Қызылордада БАҚ өкілдері арасында шағын футболдан облыс әкімі кубогі үшін өтетін республикалық турнир дәстүрлі додалардың біріне айналып келеді. Биыл үшінші мәрте ұйымдастырылған жарысқа Ақтөбе, Атырау облыстары мен Түркістан, Талдықорған, Шымкент, Қызылордадан 8 команда қатысты.
Жарыстың ашылуында облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Алмасбек Есмаханов БАҚ өкілдерінің басын қосқан турнир мақсаты журналистер арасындағы әріптестік қарым-қатынасты нығайтып, саламатты өмір салтын насихаттау екенін атап өтті.
Турнирдің алғашқы ойыны Жетісудан келген тілшілер мен шымкенттік журналистер арасында өтті. Былтырғы жеңімпаз Талдықорғанның «Қарекеті» биыл да бабында екен. Одан кейінгі ойында түркістандық әріптестермен ойнаған Қызылорданың «Ақмешіті» басым түсті. «Атырау-Ақпарат» пен ақтөбелік журналистер арасындағы ойын да тартысты өтті.
Дәстүрлі додада «Қарекет», «Атырау-Ақпарат», «Ақмешіт» және «Қаламгер» командалары іріктеліп шықты. Финалда атыраулық әріптестерінен басым түскен «Қарекет» командасы Қызылорда облысы әкімінің кубогі үшін өткен республикалық турнир чемпионы атанып, облыс әкімінің арнайы кубогі мен 1 000 000 теңге иеленді.
Екінші орын тұғырындағы «Атырау-Ақпарат» командасына 700 мың, қола жүлдегер атанған қызылордалық «Ақмешіт» командасына 500 мың, «Қаламгер» командасына 150 мың теңге ынталандыру сыйлығы табысталды.
Бұдан бөлек жақсы ойын көрсеткен әріптестерге «Үздік шабуылшы», «Үздік қорғаушы», «Үздік қақпашы» және «Үздік ойыншы» аталымдары бойынша арнайы кубок пен қаржылай жүлделер тапсырылды.
ҚЫЗЫЛОРДА