• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
Саясат 06 Шілде, 2024

Президент тапсырмаларының орындалуы пысықталды

96 рет
көрсетілді

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Шымкент қаласының мәслихат депутаттарымен кездесті. Кездесу барысында Жолдауда және Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы берген тапсырмаларды іске асыру жолындағы міндеттер, Сенат пен мәслихаттардың бірлескен жұмысының жаңа форматы талқыланды.

Іс-шарада Мәулен Әшімбаев Мемле­кет басшысының бастамасымен елімізде Әділетті Қазақстан құру, мемлекеттілікті нығайту, азаматтардың әл-ауқатын арттыру тағы басқа кешенді реформалар жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Бұл бағыттағы белгіленген міндеттерді орындау барлық мүдделі тараптың белсенді әрі жүйелі өзара іс-қимылын талап етеді. Сондай-ақ аталған салада жұмыстың жаңа форматы қажет.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған реформалардың нәтижесінде әлеуметтік-экономикалық және саяси салада үлкен өзгерістер болды. Билік тармақтарының арасындағы теңгерімділік күшейіп, саяси бәсекелестік артты. Сондай-ақ мемлекеттік институттар кешенді түрде жаңғыртылды. Нәтижесінде, қазіргі таңда ел экономикасының жаңа үлгісін қалып­тастыру үшін дәйекті жұмыстар жүр­гізіліп келеді. Мұндай нақты қадам­дар азаматтардың әл-ауқатын арттырып, өңірлердің дамуына тың серпін береді деп сенеміз», деді Сенат спикері.Мәулен Әшімбаев Парламенттің VIII шақырылымының екінші сессия­сы­ның жұмысы туралы айта келе, Сенат пен мәслихат бірлігінің маңызды басымдықтарына тоқталды. Сонымен қатар Палата спикері заң шығару қызметіне мәслихат депутаттары, сарапшылар мен азаматтық қоғам өкілдері белсенді жұмылдырылғанын атап өтті. Сенат төрағасының айтуын­ша, жергілікті өкілді органдардың ұсыныстары мен бастамалары өңірлерді дамытуға қатысты мәселелерді шешу кезінде маңызды рөл атқаруға тиіс.

«Парламент бұл сессияда 102 заң қабыл­дады. Оның ішінде қоғамдық бақы­лау­ды күшейту, әйелдер мен балалар­дың құқықтарын қорғау, адам саудасына қарсы іс-қимыл сияқты аса маңызды мәселе­лерді қамтитын заңдар бар. Сенатор­лар үнемі өңірлерге барып, жергіл­ікті жерлердегі әріптестерімен бірге тұр­ғындармен кездесіп, өзекті проб­лемалар­ды шешу жолдарын талқылады. Нәтижесінде, Үкіметке және тиісті мемлекеттік органдарға 200 депутаттық сауал жолданды. Алдағы сессия кезінде де бірлескен жұмысымызды осы қарқынмен жалғастырамыз деп сенемін», деді М.Әшімбаев.

Сондай-ақ кездесуде мегаполис­тегі өзекті түйткілдер, нақты айтқанда, инфрақұрылым және логистика мәсе­лелерін шешу барысы талқыланды. Аталған проблемалардың оң шешімін табу үшін республикалық бюджеттен қаражат бөлу мәселесі де сөз болды.

«Шымкентте жедел шешуді қажет ететін маңызды мәселелер бар. Бұл, ең алдымен, Мемлекет басшысының тапсырмасымен халықаралық сауда-логистикалық орталығын салуға қатысты екенін атап өткен жөн. Батыс айналма жолын және басқа да бағыттардағы жолдарды салу да – негізгі міндет. Шым­кент үшін мүмкіндігі шектеулі жандарды оңалту орталығының құрылысы да өзекті. Сондықтан алдағы сессияда респуб­лика бюджетін қараған кезде сенаторлар аталған басымдықтарды, мәслихат депутаттарының ұсыныстарын назарға алады», деді М.Әшімбаев.

Сапар барысында Сенат төрағасы шаһар­дың белсенді жастарымен кезде­сіп, реформаларды іске асыруда және Шымкенттің дамуында жас буынға жүктелетін міндеттер жөнінде айтты. Ол өз сөзінде жас азаматтарды қолдауға арналған шараларға, осы саладағы мем­лекет­тік бағдарламаларға және нақты бағыт­тар бойынша атқары­лып жатқан жоба­ларға да тоқталды. Сон­­дай-ақ жас таланттарға жаңа мүмкін­діктер беретін Сенат жанындағы Сарап­шылар клубы мен Талдау мектебінің қызметі де әңгімеге арқау болды.

«Президенттің бастамасымен Қазақ­станда жастардың білім саласындағы әлеуетін іске асыруға және қызметте өсуіне қажетті жағдай жасалып отыр. Жас буынды баспанамен қамту мәселесі де басты назарда. Өздеріңізге белгілі, биылғы наурызда Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Әділетті Қазақстан идеясымен тығыз байланысты және дұрыс құндылықтар жүйесін қалыптастыруға ықпал ететін «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» тұжырымын жариялады. Бұл қағи­дат­тар, ең алдымен, жастардың бойынан табылуы керек», деді Сенат спикері.

Сонымен қатар сенаторлар қаладағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығына барды. Сондай-ақ олар бұған дейін Палатаның тұрақты комитеттеріне Шымкенттегі «Azala Textile» тоқыма фабрикасының жұмысшыларынан өтініштер келіп түскенін ескеріп, кәсіпорынның қызметімен танысу үшін аталған нысанға арнайы барды.

ШЫМКЕНТ

Соңғы жаңалықтар