Қар көшкіні салдарынан жоғалып кеткен Билл Стампфлдың мәйітін 22 жыл өткен соң екі америкалық альпинист Перу Анд тауларында тапты, деп хабарлайды Egemen.kz CNN-ге сілтеме жасап.
Ағайынды Райан Купер мен Уэсли Уоррен Билл Стампфлдың мәйітін 27 маусымда Хуаскаран тауынан тапқанын альпинистің ұлы Джозеф Стампфл мәлімдеген.
CNN хабарлауынша ағайынды альпинистер 6768 метрлік шыңға жете алмай, Перудің Кордильера-Бланка тауынан түсіп бара жатып, мәйітті шамамен 5030 метр биіктіктен тапқан.
Р.Купер пейзажға сәйкес келмейтін нысанды байқап, оны зерттемек болған. Оның айтуынша, мәйіт пен заттар, соның ішінде Стампфлдың неке жүзігі, дулығасы, альпинистік етік пен күртесі мұзда жақсы сақталған. Сондай-ақ олар америкалық альпинистің сөмкесін тауып, оның жеке куәлігі, фотоаппараты, төлқұжаты, әмияны мен көзілдірігі бар екенін анықтаған.
CNN мәліметінше оның мәйіті 5 шілдеде таудан түсірілген. Өз кезегінде АҚШ Мемлекеттік департаменті Перуде АҚШ азаматының қайтыс болғанын растады.