ауылдарында тау-тас қопарған кәсіпорындар экологиялық талаптарға сай болуы керек
Екібастұздың Құдайкөл мен Құлакөл, Қарасор ауылдарының тұрған жері тас пен құмға толы. Қатар орналасқан қос ауылда әк тас, қиыршық тас, шағыл тас, құм өндіретін «Адина», «АТА-И-АCompany», «Асфальтбетон» «Геодезия и картография-ПВ» аталатын бірнеше серіктестіктер жұмыс жасайды. Қаптаған кеніштер. Өндірісті ауылдар. Ауылдар жұмыссыз емес. Ауылдық аумақтардағы инфрақұрылымды дамыту мақсатында мысалы, Қарасор кен байыту комбинаты кірпіш зауытының құрылысын жүргізуде. Негізгі цех дайын тұр. Қазір кірпіштерді кептіретін, күйдіретін цехтар салынуда. Кен-байыту комбинатының директоры Төлеген Анабаевтың айтуынша, комбинат бұған дейін саз бен құм қазумен айналысты. Кірпіш сапасы Омбыда зертханалық тексерістен өтіпті. Кірпіштер 1500 градустық ыстыққа төзімді. Бұл, металлургиялық өндіріс орындары зауыттың негізгі тұтынушылары болады деген сөз. Кәсіпкер жылына 30 миллион дана кірпіш шығаруды межелеп отыр. Кірпішке өз елімізден, Ресейден сұраныс көп. Негізінде, құм мен балшықты ашық әдіспен қазып алып, әрі қарай пайдалану мақсаттарына байланысты түрлі сұрыптарға бөледі. Құм негізінен металлургия, машина жасау өндірісінде қалып жасауға, пескоблок, кеспе тас, су ағар, бордюр құюға да пайдаланылады. Арнайы байыту жолымен шыны өндіруге де болады. Тек қондырғылар болмай тұр. Серіктестіктен жылына 200 мың тоннаға дейін құм босатылады. Комбинат ауыл тұрғындарын еңбекақысы жоғары жұмыспен қамтып отыр. Әр кірпіштің бағасы 23 теңгеден. Зауыттан 33-35 теңгеден жіберіледі. Зауыттың құрылысына 107,5 миллион теңге көлемінде инвестиция құйылды. Ал, Құдайкөлде жаңа технология жүйесімен әйнек шығаратын зауыт салмақшы кәсіпкер құрылыс заттарын әкеп те қойыпты. Осыдан 4-5 жыл бұрын Құлакөл ауылына сол кездегі Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев келіп кәдімгідей жиын өткізгені де бар. Біз келесі келген Құлакөл ауылы Теміржол ауылдық аумағына қарайды. Жұмысшы-теміржолшы, кеншілер тұрады. Мұнда да сол, бұрқ-бұрқ тас қопарған, құм қазған кәсіпорындар. Әрлі-берлі жүрген машиналар, басқа толып жатқан техникалар. Қызу жұмыс. Қайнаған тірлік. Бірақ, мәселенің мәнісі неде?..
– Ауылға жұмыс көзі болғанымен, қоршаған ортаға едәуір зияны тиіп тұрғаны мазалайды. Кеніштерден ұшатын шаң-тозаң зиян. Желсіз күндері қап-қара шаң басып кетеді. Кеніштердің қазу-тасу жобаларының басқадай жолын табуға болмас па екен? – дейді тұрғындар өтініштерін айтып.
Біздің ойымызша да тұрғындарға арнайы өтемақы төлеу немесе кәсіпорындарға экологиялық талапты күшейткен дұрыс сияқты. Екібастұздың өзіндегі бірнеше кәсіпорын қазір ауа , қоршаған ортаны ластағандары үшін заң алдында жауап беруде. Ауылдардың малын да, адамын да улауға жол беруге болмайды. Жарқыратып мешіт салып берген кәсіпорындарға рахмет, енді әрі қарай жалғастырып, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін ескерсе. Кіреберіс ауыл жолдарымен қиыршық тас, құм тасымалданады, сондықтан ауылдағы жолды сақтау, жасау, күту кеніштердің мойнында. Ауылдықтар айтқандай, кен қазып, тас қопармас бұрын қоршаған ортаға зиян тимейтіндей жобалар жасалуы тиіс еді. Шетелдік жаңа технологиялар қажеттігі ауа тазалығы үшін, адамдар денсаулығы үшін керек. Биыл ауылдарда «Ақ бұлақ» бағдарламасы арқылы геологиялық барлау жұмыстары жасалып, әр үйге су келетіндей құбырлар тартылмақшы екен. Ауылдар күнделікті қалаға 3 тонна сүт апарып тұрады. Арнайы машина бар, литрі 100 теңгеден. Тұрғындардың өздерінде, мысалы, ауылда 104 үй болса, соның 80-і жеңіл көлік мінеді екен. Ауылдарға 5 дүкен, 1 қоғамдық тамақтандыру нысаны, 1 наубайхана қызмет көрсетеді. Шағын және орта кәсіпкерлікпен 46 адам айналысады. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі шеңберінде «Маралова» атты жеке кәсіпкерлік әлеуметтік дүкені ашылған. Мал жетеді. Дастарқан мол. Мысалы, Сембай Мәкеевтің «Тасболат» ШҚ-да 500 қой, 130 ірі қара мал, Омаров Серіктің «Әбілмансұр» ШҚ-да 150 ірі қара, 100 жылқы, 200 қойы бар болса, Қайыржан Ысқақовтың «Заман» ШҚ, «Рамазанов» ШҚ-лары әрқайсысы 30 гектардан картоп егетіні бар – 17 ауылшаруашылық құрылымы жұмыс жасайды. Алдағы уақытта «Құдайкөл» шаруа қожалығы 2 мың гектар жерге картоп егіп, көкөніс өсірмекші. Биылғы күзде шаруашылық 30 гектар суармалы алқаптан 450 тонна картоп жинады. Өнімнің 90 тоннасын тұқымға қалдырып, қалғанын Павлодар мен Екібастұз қалаларының сауда орындарына өткізіп, Құдайкөл мен Қарасор орта мектептері асханаларына картоппен көмектесті. Ал, Ерболат Абдуалиев 30 гектар жерге картоп салып, күзде әр гектарынан 240 центнерден өнім жинады. Суармалы егістік жерді ұлғайтты. Бизнес жоба жасап, «Даму» қоры арқылы кәсіпкерлігін кеңейтуде. Флаумм Виктор болса, меншікті тракторымен бүкіл ауылдың шөбін шауып береді. Артылғанын сатады. Ауылда неміс, орыс, украин, молдован, татар, ингуш-чешен, удмурттар дейсіз бе, қазақпен араласып-құраласып ынтымақта өмір сүруде.
Үш ауылда 2 мыңнан артық адам тұрады. Теміржол бойындағы Құлакөл ауылына «Қазақстан темір жолы» АҚ 30 пәтерлі 15 үй салып беріпті. Сырты сәнді болғанымен, үйлер қыста суық көрінеді. Ауылға суды жеткізетін де осы теміржол қызметі. Құдайкөл, Қарасор сияқты Құлакөл де «Ақ бұлақты» күтіп отыр. Былтыр «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы АҚ-қа қарасты «Теміржолсу» мамандары «Мөлдір бұлақ» деген өздерінің бағдарламасы аясында теміржол бекеттерін аралап, сумен қамтамасыз ету нысандарының жайымен танысыпты. Қазір сумен жабдықтау, кәріз құбырлары мен құрал-жабдықтарын жаңарту, нысандарды күрделі жөндеуден өткізу мен судың сапасын жақсарту мақсатында жұмыс жасалынуда. «Теміржолсу-Павлодар» ЖШС-не қарасты облыс көлемінде 22 станса болса, соның бірі – Құлакөлдегі «Майқайың» стансасы. Ауыл тұрғындарының барлығы стансаның, яғни теміржол құдықтарының суын пайдаланады. Біз көрген үш ауылдың тыныс-тіршіліктері жақсы, дастарқан мол, мал-жан аман. Ауылға керегі әлеуметтік жағдайлардың түзелуі – мектептердің күрделі жөндеулері, жылу қазандықтарының жаңартылуы, жол мен су мәселесі. Ең бастысы, кен қазған, тау қопарып, тас өндірген, тау-тау құм үйген кеніштер бар ауылдардың денсаулығына да баса назар аударып, экологиялық ахуалды да сақтауы керектігін ұмытпайық.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Павлодар облысы,
Екібастұз.