Адамзаттың өмір салтын толығымен өзгерте алатын жасанды интеллект бүгінде ең озық инновациялық жобаға айналды. Елімізде бұл саланы дамытуға арнайы стратегиялық құжат қабылдау керектігі айтылды. Алайда осы бағытта қоғам мен мамандар алдында тұрған бірнеше мәселе бар екені анық.
Қазақстан жаһандық инновациялық индекс көрсеткішінде 132 елдің ішінде 81-орында тұр. Бұл өнеркәсіп саласын әлі де дамытып, техниканы нарықтық қолданыста жиілету керектігін аңғартады. Заман талабына сай жасанды интеллект технологиясын бәсекеге қабілетті етуге бірқатар сұраққа жауап табу керек. Енді соған тоқталайық. Біріншіден, отандық роботтехниканы жасайтын маман бар ма? Елімізде жасанды интеллект саласындағы маңызды мәселенің бірі – білікті мамандардың жетіспеушілігі. Осы салада тиімді іс атқаратын жұмыс күшін дамыту үшін көбірек мамандандырылған бағдарлама мен оқыту курсы қажет. Өйткені білікті мамансыз жаңа әзірлемені жасап, оны қолдану мүмкін емес. Екіншіден, жасанды интеллектіні құрастыруға ғалымдарға жағдай жасалған ба? Атаулы саланың толық дамуы үшін ресурс, мамандандырылған зертхана және техникалық қолдау керек. Бұл өз кезегінде мамандарға еркін жұмыс істеп, ойдағы идеяны жүзеге асыруға септігін тигізеді. Ғылымға құйылған қаржы – болашаққа тартылған инвестиция. Үшіншіден, құпиялық пен деректер қауіпсіздігі мәселесін де ескерген жөн. Жасанды интеллект қоғамның барлық саласына ену арқылы жеке тұлғадан бастап, мемлекет туралы барлық деректі қамтиды. Егер бір функциядан қате кетсе, мәліметтер базасы бәріне қолжетімді болады. Ал ол кибершабуылдаушылар үшін таптырмас мүмкіндікке айналады. Сондықтан елдегі киберқылмыс өршімеуі үшін деректі қорғауды қатаңдату керек. Төртіншіден, этикалық және құқықтық мәселелер. Жасанды интеллектіні дамыту және енгізу этика мен заңдылық мәселелерін де туғызады.
Деректерді қорғау, алгоритмнің ашықтығы және жасанды интеллект жүйелері қабылдаған шешімдер үшін есеп беруді қоса алғанда, әртүрлі салаларда ЖИ пайдалануды реттеу үшін тиісті заңдар мен ережелерді әзірлеу қажеттігі де туындайды. Тіпті бұл бағытпен айналысатын ғалымдарды біріктіріп жобаларды жасау үшін арнайы басшылықтың керек екендігі де айтылып жүр. Ғалым Алтынбек Шәріпбайдың пікірінше, елімізде жасанды интеллект министрлігін ашу керек. Ол бүгінгі Ғылым және жоғары білім министрлігінен тәуелсіз мекеме болуы шарт екен. Жаңа министрлік арнайы команданың жұмыс барысын қадағалап, сапалы техникалардың пайда болуына мүмкіндік береді. Бұған дейін мұндай министрлік Біріккен Араб Әмірлігінде құрылған еді. 2017 жылы қалыптасқан мекеме AI-ға инвестиция салу арқылы үкіметтің тиімділігін арттыруға және инновациялық, жоғары өнімді ортаны құруға бағытталған. Сонымен еліміз жасанды интеллектіні дамыту мен енгізуде бірнеше қиындықпен бетпе-бет келеді. Бірақ атаған мәселелерді оңтайлы шешу жаңа мүмкіндіктердің көзіне айналуы мүмкін. Білікті кадрларды дамытуға, сәйкес инфрақұрылымды құруға және жаңа технологияларды ел өмірінің әртүрлі саласында сәтті пайдалану үшін лайықты стандарттарды дамытуға назар аудару қажет деп ойлаймын.
Би-Фатима ЕРАЛХАНҚЫЗЫ,Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті