Оны Абай облысының тұрғындары жақсы таниды. Қалың жұрт Құсекеңнің талантына таңдай қаққанда Үржардың ірісі, Семейдің серісі десе, азаматтық ұстанымына сай мәдениет жанашыры, қайраткер тұлға деп санайды. Бүгінгі әңгіме Құсмілия Нұрқасым туралы болмақ.
Үржардың ірісі дейтіні, сол өңірге тән рух, мінез, менталитет, фольклор дейсіз бе, күллісі Құсекеңнің бойында бар қасиет. «Жігітке жеті өнер де аз» дегендей, Құсмілия Жырғалыұлы – белгілі тіл жанашыры, күміс көмей әнші, көненің көзіндей жыраулық дәстүрді жалғастырушы, композитор. Ақынның жерге, елге деген сүйіспеншілігінен туған «Үржарайым» жыр жинағы, «Ұмытпаңдар мені» естелік кітабы, «Құсмілия» атты шығармалар жинағы – оқырмандар қауымының оң бағасын алған туындылар.
Енді Семейдің сал-серісі дегенге келейік. Сері атануға ақын һәм шешен ғана емес, әнші әрі композитор болуың шарт. Қара домбырасы қолынан түспейтін Құсекеңе керемет әншілік қуат қонғаны талассыз. Қаламыздағы Абай театры сахнасында дәстүрлі ән-жыр, опера ариясын да кәсіби деңгейде орындап, Семей жұртын талай мойындатқан жұлдызды сәттерінің куәсі болғанбыз. Ол арнайы музыкалық оқу орнын бітірмесе де, достары, әріптестері оның дарындылығын, ақын, әнші, күлдіргі әңгімелер айтқанда да үлкен отырыстың сәні, дара тұлға екендігін бағалап, Құсан сері деп атап кеткен.
Құсан – Үржар ауданы Тарбағатай-Барқытбел өңірінің тумасы. Семей қаласы Шәкәрім атындағы университетінің филология факультетін бітірген, тіл маманы. Қайым Мұхамедханов, Қинаят Шаяхметов, Қуандық Жүсіпов сияқты білгір ұстаздардан тәлім алған. Еңбек жолын қатардағы трактор жүргізушілігінен бастап, ұжымшар бастығы, мектеп директорлығы сияқты жұмыстармен айналысты.
Үлкендердің айтуынша, бізге жеткен аңыз әңгімелерді естіген Құсан серінің туған жерге деген ыстық ықылас сезімі оянып, жұмбаққа толы жерлерін зерттесем, білсем, деген армандары балаң, оқушы кезден-ақ асқақтай түскен. Соның бірі ертеде Ақберлі деген адам өмірден өтерінде, «Мені биікке қойыңдар, өйткені мен жатқан жер қысы-жазы жауынсыз-қарсыз, борансыз болмайды, елге зияным тиеді», деп өсиет айтса керек. Сондағы жұмбаққа толы жерлері: «Тарбағатайдың таңбалы тастары», «Әлемді», «Тасбақа», «Сатылы тас» үңгірі, «Кітапұшқан» жақпар тасы, «Күркіреме». Ал енді осы Тарбағатай-Барқытбелдің басқа да өңірінде тастағы суреттер аз емес, бірақ Ақберідей шоғырланған жері жоқ сияқты. «Таңбалы тасқа» жетудің өзі өте үлкен қиындық тудырады. Ол үшін тағаланған, сол өңірдің қойнау-қолатына шыныққан ат керек және де баруға тәуекел еткен адам да соған сай қайратты болуға тиіс. Бірнеше жылғы ұмтылыстардың сәті түсіп, Құсан бастаған жігіттер мақсаттарына жеткендей болса керек, ғалым-тарихшы, археолог, этнограф мамандарды апарып, бұл ескерткіштердің қола заманы мен ерте темір дәуіріне жататынына көз жеткізді. «Оны әрі қарай зерттеу, кітап-альбом шығару болашақтың еншісінде», дейді кейіпкеріміз. «Тарбағатайдың күнгейінде, сол кезде (1917) Алаш үкіметі милициясының басшысы Міржақып Дулатұлының тапсырмасымен құрылған командир Отыншы Әлжанұлы болған», деп жазады кітабында Құсан. Есіл ер Отыншы Әлжанұлы Мамонтов басқарған «Красные горные орлы» отрядының партизандарымен болған ақтық шайқаста Үржардағы шіркеудің ағаш мұнарасына бекініп, пулеметпен атысып беріспейді, ақыры шіркеудің ағаш мұнарасы өртеніп, сонымен бірге кетеді. Бұл жағдай қазақ халқын күңіренткен азалы өлім болады, бүкіл қазақ даласы аза тұтады. Осы аяулы азаматтың қоғамдық-әлеуметтік қызметін халыққа жеткізіп, қайраткер Қуат Есімханұлы, Ромин Мадиновтермен бірлесіп тұңғыш рет Отыншы Әлжанұлына Үржар орталығында көрнекті ескерткіш орнатты.
Құсанның ұстанымы: Алаш тұлғалары айтқандай, «Өз күшіне сенбеген халық та, адам да ешқашан өмір бәйгесін ала алмайды». Демек өз күшіне сене білгендіктен 2004 жылдан жоғарғы жақ басшыларының ұйғарымына қарсылық білдірмей Семей қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы болды. Мәдениет саласының тізгінін ұстау көрінгеннің қолынан келе бермейтін іс. Ол үшін отқа да, суға да түсетінін білді. Өнерге жаны құмар Құсанның тасы өрге қарай домалай берді. Жә, не бітті, не тынды? Менің білетінім – Алаш мұрасын түгендеген істері. 2008 жылы Алаштың 90 жылдығы мерекесін атап өтуге байланысты Үкімет қаулысы қабылданды. Оған түрткі болғандардың бірі – Құсан. Ол асқақ гимннің авторы. Онан асқан «Алашқа» арналған маршты да, гимнді де естіген емеспіз. Әдетіне қарысып шегіншектеген шенеунік ортамен алыса жүріп, ұстазы Қайым Мұхаметхановқа ескерткіш орнатты.
Бұл туралы Құсан сері: «Өз тіршілігімде бітірген бір шаруам болса, ол – Қайымның ескерткіші!» деп кітабында мақтанышпен атап айтыпты. Тағы не бітірді десеңіз, «Семей» телеарнасында жүргізген «Ой-түйін» атты танымдық жобасы көпшіліктің ой-санасын ұйқыдан оятқаны анық. 2018 жылы «Семейге – 300 жыл» деген дата көтеріліп, қаржысы бөлінді. Осыған орай, конференция ұйымдастырып, зерттеу мақалалар жаудырып дегендей атойлап қарсы шыққанның бірі – тағы Құсан еді. Сол сияқты қоғам белсендісі Рахат Алтай бастаған топпен бірге Әлихан Бөкейханның ескерткіші бой көтеруіне ат салысқанын да айтып өтуге міндеттіміз.
Ақындық, әншілік, жыршылық қабілеті өз алдына, Құсмілия өзін нағыз қалыптасқан композитор екендігін дәлелдей білді. Отыздан астам ойлы әндердің авторы. Диапазоны кең әнші. Құсмілия әндері Барқытбелдей асқақ, байтақ даласындай байыпты, құлаққа жағымды болып келеді. «Арғы атам – Ер Түрік біз Қазақ еліміз» атты шығармашылық кеші автордың әнімен «Семей Алаш» Мұқан Төлебаев атындағы музыкалық училищесінің хоры, жеке дауыста: Құсмілия Нұрқасым сүйемелдеуші: Ә. Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармониясының қазақ халық аспаптары оркестрінің орындауымен аяқталды. Әлі де оның алғанынан берері көп. Қазіргі кезде қалалық ардагерлер қоғамының белсенді бір мүшесі. Қоғамдық жұмыстарда өзін алдыңғы қатарда көрсете білді, денсаулығы мықты. Қорыта келгенде, өмірі қазіргі таңда аса өзекті ұлттық һәм патриоттық тәрбиені қажымай, талмай болашақ жастар алдында насихаттаумен өтіп келеді.
Қадыр ДОСЫМЖАНОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ардагерлер кеңесінің төрағасы
Семей