олар – Ғарыш кеңістігін бейбіт мақсат­та пайдалану, Ақпараттық қауіп­­сіздік саласындағы ынты­мақтас­тық, Таяу Шығыс пен Солтүс­тік Африкадағы жағдай және Бе­ло­руссияның нацистік басқын­шы­лардан азат етілуінің 80 жылды­ғына арналған мәлім­деме­лер. Сондай-ақ ҰҚШҰ СІМ ми­нистр­лері 2013 жылдан бері ат­қары­лып келе жатқан ҰҚШҰ-ның тәжік-ауған шекарасын ны­ғай­ту жөніндегі мақсатты мемле­кетаралық бағдарламаны бекітті.

Жиын аяғында келесі отырыс­тың уақыты белгіленді. ҰҚШҰ СІМ кеңесінің келесі отырысы биыл қараша айында ҰҚШҰ Ұжымдық Қауіпсіздік кеңесінің сессиясы қарсаңында Астанада өтеді.

 

АЛМАТЫ