Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 2023 жылдан бері іздеуде жүрген У. есімді азаматты ұстады, деп хабарлайды Egemen.kz ANTIKOR телеграм-арнасына сілтеме жасап.
Ұсталған азамат бұрын сот үкімімен тәркіленген үш үй мен екі пәтер түріндегі мемлекеттік мүлікті жымқырды деген күдікке ілінді.
Алаяқтық Алматы қаласы бойынша әкімдік пен ҰҚКД лауазымды адамдарының қатысуымен бақылаудағы адамдарға жалған төмен бағамен және белгіленген сауда-саттықсыз жылжымайтын мүлікті сату жолымен жасалған.
«Осы жылдың 14 маусымында Бішкек қаласында У. азаматы ұсталғаннан кейін ол Қырғыз Республикасы ІІМ қызметкерлеріне жеңілдетілген рәсімдер бойынша өз еркімен Отанына оралуға дайындығы туралы хабарлады. Сол күні Алматы қаласы прокуратурасының үйлестіруімен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қызметкерлерінің сүйемелдеуімен У. азаматы Қырғыз Республикасының шекарасынан өтіп, Алматы қаласына жеткізілді», делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.