ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиньнің мемлекеттік сапары кезінде Қазақстан БАҚ-тарында «Си Цзиньпиньнің сүйікті қанатты сөздерінің» үшінші маусымы қазақ тілінде эфирге шығады.
Үшінші маусымда ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинь сөйлеген сөздерінде немесе мақалаларында қолданған, негізінен бірлікте өркендеу, экологияны қорғау, мәдени құндылықтарды мұра етіп қалдыру, өркениет әралуандығы секілді тақырыптарды қамтитын көне қытай аңыздарындағы, тарихи және философиялық трактаттарындағы дерексөздер жинақталған. Циклден қытай көшбасшысының мемлекет басқаруда қандай идеяларды басшылыққа алатыны, оның өткен мен бүгінге көзқарасы қандай екені айқын аңғарылады. Бағдарламалар циклі шетел аудиториясына, соның ішінде Қазақстан көрермендеріне Қытай саяси ой-санасының бастаулары мен даму жолдарын, тарихи мәнмәтіні мен қытай үлгісіндегі жаңғырулардың мәдени түп-тамырларын және де Қытайдың дамуы қазіргі әлемге не беретінін түсінуге мүмкіндік туғызады.
Қазақ тіліндегі нұсқасында екпін мәдениеттердің көпқырлылығына, бейбіт қатар өмір сүруге, тағдырлар ортақтығына түсіріліп, Си Цзиньпиньнің адамзаттың біртұтас тағдырлы қоғамдастық құрудағы идеялары мен елдердің «Бір белдеу – бір жол» бастамасы аясындағы өзара іс-қимылы нақты көрсетілген. Мысалы, дерексөздердің бірі «Үшпатшалық хроникасы» жылнамасынан алынған. Оның аудармасы мынадай: «Дәмі тіл үйіретін сорпаның сыры – түрлі дәмдеуіштердің үйлесімінде». Ол түрлі елдің сан қилы тарихи жолдары мен ұлттық ерекшеліктері, этностық сипаттамалары мен дәстүрлері алуан мәдениеттер мен өркениеттер туындатып, дүниені бай әрі көпқырлы ете түскенін атап көрсете келіп, Қытайдың өркениеттер әртүрлілігіне көзқарасын білдіреді.
«Си Цзиньпиньнің сүйікті қанатты сөздерінің» үшінші маусымы қазақ тілінде «Атамекен Бизнес» телеарнасының эфирі мен басқа да медиаплатформаларда көрсетіледі. Сондай-ақ жоба «Деловой Казахстан» газетінде, «Караван», Lada.kz, Baigenews.kz интернет-порталдарында және басқа ақпарат көздерінде жарияланады.