Өңірде инновациялық жобалар әзірлеуге ден қойған оқушылар жеткілікті. Олар көптеген саладағы олқылықтарды жоюға қолдан келгенше үлес қосқысы келеді. Жаңа технологияның дәуірі туғанын түсінген жасөспірімдер қайткен күнде де жаңа қадам арқылы жаңалық әкелуге тырысып жүр.
Жамбыл ауданында да ізденіске құмар білім алушылар аз емес. Олар түрлі инновациялық жобалар әзірлеп, жаңашылдыққа жаны құмар екенін байқатты. Әсіресе Юрий Гагарин атындағы мектеп-лицейінің оқушылары су тапшылығына қарсы күреске белді бекем буып кіріскен секілді.
Сегізінші сынып оқушылары Сәбина Жарқынбек пен Маралбек Әсембекті ауылдағы ағын судың тапшылығы айтарлықтай алаңдатқан көрінеді. Олар құрғақшылық кезінде де ауыл шаруашылығының өркендеуіне сүбелі үлес қосатын инновациялық жоба ойлап тапты. Тың жобаны өндіріске қосқысы келетін жасөспірімдер қолға алған ісі нәтиже берсе, басқа да жобаларға ден қоюға ниетті.
«Соңғы жылдары орын алған құрғақшылық кімді де болсын, толғандырмай қоймайды. Ағын судың тапшылығымен күресетін кез келіп жетті. Біз ойлап тапқан жоба саланы құрғақшылықтан құтқаруға бағытталғанын айта кеткен ләзім. Ауыл шаруашылығына аңсары ауған фермерлер мен кәсіпкерлер тарапынан қызығушылық туады деген үмітіміз басым.
Өсімдікті гидропоникалық жолмен өсіру – еліміздің су тапшылығы байқалатын аймақтарындағы фермерлер үшін тиімді шешім. Осыны қаперден шығармаған жөн. Сондай-ақ малға арналған жемшөпті әзірлеуге бар болғаны жеті күн жеткілікті екенін атап өткіміз келеді. Бұл өз кезегінде мал бордақылаумен айналысатын кәсіпкерлер үшін тиімді екені сөзсіз. Сондықтан да олар біздің жобаға қолдау білдіреді деген ойдамыз», дейді жаңашылдыққа бет бұрған талантты жастар.
Жаңа жобаны жетілдіруге кіріскен оқушылардың жетекшісі Анар Айтекова инновациялық жобаның келешегі бар екеніне сенімі зор. Оның айтуынша, инновациялық жоба тек құрғақшылық мәселесін шешіп қоймай, экологиялық мәселелердің де оң шешім табуына ықпал етеді екен.
Терең ізденіске кіріскен оқушылар өздері қолға алған жобаның тиімділігін кез келген жерде дәлелдеуге әзір. Олар өздері қолға алған істің нәтижелі болғанын қалайды.
Жамбыл облысы