Жетісуда 9-сынып оқушысы Айсұлтан Сапиев гипстен қазаққа қажет бұйымдар жасап, саудаға шығарып жатыр. Тіпті өзімен қатар балаларды жұмыспен қамтып отыр. Тұтынушылары да аз емес.
Айсұлтан әу баста қарапайым гипс ұнтағына зерттеу жасап, одан не шығаруға болатынын анықтаған. Гипсті құрылысқа, тағы да басқа қажеттіліктерге пайдалануға болады. Соның бәріне тәжірибе жасап, соңында гипстен қыш ыдысқа ұқсас тойбастар қобдишаларын, ақша салатын жәшік, түрлі-түсті қорап бұйымдарын жасап шығады. Бұл заттар тойларда үлкен сұранысқа ие болған.
«Кем дегенде бір тойға 100 қорап жасап береміз. Бұл Талдықорғанда сұраныстың жоғары екенін көрсетеді. Бірақ біз істеп жатқан заттарға көптеген дүкен иелері салмақты көзқараспен қарамайды. Алға қойған мақсатымыз – шаһардағы бүкіл думанды мерекеге өнім ұсынып, тұрғын үйлердің гипс арқылы безендірілетін тұсына атсалысу. Қазірдің өзінде өзіміздің жеке тұтынушыларымыз пайда болып келеді. Осы бағыттан таймасақ әлі үлкен мақсатқа жетеміз», дейді Айсұлтан.
Ең қызығы сол, жас та болса бас болған жас кәсіпкер екі адамды жұмыспен қамтып отыр. Оларға табыстың белгілі бір пайызын төлейді.
Талапшыл өреннің осы іспен айналысуына идея қайдан келгенін айтпай өтпеске болмас. Барлығы оның «Әдеп-құқық жұмысы жөніндегі ментор» жобасының қаладағы №21 орта мектепте ұйымдастырылған сәтінен басталған. Айсұлтан ол жерде «Асар» спорттық-сауықтыру орталығының жетекшісі Елдос Баялышбаевты жолықтырады. Оның өткен сабақ дәрісінен кейін көкейіне идеялар ұялап, ерекше серпін алады. Көп аялдамай, кәсіп ашуға бел шеше кірісіп кетеді.
«Оқушы болсам да қазіргі уақытта ересек адамның айлап жүріп табатын қаржысын тауып жүрмін. Менің бір түйгенім – кәсіпте жанқиярлық қажет. Үздіксіз даму болмаса қоғамның сұранысына сай жұмыс істей алмайсың. Әрине, біз жоқтан бар жасадық демейміз, тек жаңа идеямыздың нәтижесін көріп отырмыз», дейді жас кәсіпкер.
Жас кәсіпкер өзі қатарлы жастардың бос уақытын тиімді пайдалануы маңызды екенін айтады. Көп уақытын ұялы телефонмен, пайдасыз қыдырыс, ойын-сауықпен өткізіп жатқан адамдардан ұлы іс шықпайды. Ел болашағы үшін бүгінгі ұрпақ жан ауыртуы керек деп санайды. Намысшыл өреннің бұл ойына біз де қосылдық.
Жетісу облысы