«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы басталған сәуір айынан бері Шымкентте бірнеше сенбілік ұйымдастырылды. Қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының мәліметі бойынша, сәуір-мамыр айларында шаһарда өткен сенбіліктерге 163 мыңға жуық адам қатысты.
Сонымен қатар жалпыға бірдей қалалық тазалық науқанына 1 286 өндірістік, кәсіпкерлік, 681 әлеуметтік мекеме қызметкерлері атсалысты. Тазалық жұмыстарына қосымша 7 691 дана техника жұмылдырылды. Қаладағы бес аумақтық-әкімшілік – Әл-Фараби, Еңбекші, Тұран, Қаратау, Абай аудандары аумағынан 8 мыңға жуық тонна тұрмыстық қалдық шығарылды. Бұған қоса ағаштар мен бұталарды әктеу, санитарлық кесу жұмыстары жүргізіліп, жаңадан ағаш көшеттері егілді. Қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы мамандарының айтуынша, тал көшеттерін егу, санитарлық тазалау жұмыстары шаһарда күзге дейін жалғасады.
Ал қазіргі уақытта Шымкенттегі аумақтарды көгалдандыру мен абаттандыру жұмыстары қолға алынып жатыр. «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясындағы ілкімді істер қалада жыл соңына дейін атқарылады. Осыған сәйкес жергілікті атқарушы билік акцияны ұйымдастырудың кестесі мен іс-шаралар өткізу жоспарын бекітті. Бүгінгі таңда қала аумағында тазалық жұмыстары аталған жоспар аясында күнделікті атқарылып жатыр.
Өткен сенбілікке қаладан 2 мыңнан аса жұмысшы қатысты. Оларға көмекке 150 арнайы техника жұмылдырылды. Шаһар тұрғындарының ішінде ардагерлер, зиялы қауым өкілдері, қоғам белсенділері, түрлі мекеме қызметкерлері, ерікті жастар жасы мен беделіне, қызметіне қарамай тазалық жұмыстарына белсене атсалысып жатыр.
Жоғарыда аталған басқарма мамандарының мәлімдеуінше, әкімдік қала аумағындағы көшелерді 3 санатқа бөліп, жаз айларында екі ауысымнан үш ауысымға ауыстыру (I ауысым
06:00–12:00, II ауысым 12:00–18:00, III ауысым 18:00–00:00) арқылы санитарлық тазалау жұмыстарын күшейткен. Сондай-ақ ауа райының жауын-шашын күндері жекелеген жерлерде су жиналуын болдырмау мақсатында әр ауданнан 20 адамнан құралған ирригациялық тазалау топтары қала аумағындағы ирригациялық жүйелердің жай-күйіне зерделеу жұмыстарын тұрақты негізде жүргізіп келеді. Өз кезегінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында мердігер мекемелер тарапынан да көшелерді тазалауға 50 адамнан тұратын бригадалар құрылды. Олар халық көп жүретін қоғамдық орындар мен аялдамаларды, жол жиектерінің тазалығын тұрақты қамтамасыз ету жұмыстарын күнделікті атқарып отыр.
– Бүгінгі таңда мердігер мекемелер қала аумағындағы қылқан жапырақты ағаш көшеттерін жәндіктерге қарсы арнайы препараттармен дәрілеп, ағаш көшеттерін әктеп, формовка, яғни арнайы пішін беріп жатыр. Соның ішінде шаһардың Қаратау ауданында көгалдандыру мен тазалық жұмыстарын 19 жылдық тәжірибесі бар «Жасыл жер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қолға алған. Айта кету керек, аталған серіктестіктің арнайы техника автопаркі, екі өндірістік базасы, тұқымбағы, жылдық өнімділігі 1,5 миллионнан асатын жеке жылыжайы және бұталарды өсіруге арналған контейнерлік алаңы бар. Мекеменің көгалдандыру саласындағы мол тәжірибесінің арқасында жасыл желектер саны көбейіп, көгалдандырылған аумақтар саны артып келеді, деді қалалық Жайлы ортаны дамыту басқармасының өкілі Жарылқасын Машбек.
Қала тұрғыны Қарашаш Әжібаева да бүкіл еліміз бойынша атқарылып жатқан тазалық акциясына дән риза. Өзінің айтуынша, осынау тазалық науқаны арқылы мегаполистің көптеген аумағы тазарып қалды. Әсіресе көпқабатты үйлердің аулалары мен қала сыртындағы шалғай елді мекендер де абаттанып, келбеті көрікті бола түсті. Акцияның жыл бойы өтетіні қуантады дейді ол. Өйткені жаз бен күз мезгілінде де қаланың тазалайтын аумақтары табылады. Ең бастысы, қарапайым тұрғындардың тазалық науқанын белсенді қолдап тұр.
Бұған елімізде акцияны насихаттау мақсатындағы идеологиялық жұмыстардың оң әсер еткені сезіледі. Өйткені атқарушы билік тарапынан халық арасында тазалық мәдениетін қалыптастыруға, сондай-ақ қала тазалығын сақтауға бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмыстары бұл күндері мықтап қолға алынған. Әлбетте, мұнда, адамдардың бойында табиғатқа деген жанашырлық сезімін ояту, әсіресе өсіп келе жатқан жас ұрпақты қоршаған ортаны таза ұстауға тәрбиелеу мақсаты жатқаны белгілі.
ШЫМКЕНТ