• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Президент 03 Шілде, 2024

Қытайда 4 мыңнан астам қазақ студенті білім алып жатыр

120 рет
көрсетілді

Қасым-Жомарт Тоқаев Си Цзиньпинмен ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты жандандыру мәселесін талқылады, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Бұл салада табысты жүзеге асқан бірлескен жобалар бар. Егіншілікте smart жүйесін қолдануға, су ресурстарын ұтымды пайдалануға және ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге айрықша назар аударылады. Осы орайда Қытайдың тәжірибесі мен технологияларын қолдануға, нақты инвестициялық жобаларды бірлесе жүзеге асыруға мүдделіміз. Былтыр Қазақстанның Қытайға экспорттаған ауыл шаруашылығы тауарлары 2 есе өсіп, 1 миллиард долларға жетті. Қытай нарығына сапалы әрі табиғи ет өнімдерін, майлы және дәнді дақылдар экспортын ұлғайтуға мүдделі екенімізді атап өттік. Бұл ретте Қазақстан астығын 2 миллион тоннаға жеткізуге дайынбыз. Осы саладағы ықпалдастықты кеңейту шараларын қолдағаны үшін Төраға Си Цзиньпин мырзаға ризашылығымды білдіремін», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, екі ел арасында ғылым және білім саласындағы ынтымақтастық та нығайып келеді. Қазіргі таңда Қытайдың жоғары оқу орындарында 4 мыңнан астам қазақ жастары білім алып жатыр.

«Қазақстан техникалық мамандар даярлау мәселесіне баса мән береді. Бұған Қытайдағы әріптестеріміз қолдау көрсетіп отыр. Аталған саладағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға келістік. Қытай Төрағасының сапары аясында екі тарихи оқиғаның куәсі болдыңыздар. Біріншісі – «Астана» Халықаралық университетінің жанынан Бейжің тіл және мәдениет университетінің филиалы ашылды. Сондай-ақ бүгін құрметті Си Цзиньпин мырзамен Қазақстанда екінші «Лу Бань шеберханасын» ашуға келістік. Бұл тиімді әрі маңызды жоба елімізде жоғары кәсіби мамандар даярлауға мүмкіндік береді. Қытайдың жоғары оқу орындарында білім алғысы келетін қазақ жастарының саны артты. Бұл тұрғыда үкіметтік грант санын көбейту, Қазақстан аумағында Қытайдың озық техникалық университеттерінің филиалдарын ашу мәселесіне арнайы тоқталдық», деді Мемлекет басшысы.