• RUB:
    5.41
  • USD:
    472.49
  • EUR:
    515.44
Басты сайтқа өту
Әдебиет 12 Шілде, 2024

Оның жүрек айнасы тап-таза...

249 рет
көрсетілді

Еліміздің мемлекеттік тәуелсіздігі қазақ әдебиетінің барлық жанрында басты тақырыпқа айналды, әсіресе поэзия мен публицис­тикада терең тебіреніспен пайымдалды. Қазақстан тәуелсіз мемлекет, тәуелсіз ел болып жарияланған жылды, тәуелсіздіктің ал­ғаш­қы кезеңін ақындар мен көсемсөз шеберлері қатарында гүлдей жай­нап, күндей балқып толғағандары да, ой бағып ойланғандары да болды.

Қазақтың қазіргі таңдағы көрнекті ақыны, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлы­ғы­ның, М.Мақатаев атындағы, Ж.Нә­жі­меденов атындағы әдеби сый­лық­тардың лауреаты Бауыржан Жақып «Білте шамның жарығы» кітабындағы «1991» атты өлеңінде елінің тәуелсіз мем­лекет құрған жылын тебіреніп жырлады:

«Мың тоғыз жүз тоқсан бір –Бабама болған арман жыл,Басыма бақыт қонған жыл,Қазақтың көкте жұлдызыЖарқырап тұрып жанған жыл».

Тәуелділіктің, бодандықтың, бөг­деге кіріптарлықтың ел мен жердің қабырғасын қайыстырған, оққа бай­ла­ған, отқа салған, аштық пен жоқ­тыққа қамаған қияметінен аман шығып, тәуелсіздік таңының шапағынан ша­пағат көрген ақындық танымның шаттығы көлдей шалқиды.

Ол ақынның «Айдындағы аспан» (Алматы: Атамұра, 1996), «Уақыт ұршы­ғы. Өлеңдер, балладалар, поэмалар» (Алматы: Жазушы, 2004) кітаптарында да, олардан беріде жарық көрген «Абай­дың Қасқабұлағы» (Алматы: Жазушы, 2012), «Шығармалар. Еліккөрген: өлең­дер, балладалар, поэмалар» (Ас­тана: Фолиант, 2013), «Менің далам. Өлеңдер, балладалар, поэмалар» (Алма­ты: Атамұра, 2014) жинақтарында да жарық шашып тұрады.

Ақынның жаңа кітабына да тәуел­сіздік жылдары жазған шығарма­лары­­ның таңдамалылары енген. Ақын өлең­дерінің тууына негіз болған, ақын­ның көңілін тербетіп, көңілін тол­қытқан шындық құбылыстар алуан түрлі. Өмірдің алуан түрлі шындық құбылысын қабылдаудан туған өлең­дердің өзегі тәуелсіздік туралы ойдың нұрымен шырайланады.

Өткен замандардың қилы кезеңде­рін­де қазақтың даласының да, ба­ласының да басынан өткен қияметтер аз болмаған. Ақынның поэтикалық ой­лауының тарихи кеңістігінде тәуелсіз­дік нұры сол қилы кезеңдердің қияметтерін де шарпып өтеді.

Қасқабұлақ – қазақтың ұлы ақыны Абайдың және Бауыржан Жақыптың жарық дүниеге келген жері. Абай өмір­ден көргендері мен сезгендерінен, білгендерінен алған әсері негізінде түйген ойларының жүйесінде: «Мен ішпеген у бар ма?», «Ішім – өлген, сыр­тым – сау», дейді. Елінің, өзінің басын­дағы күйді, адам мен заман жайын ұлы ақын осындай сарында аң­ғартады. Бауыржан Жақып «Абай­дың Қасқабұлағы» өлеңінде ұлы Абай­дың басындағы, Абайдың «қалың елі қазағының» басындағы қилы заман­дардың сызынан қалған күйдің сарынын тәуелсіздік таңының арайымен ажарлайды.

«Абайдың Қасқабұлағы, Қырық өрім таспа бұлағы, Аспанның аспа бұлағы, Отыз жыл ойран салса да, Қырық жыл қырғын болса да, Мөлдіреп жатыр суы әлі, Абайдың Қасқабұлағы!»

Отыз жыл ойран салса да, қырық жыл қырғын болса да, суы мөлдіреп жат­қан Абайдың Қасқабұлағы – ақын­дық алып қуаттан туған тамаша сурет. Оның мәні терең, мағынасы бай. Отыз жыл ойран салса да, қырық жыл қырғын болса да, суы мөлдіреп жат­қан Абайдың Қасқабұлағы – Абай­дың өзінің, Абайдың қалың елінің рухы. Абайдың Қасқабұлағының осы суретінде Абайдың, Абайдың елі мен жерінің, қазақ даласы мен қазақ баласының тарихи шындығы бейнеленген. Ғайыптан бір Ғайып-Ерен келіп көз салса, ол Абайдың суы мөлдіреген Қасқабұлағының омыртқасынан отыз жыл ойраннан қалған отыз жараны, қабырғасынан қырық жыл қырғыннан қалған қырық жараны көрер еді, Абайдың жүрегіндегі қырық жамаудың да сырын сезер еді. Ғайып-Ереннің көрері мен сезерін ақын Бауыржан Жақып «Абайдың Қасқабұлағында» тамаша көркемдікпен, терең поэтикалық тебіреніспен суреттеді.

«Білте шамның жарығы» кітабын­да Бауыржан Жақып Тәуелсіз Қазақстан­ның Көк Туын көкте желбіретіп, ата­ме­кен, туған жер, өскен орта, Отан мерейі туралы отты ойларын, сазды сыр­­ларын тарихи сана мен бүгінгі Тәуелсіздік толқындарының тоғысып тулаған ағыстары арнасында толғайды. «Қазақстаным» өлеңінде:

«Қазақстаным,Тәуелсіз Қазақстаным!Ақ қанат таңның көрдім мен ғажап ұшқанын.Көрдім мен сенің мөп-мөлдір айдындарыңды,Алатау, Алтай, Қаратау – айбындарыңды.Ұлытауыңды көрдім мен,Шыңғыстауыңды,Абайдың жыры оқылған мың қыстауыңды.Гүлденді қазір кең далам иесі болмаған,Жамбылдың қызыл жолбарыскиесі қолдаған.Махамбет сөзі лаулағанҚараойды көрдім,Мағжан боп өзі қаулаған дара ойды көрдім...»

Ақын жырындағы ел мен жер жайының екі түрлі жай-күйі бар. Бірі – Тәуелсіздікке дейінгі жай-күй. Екіншісі – Тәуелсіздік кезіндегі күй. «Махамбет сөзі лаулаған Қараойды көрдім» деген екі жолдың әрқайсысында сұрапыл тарих бар. Махамбеттің лаулаған әр сөзінде Тәуелсіздік үшін күресте қиылған жанның қаны мен тері қалған. «Қараой» тарихының салмағы да зіл-батпан. Тәуелсіздік таңының ақ қанат ажарында осындай да күйдің лебі бар. Екі күй ақынның поэтикалық әлемінің биігінде үркер мен айдай тоғысады. Үркер мен айдай тоғысқан күйлердің сазынан драмалық ахуал сезіледі. Онда өткеннен қалған сыз бен бүгінгі күннен төгілген нұр біртұтас құбылысқа айналған. Нұр мен сыздың тоғысуында шаттық күйі шалқиды. Тәуелсіздіктің шаттық күйінің сазын өзегін өрт шалған өткеннің шырылымен үндес өру – ақынның шығармашылық тұлғасына тән даралықтың белгісі. Ақынның шығармашылық тұлғасына тән даралық оның көркемдік ойлауына, ақындық танымына, шығармашылық өміріне, азаматтық мұратына тән ерекшеліктер негізінде танылады.

«Тұмар» атты бір өлеңінде ақын:

«Мен – рухпын!», дейді. «Мен – рухпын! Жаралғанмын жанған Күннен, Жалыннан, Гун де болып сапар шектім сағымнан. Көк түріктің мәңгі тірі рухымын, Көктегі айға Көк бөрі боп табынған.Тәңірқұты Мөде болып құт тасып, Баламер боп кездім жерді нық басып. Еділ болып уысымда ұстадым, Шығыс пенен Батысыңның тұтқасын.

Бұмын, Білге, Естеми боп өрледім,Тоныкөк пен Күлтегін боп ерледім. Өсиетімді тасқа қашап қалдырып, Сөзбен жудым ұрпағымның жөргегін».

Ақынның айтқан сырында бірде-бір артық леп жоқ. Рас. Шын. Ақын: «Мен – рухпын!» дей отырып, ата-бабалар рухының ұлылығын ардақтайды. Ақынның «Тұмар» өлеңі – ілкі замандарда жасап, елінің еркіндігін, ерен азаматтарының ерлігі мен көрегендігін, адалдығы мен адамдығын ардақтаған, мемлекет тәуелсіздігін қаны мен терін төгіп қорғаған, кейінгі ұрпаққа аманат еткен тарихи тұлғалардың рухына шексіз құрмет көрсетудің поэтикалық үлгісі. Ақын өлеңін өршіл пафоспен аяқтайды:

«Рухпын – мен! Рухымын мен сақтардың, Жүрегімді алау етіп жаққанмын. Қыпшақ болып қылыш алып қолыма, Қарсы келген жаудың басын шапқанмын. Дүбірімен дүниені ояттым, Дүсірлеген тұяғымен аттардың. Кеңдік, Өрлік, Ерлік – осы үшеуін Үшбұрышты тұмар етіп таққанмын».

Не деген қасиетті халық едік. Ақын өлеңі өзінің оқырмандарын осындай ойға қалдырады. Өлеңнің «Тұмар» деп аталуының мәнісі де осы тұста анықталады. Кеңдік, Өрлік, Ерлік.

Осы үшбұрыш – көк түрктің, ілге­ріде өткен ата-бабаларымыздың рухы­ның тұмары. Ақын рухының, ата-бабалар рухының, халық рухының мәні – осы тұмарда. Ақынның өзінің таққаны да, халқынан тапқаны да, еліне ұсынғаны да осы тұмар. Ақынның өлеңінің поэтикалық құндылығы – ондағы рухтың Кеңдігінде, Өрлігі мен Ерлігінде.

Бауыржан Жақыптың Тәуелсіздік жыл­дарындағы шығармашылығының мәні туған жер мен туған елге, атажұртқа деген құрмет пен сүйіспеншілікте, мақтанышта.

«Байтақ елім – сен менің мақтанышым, Әр сөзімнен басыңа бақ дарысын. Қарыздармын мен саған қасиеттім, Арайланып әр таңың атқаны үшін.

Мен – бір сенің жайқалған жапырағың, Шабытымды жел шайқап шақырамын. Бар байлығым – бір жұтым ауаң менен Бір түп жусан, бір уыс топырағың», деп бастайды ақын «Байтағым» деген өлеңін.

Байтақ елінің әр таңының арайланып атқаны – автордың ақындық танымында баға жетпес асыл қасиет. Байтақ елінің әр таңының арайланып атқанынан баға жетпес қасиет тауып, соны ардақ тұтып, соған қанағат ету – құтты білік. Мұндай білік – болмысы асыл, жүрек айнасы тап-таза ақын үшін ғана құт. Бауыржан Жақып – Тәуелсіз Қазақстанның болмысы асыл, жүрек айнасы тап-таза ақыны.

Байтақ елінің бір жұтым ауасы мен бір түп жусанын, содан соң бір уыс топырағын бар байлығына балап, дүние жалғанға бой алдырмай, ақын­дық өмірдің ашық аспанында жұл­дыз жандыруға талпынған, елінің өсер өркеніне айтарын аспай-таспай айтуға, айтып үлгеруге ұмтылған ақын адамзаттың досы, бауыры болуға лайықты. Бауыржан Жақып – адам­зат­тың досы, бауыры болуға лайықты азамат-ақын.

Мен осы туынды туралы «ABAI.TV» арнасындағы «Үр­кер» бағ­дарламасына арнайы қаты­сып, ой-пікірімді білдірген едім. Қазақ­стан Жазушы­лар одағы ұсынған Бауыр­жан Жақып­тың «Білте шамның жары­ғы» өлең кітабы Абай атындағы Мемле­кетт­ік сыйлыққа әбден лайық деп санаймын.

Жанғара Дәдебаев,Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы Абай ғылыми-зерттеу институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор