Парламент Сенатының депутаты Бекболат Орынбеков Жамбыл облысында болған кезде ұзындығы 6,138 км болатын М-1 жылу жүйесін жаңғырту жұмысымен танысты. Депутат құбырлардың тозу дәрежесі 68 пайызға жеткенін, ал қайта құру жұмыстары 19 сәуірде басталып, жыл соңына дейін аяқталатыны туралы хабардар болды.
Депутат Төле би даңғылындағы 11 үйдің қасбеттері мен шатырларын жөндеу жұмысымен, 24 көпқабатты үйдің кескін-келбетін жаңарту барысымен де танысты. Сондай-ақ сенатор Тараз қаласындағы 2023 жылы
7 256 үй сумен қамтамасыз етілген «Құмшағал», «Шөлдала», «Казарма» саяжайларындағы магистралдық су құбырының құрылысын көріп шықты. Қазіргі кезде орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілген халықтың үлесі 97 пайызға дейін өсіп отыр. Депутат барлық жұмысты сапалы орындау мен апаттардың алдын алу үшін инфрақұрылымды жаңғыртудың маңыздылығын атап өтті.
Сенатор Байзақ ауданындағы 45 орындық ауылдық дәрігерлік емдеу мекемесінде, Сарыкемер ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен Көптерек ауылдық округіндегі 90 орындық мәдениет үйінің құрылысын аралады. Жергілікті халықпен кездесу барысында депутат жергілікті атқарушы органдар тарапынан құрылысты қатаң бақылаудың, осы жылы нысандарды пайдалануға беруді қамтамасыз етудің маңызын атап өтті.