Оңтүстік астанада жұмыссыз жастардың азаюына жобалық кеңсе аясында ашылған комьюнити орталықтардың жұмысы ықпал етіп отыр. Жастардың әлеуетін толыққанды іске асыру, сондай-ақ жастарға атаулы көмек көрсету мақсатында жобалық кеңсе аясында ашылған 8 комьюнити орталық жұмыс істеп жатыр. Мұнда күн сайын келетіндер саны 300-ден асады. Мегаполис басшылығы келер жылдың соңына дейін комьюнити орталықтардың санын екі есеге дейін арттыруды көздеп отыр.
Әрбір комьюнити орталықта қоғамдық кеңістік, психологиялық, заң көмегі, жұмысқа орналастыру, кәсіптік бағдар беру, кәсіпкерлік мәселелер бойынша кеңес беру, сондай-ақ жастар идеясын жеделдетуге арналған коворкинг аймақ бар. Мұндай орталықтарда жыл басынан бері 750-ден астам іс-шара өткізіліп, 30 мыңнан астам жас қатысқан. «Онай» картасы негізінде комьюнити орталықтардың резиденттері үшін клубтық карточкалық жүйе енгізілген. Қоғамдық көлікте пайдаланумен қатар картада тамақтану, спорттық және мәдени инфрақұрылымдарда, шеберлік дәрістеріне және басқа да әлеуметтік іс-шараларға қатысу барысында дисконт жеңілдігі қарастырылған.
Жақында қала басшысы Ерболат Досаев Жетісу ауданында орналасқан осындай орталықтың жұмысымен танысып, әр ауданда ашылып жатқан комьюнити орталықтар жұмысының оң нәтиже беріп жатқанын атап өтті. Нәтижесінде, осы жылдың бірінші тоқсанында 9 мыңнан астам азамат жұмысқа орналасып, осы кезеңде жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 5,2-ден 4,6 пайызға төмендеген.
Жалпы ауданы 645 шаршы метр жаңа ғимаратты салуда инклюзивті қадамдар ескеріліпті. Заманауи креативті қоғамдық кеңістікте жастар мемлекеттік бағдарламалар бойынша кеңес алып, психологиялық және заңгерлік көмекке, жаңа мамандық алу бойынша қысқамерзімді курстардан өтуге мүмкіндік алып, мәдени және спорт алаңдарында бос уақытын тиімді өткізетін болады.
Бүгінде Алматыда тұрып жатқан 14-35 жас аралығындағы жастардың саны 680 мыңға жуықтайды. Олардың 60 мыңға жуығы Жетісу ауданында тұрады десек, жұмыссыз жастардың үлесі 6 пайыз. Комьюнити орталығы мамандарының айтуынша, жастарды әлеуметтендіру жұмыстары қаншалықты тартымды болған сайын, олардың қоғамдық өмірге белсене араласуы да соғұрлым нәтижелі болатыны анық. Қалада жастарға арналған 30-дан астам демалыс орталығы да жаңартылған.
АЛМАТЫ