Алматы облысының полицейлері құны 2 млн теңгелік вейптерді тәркіледі. WhatsApp мессенджері арқылы вейптерді заңсыз сатқандарды облыстық криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері анықтады, деп хабарлайды Egemen.kz Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
«Стоп-алаяқ» ЖПІШ өткізу барысында Киберпол бөлімшесінің қызметкерлері WhatsApp мессенджеріндегі арнаны анықтаған. Арна арқылы электронды темекі сатылып отырған.
«Тәртіп сақшылары екі миллион теңгеге электронды темекі тәркіледі. Электронды тұтыну жүйелерін (вейптерді), хош иістендіргіштер мен сұйықтықтарды сату және тарату фактісі бойынша полицейлер қылмыстық іс қозғады», деді облыстық криминалдық полиция басқармасының бастығы Руслан Смағұлов.
Айта кетерлігі, заңды бұзған адамға екі жүз айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл не сол көлемдегі түзеу жұмыстары не елу тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алу мөлшерінде ірі ақшалай айыппұл салынады.