• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 03 Шілде, 2024

Ауыл кәсібін серпілтетін бастама

81 рет
көрсетілді

Мәжіліс депутаты, «Amanat» фракциясының мүшесі Мұрат Әбенов «Ауыл аманаты» жобасы аясында несие алып, кәсібін бастаған Сыр елінің бірқатар азаматымен кездесіп, өндіріс орындарын аралады.

«Ауыл аманаты» – ауыл хал­қының әл-ауқатын жақсартуға және әлеуметтік мәселелерін ше­шуге бағытталған біре­гей жо­ба. Жылдық 2,5 пайызбен жеңіл­детіл­ген несие азаматтарға идея­ларын жүзеге асыруға, өз ісін ашуға және жұмыссыздықты азай­­­туға мүмкіндік береді. Осы мақ­­­сатта өткен жылы респуб­ли­­­ка­­лық бюджеттен өңірге 3 млрд теңге бөлініп, 406 жоба несие­лендірілген.

Ақсуат ауылдық округінің тұрғыны Алма Ысмайлова осы жоба аясында несие алып, қазір жылыжай шаруашылығын дамытып келеді.

– Ата-бабамыз егіншілікпен айналысқан. Ұмыт болып қалған дәстүр­ді осы «Ауыл аманаты» жобасы аясында несие алып, жүзеге асырып отырмыз. Жоба кәсіп ашамын деген адамға үлкен көмек. Қазір жы­лы­жай кәсібінің қыр-сырын толық игеріп алдық. Алдағы уақыт­та қияр өнімін өсіріп қана қой­май, оны әрі қарай терең өңдеу, консервілеу, маринадтау жұмыс­тарын да қолға алсақ, – дейді Алма Ысмайлова.

Алма Ысмайлова жоба аясында 7 млн теңге қаржы алған. Бұл қаржыға жылыжай құрал­дарын сатып алып, қияр өсіру­мен ай­налысып келеді. Жылына 3 тон­­на қияр өндіріп отырған ша­руашылық иесі алда­ғы уа­қыт­та жылы­жай көлемін ұлғайту­ды да жоспарлап отыр.

Мұрат Әбенов кәсіпкер Сәр­сен­күл Аралбаеваның шұлық цехында да болды. Жеке кәсіпкер «Ауыл аманаты» жобасы аясында өткен жылы 5 млн теңге несие алып, шұлық өнімдерін шығаратын құрал-жабдықтар сатып алған. Қазір үйінің алдынан шағын цех жұмыс істеп тұр.

– Жобаның мүмкіндігі жоға­ры. 2,5 пайызбен аласың әрі төлем каникулы да қарасты­рылған. Бүгінгі күні 1 азаматты жұмыспен қамтып отырмын. Күніне 200, 300 кейде 400 шұ­лық шығарамыз. Алайда бағдар­ламада өнімді сату мәсе­лесі де қарастырылса дейміз. Яғни әлеуметтік дүкендерде сатуға рұқсат берілсе, – дейді кәсіпкерлер.

Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов кәсіпкердің өтініші бо­йынша бұл мәселе алдағы уақытта ескерілетінін атап өтті.

– Жалпы елді аралап жүр­генде жобаға қызығушылар өте көп. Бұл халықты еңбек етуге, табыс табуға ынталандырып отыр. Сондықтан жобаны насихаттауды күшейту керек. Осындай жобалар туралы кең ақпарат алу үшін арнайы платформа әзірлеу қажет. Екіншіден, кәсіпкерлер жобада өндірген өнімді сату мәселесі қарастырылса, әлеуметтік дүкен­дерде сатуға рұқсат берілсе дейді. Расымен де әлеуметтік дүкендерде «Ауыл аманаты» жобасы аясында өндірілген» деген сөре неге болмасқа. Алдағы уақытта осы мәселелер бойынша жауапты органдармен жұмыс істейміз, – деді Мәжіліс депутаты.

Халық қалаулысы сондай-ақ жоба аясында іске қосылған көрпе тігу цехының жұмысымен де танысты.