Осы жылы еліміздің бірқатар өңірі қарғын судан зардап шексе, жамбылдықтар нөсер жауын салдарынан пайда болған көлбеу ағыннан көресіні көріп отыр. Сәуір айында Жамбыл ауданына қарасты Жасөркен ауылының 30 ауласына су кірсе, енді сарысулықтар толассыз жауған жаңбырдың мехнатын тартты.
7 шілде күні сағат 17.20 шамасында нөсер жауыннан кейін қалыптасқан көлбеу ағын су тау бөктерінде орналасқан тұрғындарды әбігерге салды. Бірқатар аула, біршама үйдің ішіне су кірді. Сарысулықтарды алаңдатқан мәселе жергілікті атқарушы билікті де бейжай қалдырған жоқ. Бірінші күні өңір басшысының орынбасары Қанатбек Мәдібек бастап, жауапты басқарма басшылары қоштап оқиға орнынан табылды. Жағдаймен толыққанды танысты.
Көлденеңнен келген көлбеу ағын Байқадам ауылдық округіндегі Саудакент ауылы тұрғындарының жүйкесіне ши жүгіртті. Бес көшеде ауық-ауық жарық сөніп, бірнеше мәрте қайта жанған.
Жауапты құрылым қызметкерлері олқылықты жою бойынша жұмысқа жедел кіріскен. Нәтижесінде, бастапқыда 50 маман, 17 бірлік техника жұмылдырылып, 11 мотопомпа және дрон қолдану арқылы суды тазарту жұмыстары жүргізілген. Ал «Жаңатас – Саудакент» тас жолы су басу қаупіне байланысты уақытша жабылған.
Келесі күні өңір басшысы Ербол Қарашөкеев оқиға орнына арнайы ат басын бұрып, су алған аулаларды аралады, қалыптасқан жағдаймен танысты, жергілікті жұртпен пікірлесті. Жауапты мамандарға жағдайды жедел реттеу бойынша тапсырма берді.
Жергілікті атқарушы билік бастапқыда 200-ден астам үйдің ауласына, 21 үйдің ішіне су кіргенін хабарлаған болатын. Келесі күні бұл көрсеткіш өзгерген. Нақтырақ айтар болсақ, біршама өскен. Соңғы дерекке жүгінсек, 400-ден астам үйдің ауласын, 47 үйдің ішін су алған екен. Әрине, мамандардың жедел іске кірісуінің арқасында жүйелі жұмыс жүргізілгенін айта кеткен жөн.
«Аймақтағы жағдай назардан тыс қалмайды. Арнайы комиссия құрылып, тұрғындарға тиісті көмек көрсетіледі. Зардап шеккен нысандарға заң аясында қажетті қолдау көрсетуге әзірміз. Біз бұл қиындықты жұмылған жұдырықтай бірге еңсеретініміз даусыз», деді облыс әкімі. Қазіргі кезде Сарысу ауданында жағдай тұрақталғанын айта кеткен ләзім. Адам және мал шығыны болған жоқ.
Жергілікті атқарушы билік келтірген мәліметке сүйенсек, төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері аулалар мен үйлерді тазарту бойынша үздіксіз жұмыс істеп жатыр.
8 шілде күні ымырт үйірілгенге дейін 18 600 текше метр су сорылған екен. Жалпы саны 128 аула мен 47 үйдің іші судан тазартылған. Жаңатас қаласы маңындағы екі елді мекенде жарық қосылған.
Төтенше жағдай жергілікті билікті тағы бір сынап алғаны анық. Жаңатастағы жағдайға тас-түйін дайындықпен барған мамандар қазір қолдан келген жұмысты атқарып жатыр. Барлық материалдық шығынды зерделеу бойынша арнайы жұмысшы топ құрылған.
«Зардап шеккен тұрғындар үшін 105 орындық екі қабылдау пункті әзірленген, оған 12 адам орналыстырылды. Қазір олар өз еркімен үйіне қайтты. «Жаңатас–Саудакент» тас жолы ашық. Төтенше жағдайды жоюға азаматтық қорғау қызметтерінен 282 адам, 64 техника, 35 мотопомпа және 1 ұшу аппараты жұмылдырылған», делінген облыс әкімдігі баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Жамбыл облысында нөсер жауын салдарынан екінші ауданның елді мекен тұрғындары зардап шегіп отыр. Сәуір айында Жасөркенде отыз ауланы су алған болса, Сарысу ауданында төрт жүзден астам аулаға су кірген. Әрине, оңай емес. Алайда тұрғындарға алаңдауға негіз жоқ. Өйткені барлық шығын есептеліп жатыр. Жергілікті билік бұл мәселені жедел шешуге құлықты.
Жамбыл облысы,Сарысу ауданы