• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Мәдениет 25 Маусым, 2024

Хан сарайы жаңғыртылады

116 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облысында мәдениет саласына қарасты ғимараттарды жаңадан салу және күрделі жөндеу кейінгі жылдары ерекше қарқын алды. Бұл жайында облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов хабарлады.

Былтыр өңірде Бөкей ордасы ауданы­ның Бисен ауылында және Тасқала ауда­нының Мерей ауылында су жаңа мәдениет үйі салынып, халыққа қызмет ете бастаған болатын. Бұған қоса өңірдің мақтанышы – Хан ордасындағы Жәңгір хан ставкасында визит орталық пен әкімшілік ғимарат салынды. Хан ордасы ауылындағы мәдениет үйі де күрделі жөндеуден өтіп, жарқырап тұр. Биыл тарихи мекенге дейінгі жол құрылысы аяқталып, пайдалануға берілсе, туристер тасқыны молаяды деген үміт бар.

«Сонымен қатар биыл Хан Ордасы музей-қорығы құрамындағы Хан сарайы мен Қазынашылық ғимаратына реставрация жасалады», дейді Бақытжан Хаберұлы.

Былтыр күрделі жөндеуден өтіп, жаңа­рып қалған мәдениет нысандарының қатарында Сырым ауданының Алғабас ауыл­дық мәдениет үйі және Ақжайық ауда­нына қарасты Мерген ауылының мәдениет үйі де бар.

Мұның бәрі өткен жылдың жемісі болса, биыл өңірдің мәдениет саласындағы оң өзгеріс одан да көбейе түскен.

Қазірдің өзінде ауылдарда су жаңа 4 мә­дениет үйі бой көтеріп жатыр. Олар – Жаңа­қаланың Қырқопа, Сырымның ­Тоға­нас, Бәйтеректің Щапов және Қаз­талов­тың Қайыңды ауылдарындағы мәде­ниет ошақтары.

Кейінгі жылдары күрделі жөндеуге жабылған Хадиша Бөкеева атындағы қазақ драма театрының ғимаратында құрылыс жұмысы тоқырап, театр ұжымы көшпелі ғұмыр кешіп кеткен болатын. 30 жылдық мерейтойын өз дәрежесінде атап өте алмаған театр қызметкерлерінің наразылығы орынды да еді. Бақытжан Нарымбетов театрдың жөндеу жоба­сына өзгеріс енгізілген соң жұмыс қайта жал­ғасатынын айтты. Сондай-ақ Островский атындағы драма театр ғимаратын да күр­делі жөндеу жобасы жасақталып, қаражат бөлініпті. Бұған қоса биыл 80 жылдық мерейтойын атап өткелі отырған облыстық халық шығармашылық орталығының ғима­раты да жөнделеді.

Ауылдық мәдениет үйлерін жаңғырту бойынша Бөрлі ауданында жақсы жаңалық көп. Мұндағы Жарсуат, Кеңтүбек және Бумакөл ауылдарында мәдениет үйлері биыл күрделі жөндеуден өтеді екен.

Осындай елеулі оқиғалар Сырым ­ауданында да болып жатыр. Ауданның толайым тарихын түгендеген Сырым Датов атындағы тарихи-өлкетану музейіне был­тыр бөлек ғимарат беріліп, күрделі жөн­деуден өтті. Жаңарған музейде жаңа экс­позиция жасақталып, жақында ғана есігін айқара ашқанынан біздің газет оқыр­мандары хабардар. Бақытжан Хабер­ұлының айтуынша, Жымпиты селосында енді кітапхана ғимаратының құрылысы басталғалы жатыр екен. Мердігер анық­талған, жоба бекітілген.

«Қазіргі таңда «Қазақстан халқына» қоры­мен бірлесе елімізде алғаш рет «Ауыл кітапханаларын модернизациялау» жобасын жүзеге асырғалы отырмыз. Осы жоба аясында 25 ауылдық кітапхананы қайта жаңғырту жұмысын жүргіземіз. Биыл Ақжайық және Жаңақала аудандық кітапханалары қайта жаңғырып, өз жұмы­сын жаңаша бастайды», дейді облыс әкімінің орынбасары.

«Мемлекет басшысы жиі айтып жүр­ген «кәсіпкерліктің әлеуметтік жауап­кершілігі» Батыс Қазақстан облысында да жүзеге асып жатыр. «Қарашығанақ Пе­т­ролеум Оперейтинг» компаниясы­ның әлеу­меттік инвестициясы есебінен Орал қаласындағы Жастар мәдениет сарайы мен Деркөл кентіндегі мәдениет үйі күр­делі жөндеуден өтпек. «Бұл жұмыс­тар осы жаз айларында басталып, күзде аяқталады», дейді Бақытжан Хаберұлы. Оның айтуын­ша, креативті индустрияны дамыту жөнінде Мемлекет басшысының тапсырмасына орай жаңғырған Жастар мәдениет үйінде «Самұрық Қазына Траст» қорымен бірлесіп креатив хаб алаңын ашу жоспарланып отыр екен.

«25 ауыл кітапханасының жаңғыруы және Орал қаласында ашылатын креатив хаб өңір жастарының уақытын сапалы, тиімді, заманауи форматта өткізуге арналған нәтижелі жоба болатынына сенеміз» дейді облыс әкімінің орынбасары.

Айта кетейік, бүгінде Батыс Қазақстан облысында 681 мәдениет ошағы, 24 музей жұмыс істеп тұр.

 

Батыс Қазақстан облысы