Бүгінге дейін 275 177 өтінім келіп түсті. Өтінімдер 2024 жылдың 31 тамызына дейін қабылданады, деп хабарлайды Egemen.kz Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бірінші сыныпқа оқушыларды қабылдау бойынша Ақмола, Алматы, Жетісу, Павлодар облыстары 100 пайыз көрсеткішке қол жеткізген. Алдын ала болжам бойынша, 2024 жылдың 31 желтоқсанына дейін 6 жасқа толатын балалар саны 370 мыңнан асады, осылайша олардың бірінші сыныпқа баруға толық мүмкіндігі бар.
«Азаматтарға қолайлы болу үшін қызмет көрсету толығымен автоматтандырылған. Ата-аналар мен балалардың заңды өкілдері өз өтінімдерін еgov.kz электронды порталында, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың ақпараттық жүйелері арқылы тапсыра алады», делінген министрлік хабарламасында.
Бірінші сыныпқа балалар 6 жастан бастап ата-анасының немесе баланың заңды өкілінің өтініші негізінде қабылданады. Өтінімдер демалыс пен мереке күндерінен басқа, дүйсенбіден жұмаға дейін қабылданады.