Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Қытай Халық Республикасының Мәдениет және туризм министрі Сунь Елимен кездесті. Тараптар екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады.
Қазақстан мен Қытай мемлекеттері арасында дипломатиялық қарым-қатынас осыдан 32 жыл бұрын, яғни 1992 жылдың 3 қаңтарында орнады. Ширек ғасырдан астам уақыт ішінде екі ел стратегиялық әріптес әрі ынтымақтастығы берік елге айналды. Дипломатиялық келісім аясында өзара бірқатар құжатқа қол қойылды. Сәйкесінше, екі ел арасында мәдени алмасулар одан әрі тереңдей түсті.
Кездесуде Аида Балаева төраға Си Цзиньпиннің мемлекеттік сапары және оның ШЫҰ Мемлекеттер басшылары кеңесінің Саммитіне қатысуы елдер арасындағы екіжақты қарым-қатынасқа жаңа серпін беретініне айрықша тоқталды. Сондай-ақ Қытай тарапын Астанадағы Қытай мәдени орталығының сәтті тіркелуімен құттықтады.
– Қазақстан мен Қытай үшін мәдени орталықтардың ашылуы айтулы оқиға болатындығын айта кету маңызды. Осы бағыттағы өзара байланыс болашақта тек қарқынды түрде дамып, екі ел халқы үшін оң нәтиже береді. Бұл мәдени алаң халықтарымыздың бір-біріне жақын болуына мүмкіндік береді деп сенемін, – деді министр.
Отырыста Мәдениет және ақпарат министрлігінің архив саласында, Қытайдағы Қазақстанға қатысты тарихи құжаттар мен жәдігерлерді қайтару бойынша ынтымақтаса жұмыс істеуге дайын екені сөз болды. Өз кезегінде, Қытай Халық Республикасының Мәдениет және туризм министрі бірлесе қызмет етуге әзір екенін жеткізді. Бағдарлама бойынша келіскеннен кейін Қытай тарапы дереу жұмысқа кірісіп, тиісті органдарға құжаттар тапсыратынын айтты.
– Елдеріміздің мәдени ынтымақтастығы халықтарымыз арасындағы өзара түсіністік пен достықты нығайтуда шешуші рөл атқарады. Біз бірлескен мәдени жобалар мен бастамалардың үлкен әлеуетін көріп отырмыз, – деді Сунь Ели.
Кездесу соңында тараптар басқосу елдер арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан әрі дамытуға тағы бір қадам болатынына сенім білдірді.