Жазғы каникул күндерінде Ақтөбе облысында қала сыртында 7,мектепішілік 574 лагерь жұмыс істеп, өңірдегі жүз мыңнан астам мектеп оқушысына қызықты демалыс сыйлайды. Облыстық білім басқармасы БАҚ өкілдері үшін баспасөз турын ұйымдастырып, үш лагерьдегі сауықтыру шараларымен таныс-тырды.
Қарғалы өзеніне таяу, табиғаты тамаша жерде «Campit» лагері орналасқан. Тал-теректермен көмкерілген, ауласы ағаш, гүлдерге толы демалыс орнында баскетбол, волейбол, би алаңдары жасақталған. Шахмат, тоғызқұмалақ, дойбы үстелдері, ағаштан қиып жасалған сәнді орындығы бар жазғы күркелер орналасқан. Ұқыпты отырғызылған және әдемілеп қырқылған ағаш-бұталардан, гүлдерден бағбанның шебер қолы білінеді. Лагерь ортасында асханасы, түкпірде бірнеше жатын корпусы орналасқан. Біз барғанымызда би алаңында екінші маусымның жабылу салтанаты өтіп жатты. Лагерьде би, қолөнер, сурет, футбол, спорттық туризм, роботтехника үйірмелері, ағылшын тілін үйрету курсы ашылған. Күнде кешкілік би кеші өтеді, балалар әткеншектері бар арқан саябағында ойнағанды жақсы көреді.
«Әр маусымда 300 баладан қабылдаймыз. Биылғы жазда 2 100 баланың демалысын ұйымдастыруды жоспарладық. Бір баланың демалыс ұзақтығы – 10 күн. Осы айда «Қазақстан халқына» қорының жолдамасымен Ойыл, Шалқар, Хромтау, Қобда аудандарынан келген 382 бала тынығып, жақсы көңіл күймен аттанды. Мен жаз бойы лагерьде боламын. Диетолог маманымыз ас мәзірін, күнделікті келетін айран-сүт, жеміс-жидек сапасын қадағалап отырады», дейді «Campit» жекеменшік лагерінің директоры Айболат Ташпентаев.
Шалқар ауданы ГСК-12 бекетінен келген Батырхан Жүзбай осы жерде демалыс жақсы өтіп жатқанына риза. 5-сыныпты аяқтаған оқушы бұл жерден көп дос тапқан. Хромтау ауданы Никельтау ауылынан келген Әлижан Төлеев та өзіне үйірмелерден көп нәрсе үйренгенін айтады. Балаларға лагерь автобусымен Ақтөбедегі планетарий үйіне барып, жұлдыздарды тамашалау сәті қатты ұнаған. Олар келесі жылы тағы келеміз деп құлшынып отыр.
Екінші аялдаған жеріміз – «Шұғыла» жекеменшік лагері. Қарғалы өзеніне таяу орналасқан демалыс орнының тыныштығын балалардың күлкісі мен дауыстары бұзып тұр. Биыл алты маусымға 2 100 бала келеді деп жоспарланған. Әр маусымда 300 бала сауықтырылады. Демалыс орнын «Арлан-секъюрити» мекемесінің қызметкерлері күні-түні күзетеді. Лагерь қызметкерлері таңғы сағат 5.00-ден жұмысқа кірісіп, түнгі сағат 12.00-ге дейін балалар ұйықтағанша тазалыққа жауапты. Таңғы және түскі демалыстан соң балалар шығармашылық сайыстар мен спорттық шараларға қатысады. Лагерьдің өз бассейні бар. Бұл жерде әр күн бір-біріне ұқсамайды. Демалушылар алты топқа бөлінген. Әр топта екі жетекші, бір тәрбиеші үнемі балалармен бірге. Олар – қаладағы мектеп мұғалімдері мен колледж оқытушылары.
«Ұстаздық тәжірибесі мол, балалармен жақсы тіл табыса алатын педагог мамандарға жазғы жұмысты ұсындық. Олар жылда жаз маусымында бізде жұмыс істейді. «Шұғылаға» жылда келіп демалатын балалар оларды жақсы таниды. Балалар алты рет тамақтанады. Тамақ сапасы санитарлық талаптарға сай. Көпбалалы және атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың балалары білім басқармасының тегін жолдамасымен келеді. Лагерьдің өз медбикесі болса да, медициналық орталықпен келісімшартқа отырдық. Бала өзін жайсыз сезінсе, білікті мамандар келіп қарайды. Әзірше сырттан медициналық көмекке қажеттілік болған жоқ. Демалыс аяқталып, балалар үйлеріне қайтар сәтте бір-бірімен қимай қоштасады», дейді «Шұғыла» лагерінің директоры Мереке Байдрахманұлы.
Пойызбен жеткендерді лагерь қызметкерлері лагерь автобусымен күтіп алса, қала балаларын ата-аналары жеткізеді. «Біздің лагерьге жолдама құны – 95 мың теңге тұрады. Оны көбінесе ірі өндірістік мекемелердің кәсіподақ ұйымдары қызметкерлерінің балаларына сатып алады. Ата-аналар өз қаржысына Ақтөбе қаласындағы Әбілқайыр хан, 1 мекенжайындағы кеңсемізден сатып ала алады. Сайтымыз бен инстаграм парақшамызда жолдама мамыр айынан бастап сатылатыны көрсетіледі. Бүгінде алты маусымға да орын қалмады. Ата-аналар хабарласып, қосымша орын ашсаңыз деп өтініш айтады. Маусым айында Алға, Ырғыз аудандары мен Атырау, Батыс Қазақстан облыстарының оқушылары демалды. Маусымдық тәрбиеші, жетекшілерден басқа, лагерь штатында тұрақты 40 адам жұмыс істейді. Олардың қатарында бағбан, кіші техникалық қызметкер, аула сыпырушы, аспаз, күзетшілер бар», дейді М.Байдрахманұлы.
Қыркүйек туып, балалар мектепке оралған соң лагерь ауласы босап қалады. Осы кезде табиғат аясында отбасымен бір-екі күнге демалып кетушілер сиректеу болса да табылады. Қыста лагерьдің спорт алаңқайы мұз айдыны мен сырғанаққа айналады. Сәуірдегі су тасқынында лагерь корпустары да бүлінді. Іргедегі Қарғалы өзені тасып, лагерь корпусының ортан беліне дейін су басып, бүкіл жиһаз, төсек-орынды шайып кетті. Жер кепкен соң барлық мүлкі жаңартылған.
Ендігі бағытымыз – қаладағы Д. Қонаев атындағы мектеп-гимназиясы. Осы оқу орнында алты маусымға есептелген мектепішілік лагерь ұйымдастырылған. Бір маусымдағы демалыс ұзақтығы – он екі күнге есептелген. «1-сыныптан 7-сыныпқа дейінгі балаларды қабылдаймыз. Олар ертеңгілік сағат 8.00-де келіп, 17.00-де үйлеріне қайтады. Ақылы түрде демалатын оқушыларымыз да бар. Он екі күнге жолдама құны – 29 мың 256 теңге тұрады. Мектепішілік лагерьде бір бала 12 күн өткізеді. Қазір лагерьдің екінші маусымына жазылған балалар бар. Осы маусымда атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың 144 баласы тегін тынықса, 66 бала ақылы түрде демалып жатыр. Төрт рет тамақтанады. Бізде әр күн қызықты өтеді. Мұражай, Жас натуралистер бекеті, «Алақай» қуыршақ театры, «Kinder Land», бассейн, аквапаркқа мектептің автобусымен апарамыз. Жұмыстағы ата-ана да кешкі беске дейін алаңдамайды. Қазір мектебіміздің 39 қызметкері лагерьде жұмыс істейді. Мұғалімдер тәрбиеші болып жүр. Кіші техникалық қызметкерлер аспаздарымызды жұмысқа қабылдадық. Жас ұстаздар жаздық лагерьде жұмыс істеп, тәжірибе жинайды. Қыркүйекте сабақ басталғанда үздік шыққан үш үздік тәрбиешіге арнайы сыйақы беріледі», дейді аталған мектеп-гимназия директорының оқу-ісі жөніндегі орынбасары, лагерь директоры Гүлназ Қадырова. Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназия айналасы тап-тұйнақтай, мектеп шарбағына әртүрлі гүлдер мен қарағай, шырша ағаштары әр беріп тұр. Ұжымның ұстаздары мектептің айналасын өз қолдарымен әсемдеген. Бір ерекшелігі, осы білім ошағында жас ер мұғалімдер көп екен. Олар мектеп тазалығына, көгалдандыруға ерекше мән беріп, бәрін өз қолдарымен жасаған.
Облыстық білім басқармасы қосымша білім беру және тәрбие жұмыстары бөлімінің бас маманы Аяжан Тәжебаеваның айтуынша, «Күншуақ», «Әсем» демалыс орындары жыл бойы, «Campit» «Шұғыла», «Мұнайшы», «Мұғалжар», «Әлия» лагерьлері жаз мезгілінде ғана жұмыс істейді. Әзірше маусымдық үш лагерьдің санитарлық-эпидемиялық рұқсаты бар. «Негізінен ерекше балаларды сауықтыруға арналған «Күншуақ» лагері жаз кезінде әлеуметтік осал топтағы отбасылардың балаларын да сауықтырады. Хромтау ауданында орналасқан «Мұғалжар» лагері Дөң кен байыту комбинаты, «Қазхром» ТҰК» жұмыскерлерінің балаларын қабылдайды. Өздеріңіз көріп отырғандай, «Әсем», Күншуақ», «Шұғыла», «Кәмпит», «Мұғалжар» лагерьлері жұмысын бастап кетті. Сондай-ақ «Қазақстан халқына» қорының «Жаздық жолдама» әлеуметтік жобасы аясында өңіріміздегі 1 147 ауыл баласын сауықтыру жоспарланды. Жаздың алғашқы айында Алға ауданынан – 103, Әйтеке биден – 108, Байғанин ауданынан – 120, Ырғыз ауданынан – 78, Қарғалыдан – 60, Қобдадан – 65, Мәртөктен – 133, Мұғалжардан – 75, Ойылдан – 84, Темір ауданынан – 175, Хромтаудан – 76, Шалқар ауданынан 70 мектеп оқушысы қордың қаржылай қолдауымен лагерьде тынығып қайтты», дейді Аяжан Тәжебаева .
Таяу күндері Қобда ауданының Егіндібұлақ ауылында жаңадан салынған «Әлия» лагері де балаларға есігін ашады.
Ақтөбе облысы