Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевпен кездесу өткізді. Қазақстан Президенті ШЫҰ саммитіне құрметті қонақ ретінде қатысқаны үшін Ильхам Әлиевке алғыс айтты, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорда баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Екі ел басшылары инвестиция, өнеркәсіп, энергетика, көлік және логистика салаларындағы бірлескен жобалардың жүзеге асырылу барысын талқылады. Осы орайда Транскаспий халықаралық көлік бағдарын тиімді пайдалану мәселесіне айрықша назар аударылды.
Ильхам Әлиев дәстүрлі түрде құрмет көрсеткені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, мемлекетаралық байланыстардың барлық бағыты бойынша Астанамен екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға Бакудің бейілді екенін растады.
Ильхам Әлиев Әзербайжан мен Армения арасындағы келіссөздер үдерісіне атсалысқаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты. Сондай-ақ Қазақстанның әлемдік қоғамдастықтың лайықты мүшесі ретінде аймақта ғана емес, халықаралық аренада да маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
Әңгімелесу барысында сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі тереңдету перспективалары қарастырылды. Сонымен қатар халықаралық ұйымдар аясындағы ықпалдастықты одан әрі дамыту мәселелері жөнінде пікір алмасты.
Кездесу соңында екі ел басшыларының қатысуымен «Самұрық-Қазына» АҚ мен Azerbaijan Investment Holding арасындағы Бірлескен инвестициялық қорды басқару туралы келісімге қол қойылды.