• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Алматы 01 Шілде, 2024

Алматыда жол жүру ақысы қымбаттауы мүмкін

146 рет
көрсетілді

Алматыда қоғамдық көлікте жол жүру ақысын 20 теңгеге көтеріп, қолма-қол төлем ақысын алып тастау мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Қала әкімдігі қаулысының тиісті жобасы талқылау үшін «Ашық НҚА» сайтында жарияланды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қалалық мобильділік басқармасы 80 теңгелік тариф 2011 жылдан бері өзгермегенін, тек былтыр ғана 20 теңгеге көтерілгенін атап өтті. Қазір Алматыда қоғамдық көлік тарифінің құны банктік аударым арқылы төлеу кезінде 100 теңге, қолма-қол төлеу кезінде 200 теңге болып белгіленген.

Бұл ретте басқарма биылғы жылы қоғамдық көліктерде жол жүру ақысы орташа есеппен 310 теңгені құраса, кейбір бағыттар бойынша 400 теңгеге жеткенін баса айтты. Осыған байланысты тасымалдаушыларға төленетін субсидия көлемі жыл сайын артып келеді. 2023 жылы 68,7 млрд теңге бөлінсе, 2024 жылы субсидиялаудың болжамды көлемі 97,3 млрд теңгеге дейін өсті. 

«Қала тасымалдаушылары қолданыстағы тариф тасымалдаушылардың автобустарды сатып алуға, жаңартуға және уақтылы қызмет көрсетуге, сондай-ақ жүргізушілердің жалақысын көтеруге жұмсаған шығындарын өтемейтінін алға тартты. Тасымалдаушыларға және жергілікті бюджетке жүктемені ішінара азайту мақсатында қалалық қатынастарда жолаушылар мен багажды автомобильмен тұрақты тасымалдауға тариф белгілеу туралы қала әкімдігі қаулысының жобасы дайындалды. Жоба жол жүру тарифін 120 теңгеге дейін көтеруді көздейді. Тиісінше, азаматтардың жеңілдетілген санаттары үшін жол жүру құны тарифтің 50 пайызын құрайды», делінген басқарманың таратқан хабарламасында.

Сонымен қатар қоғамдық көлікте жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қолма-қол ақшамен төлеу ақысы алынып тасталады.