• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Саясат 05 Шілде, 2024

Қауіпсіздік дәнекері

186 рет
көрсетілді

Қазақстанның ШЫҰ-ға мүше болғанына 23 жыл толды. Дүниежүзі халқының 45% халқын құрайтын, ІЖӨ-нің шамамен төрттен бірін жəне əлемдік сауданың 15%-ы тиесілі Ұйымға Қазақстанның мүше болуы бірқатар оң нәтиже алып келді.

Саяси тұрғыдан алғанда, ШЫҰ-ға мүшелік еліміздің ха­лықаралық саясатта өз орнын бекітуге, қауіпсіздік, тұрақтылық пен жүйелі дамуға қатысты ықпалын арттыруға мүмкіндік берді. Қазір әлемдегі саяси-экономикалық тұрақсыздық кезеңінде еліміздің ұйымға мүше болуы өзге елдермен саяси диалог құруға, бейбіт бастамаларды жүзеге асыруға жол ашты.

Экономикалық ынтымақ­тастық тұрғысынан қарасақ, Қа­зақстанның Қытай мен Үндістан тәрізді ШЫҰ-ның экономикалық әлеуеті жоғары мүшелерімен ұйым аясында қарым-қатынас орнатуы екіжақты сауда-саттық байланыстардың нығаюына, елімізге инвестиция тартуға, біріккен жобаларды іске асыруға айтарлықтай септігін тигізді.

Осылайша, ШЫҰ-ға мүше болу Қазақстанның өңірлік және халықаралық контекстегі мүмкіндіктерін айтарлықтай кеңейтеді, оның экономикалық және саяси дамуына ықпал етеді. Сонымен қатар жаһандық мәселелер мен сын-қатерлерді шешудегі рөлін арттырады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құрылғанына 20 жылдан аса уақыт өтсе де ШЫҰ аясында бірде-бір ірі экономикалық жоба жүзеге аспағанын атап өткен еді. Осыған орай инвестициялық қор құру мүмкіндігі ұсынылып отыр. Ұйымның қаржыландыруы ШЫҰ аясында нақты жобалар жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Яғни қаржыландыру Қазақстан мен ұйым мүшелері­нің эко­номикалық дамуына серпін беретін, негізінен серік­тестікті нығайтатын, көлік-тран­зит әлеуе­тін арттыратын жоба­ларға негізделмек. Бұл ретте еліміз зор маңызға ие Транскаспий халықаралық көлік бағдарының дамуына өз үлесін қоспақ.

Қазақстанның төрағалығы нақты ұсыныстар мен тәжі­рибелік маңызы бар шешімдер­ге негізделді. Төрағалық ке­зін­де Қазақстан ұйымға мүше мем­лекеттердің күш-жігерін ШЫҰ-ның 2030 жылға дейінгі экономикалық даму стратегиясын тиімді жүзеге асы­руға бағыттаған еді. Инвес­тициялық қорды құру мәселесі де басты назарға алынды.

Еліміз үшін аса маңызға ие энергетика саласындағы ынты­мақтастықты нығайту жайында бірқатар кездесу өт­кізі­ліп, Шанхай ынтымақ­тас­тық ұйымына мүше мем­лекет­тер­­дің энергетикалық ынты­мақ­тас­­тығын дамытудың 2030 жыл­ға дейінгі страте­гия­­сы­ның бекітілуіне негіз болды. Бұл дәстүрлі энергия көздерін жаң­ғыртып, жаңартылатын энергия көздерін пайдалану саласында инновациялық технологиялар мен ғылымды дамытуда пайда алып келеді.

Биыл 1 ақпанда Қазақстан ШЫҰ цифрлық форумын өт­кізді. Яғни ұйым мүшелері арасындағы сандық теңсіздікті азайтып, электрондық ком­мер­цияны ілгерілетудегі ынты­мақтастықтың нығаюына үлесін қосты.

Қазақстанның бастамасымен 2024 жыл «Экология жылы» болып жарияланып, біраз іс-шара өтті. Осы ретте Астанадағы саммитте ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің үкі­меттері арасындағы қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келі­сім, ауызсу мен санитарлық қауіп­сіздігін қамтамасыз ету туралы мәлімдеме қабылданды.

Құжат әлемдегі саяси-эконо­микалық тұрақсыздық кезіндегі мемлекеттер арасындағы сенім деңгейін көтеру мақсатында қабылданбақ. Бастама барлық тараптың мүдделерін ескере отырып, бейбіт даму жолындағы әділетті шешімдердің қабыл­дануын көздейді. Одан бөлек саммит аясында Астана декларациясы, ШЫҰ-ның 2035 жылға дейінгі даму стратегия­сы және түрлі бағыттарды қамтитын 20-дан аса құжатқа қол қойыл-мақ.

Қазақстанның ұйымды ре­фор­малау үрдісін бас­тауы төрағалық кезіндегі бас­тама­лары аясында атқарған жұмы­сы мен саммит барысында қабыл­данатын құжаттарға тікелей байланысты. Саммитте ШЫҰ-ның 2035 жылға дейінгі даму стратегиясы мен Сыртқы істер министрлері кеңесінің ШЫҰ қызметін жетілдіру бо­йынша ұсыныстарының қабыл­дануы ұйымның одан әрі дамуы­на, құрылымының өзгеруіне алып келеді. Сонымен қатар «Үш зұлым күшке» қарсы 2025–2027 жылдар аралығындағы ынтымақтастық бағдарламасы, ШЫҰ-ның 2024–2029 жылдарға арналған есірткіге қарсы стратегиясы, Энергетика саласындағы ынтымақтастықты нығайту мен Инвестициялық қорды құру тәрізді келісімдер ұйымның тарихындағы жаңа даму дәуірін ашады.

Бауыржан ӘУКЕН, ҚСЗИ Азиялық зерттеулер бөлімінің аға сарапшысы