Режиссер Аруан Анартайдың «Joqtau» дебюттік фильмі Locarno Film Festival халықаралық кинофестивалінің конкурстық бағдарламасына енді. Швейцария кинофестивалі – ең беделді өнер додаларының бірі және әлемдік киноиндустриядағы ықпалы зор бестіктің қатарында.
Локарнодағы 77-кинофестиваль 7-17 тамыз аралығында өтеді. Байқауда бақ сынайтын әр фильм бес ретке дейін фестивальдың 10 алаңында көрсетіледі.
Роуд-муви жанрындағы фильмде қазақ даласының әр түкпіріне сапарға шыққандар туралы баяндалады. Кейіпкерлер түрлі оқиғаны бастан кешіріп, олардың ұстанымдары мен сенімі сыналады.
Фильмдегі басты рөлдерді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Иісбек Әбілмәжінов, көрерменге «Қаш», «Патриоттар уақыты», «Сақтаушы» картиналары арқылы танылған, атышулы «Дәстүр» фильмінде ойнаған Ермек Шынболатов, сондай-ақ аталған фильмде алғаш рет экранға шығатын актриса Ирина Балкова ойнайды.
«Joqtau» фильміне композитор Санжар Бәйтереков қобызбен инструменталды арнайы музыка жазды.
Жаңа туынды Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен түсірілген.