• RUB:
    5.41
  • USD:
    472.49
  • EUR:
    515.44
Басты сайтқа өту
Қоғам 03 Шілде, 2024

Астанада «Си Цзиньпиннің сүйікті қанатты сөздері» үшінші маусымын қазақ тілінде Қазақстан БАҚ-тарының эфиріне шығару рәсімі өтті

58 рет
көрсетілді

ҚХР Төрағасы Си Цзинь­пиннің Қазақстанға сапары басталған 2 шілде күні Астанада «Си Цзинь­пин­­нің сүйікті қанатты сөзде­рінің» үшінші маусымын қазақ тілінде Қазақ­стан БАҚ-тарының эфи­ріне шығару рәсімі өтті.

Аталған оқиғаға орай Қазақстан Пре­зиденті Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтау хат жолдады. Мемлекет басшысы екі ел арасындағы қарым-қатынас тұрақты көпжақты стратегиялық әріп­тестіктің аса жоғары деңгейіне шығарыл­ғанын жеткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев мәдени және гуманитарлық байланыс­тарды елдеріміз бен халықтарымызды жал­ғайтын заманауи алтын көпір деп атады. Президенттің сөзінше, ШЫҰ саммиті қарсаңында екі ел мәдени орталықтарының ашылуы мен білім беру, ғылым және туризм сала­ла­рында, басқа да бірқатар бірлескен жоба­лардың іске қосылуы үлкен маңызға ие. Қазақстан басшысы екіжақты достық әрі қарай да нығая беретініне сенім білдірді.

Жаңа маусымның ашылу рәсімінде ҚКП ОК Насихат бөлімінің меңгерушісі, Қытай Медиакорпорациясының басшысы Шэнь Хайсюн сөз сөйледі. Ол Қытай мен Қазақстан ортақ таулар мен өзендер байланыстырған жақсы көр­шілер, жақсы достар және жақсы әріп­тестер екенін айтты. Сондай-ақ ол ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин бірлескен Жібек жолының Экономикалық белдеуін құру бастамасын алғаш дәл Қазақстанда ілгерілеткенін еске салды. Және де 11 жыл бедерінде екі елдің «Бір белдеу – бір жол» құрылысын бірлесіп салуда айтарлықтай табысқа қол жеткізе алғанын айтты. Шэнь Хайсюн Қытай Медиакорпорациясы әлемдегі жетекші БАҚ-тың бірі бола отырып, қашанда Қытай мен Қазақстан халықтарын жақындастыруға ықпал етуге ұмтылғанын мәлімдеді. Қытай Ме­диакорпорациясы басшысының сөзіне қарағанда, «Си Цзиньпиннің сүйікті қанатты сөздерінің» жаңа маусымы Қытай көшбасшысының қытай өркениетінің қайталанбас рухын, жаңа дәуірдің маңызы мен жаһандану құндылықтарын терең түсінетінін айғақтайды. Шэнь Хайсюн қытай классикасының даналығы басқа елдер көрермендеріне де қолжетімді болатынына, ал Қазақстан тұрғындарының Қытайдың өткені, бүгіні мен келешегі туралы көбірек біліп қана қоймай, Қытайдың бүкіл адамзаттың бейбіт дамуына ұмтылысының алғышарттарын түсінетініне сенім білдірді.

Қазақстанның саяси топтары мен БАҚ өкілдері бағдарламалар циклінің көрсетілімдері басталуын тағатсыздана күтіп отырғандарын мәлімдеді. Сондай-ақ олар «Си Цзиньпиннің сүйікті қанатты сөздерінің» жаңа маусымы Қазақстан көрермендеріне Қытайды жақсырақ танып-біліп, қытай мәдениетінің барлық тамаша қырларын сезінуге мүмкіндік беретінін атап өтті. Бұған қоса олар екі ел бұқаралық ақпарат құралдары арасындағы ынтымақтастық тек кеңейе түсетініне, мұның қытай-қазақ достығы негіздерін нығайтуға септігін тигізетініне сенім білдірді.

«Си Цзиньпиннің сүйікті қанат­ты сөздерінің» үшінші маусымы қазақ тілінде «Атамекен Бизнес» теле­арнасының эфирі мен Қазақстанның басқа да медиаплатформаларында көрсетілетін болады. Онда ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин сөйлеген сөздерінде немесе өзінің мақалаларында қолданған қытайдың классикалық туындыларынан, көне аңыздарынан, тарихи және философиялық трактаттарынан дәйексөздер жинақталған. Олар Қытай көшбасшысының саяси даналығын, тарихи үрдістер мен дүниетаным туралы түсінігін айғақтайды.