• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 10 Шілде, 2024

Төл құндылықтар – тәрбиенің түп қазығы

171 рет
көрсетілді

Елімізде «Игі істер марафоны» бас­тал­ды. Мәдениет және ақпарат министр­лігі «Ұлттық волонтерлер желісі» ЗТБ-мен бірлесе қолға ал­ған бас­таманың мақсаты – отан­дас­та­рымыздың волон­терлік, қайырымдылық іспен айналысуына ықпал ету.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл Атырауда өт­кен Ұлт­тық құрылтайдың үшін­ші отырысында халқымыздың қанында жанашырлық, қам­қорлық, бауырмалдық сынды асыл қасиет­тер­дің барын айрықша атап өтті.

«Қазақстан – бәріміздің қасиетті қара шаңырағымыз. Сондықтан әрбір азамат ел тағдырына өз тағдырындай қарауға тиіс. Біздің күшіміз ынтымақта. Еліміздің әлеуметтік саясаты осы құндылыққа негіз­делген. Мемлекет те, қоғам да көмекке шын мұқтаж адамдарды қол­дауға қашанда дайын. Біздің еріктілеріміздің ерен еңбегі – жанашыр болудың шынайы үлгісі. Олар кез келген сәтте өзгелерге риясыз көңілмен көмектесуге ұмтылады. Бизнес өкіл­дері және басқа да азаматтарымыз түрлі қайы­рымдылық шараларға белсене атсалысады. Бұл да – тілеулес болудың айқын көрінісі», деп Президент іргелі құндылықтардың маңыз­дылығын тағы бір мәрте еске салды.

Осы сабақтастықтың жібін үзбей басталған жоба аясында күнтізбедегі маңызды күндерге, халықаралық және түрлі әлеуметтік, мә­дени тақырыптарға арнал­ған «Жақсылық ап­талығы», жыл сайынғы тақырыптық іс-шаралар өткізу жоспарланып отыр. Бір айта кетерлігі, тақырыптар атауы жыл сайы­н өзгеріп отырады. Бұл әлеуметтік жауап­кершіліктің түрлі салаларына қызығу­шы­лықты арттыра отырып, өзекті мәселелерді қамтуға ұмтылады.

«Игі істер марафонының» алғашқы аптасы экологияға арналады. Жобаға қатысу үшін жасаған игі іс туралы әлеуметтік желілерде ақпарат жариялап, Qazvolunteer.kz онлайн платформасында тіркеуден өтуі қажет.

Марафон қорытындысында ең белсенді қатысушылар Алғысхаттармен және есте­лік сыйлықтармен марапатталады. То­лық ақпарат Qazvolunteer.kz сайтында және әлеуметтік желідегі @kz_nvs және @qazvolunteer.kz парақшаларында жарияланады.