• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 13 Шілде, 2024

Дәстүрге берік ауыл

87 рет
көрсетілді

Бірнеше жыл бұрын еліміздің әр қиырында «Бәлен ауыл алко­гольдік ішімдіктен бас тартты» деген ақпараттар жиі жа­рия­лана бастаған еді. Сол кезде «Бұл бір науқандық әңгіме шығар» деген сөз де аз айтылған жоқ. Тіпті көпшілік дерек та­рат­қан жұртты «пиар қуып кет­ті» деп іштей айыптаған да еді. Бірақ сол кездегі игі баста­маның нәтижесін енді көре бастаған сияқтымыз.

Жамбыл облысында ке­йінгі төрт жылда бір­де-бір қылмыс тір­кел­­меген ауыл бар десе, сенер ме едіңіз? Ел болған соң елді мекендерде бас жарып, көз шығара жаздайтын сотқарлар кездесіп тұрады. Бұл – жазылмаған заңдылық қой. Бірақ Сарысу ауданына қарасты Жаңарық аулының қариялары жастарды «ашса алақанда, жұмса жұдырықта ұстап» отырған секілді. Содан да болса керек, ауыл ішінде төрт жыл бойы қылмыс тіркелмепті.

Облыстық полиция департаменті таратқан дерекке жүгінсек, ауылдық округ құрамында Ақтоғай және Ұзақбай Сыздықбаев елді мекендері бар. Жалпы, мұнда 1700-ге жетеқабыл халық тұрады.

Бірнеше жылдан бері ауылдық округтегі дүкендерде темекі және алкогольдік өнімдер мүлде сатылмайды. Жергілікті халық бұл істі қатаң қада­ғалауға алған. Таяуда округ­те тағы бір дүкен ашылады екен. Кәсіпкер де ауыл хал­қының жазылмаған заңына бағы­нып, жұрт­тың ұстанымын қолдап отыр.

Баянды бастаманы ауыл хал­қы өзара ақылдаса отырып қабыл­даған. Округке қарасты елді мекен тұр­ғындары, әсіресе жастар үлкен­дердің кесімді сөзін қолдап, шеші­міне бас иген. Нәтижесінде, ауылда қылмыс атаулы сап тыйылған екен.

«Шайтанның суы талай отбасы­лық жанжалдың, қылмыстың туындауына әкеп соғады. Жаңадан отау құрған жастардың үйінен береке кетеді. Округ тұрғындары бір үйдің баласындай тату-тәтті ғұмыр кешуі керек. Біз мұндай шешімді сол үшін қабылдадық. Ауыл­дастарымыз бізді қолдады, қуаттады. Нәтижесінде, елді мекендерде мызғымас тыныштық ор­нады. Осы татулықты, бірлікті, берекелі тірлікті сақтауға күш салып жатырмыз», дейді жергілікті тұрғындар.

Учаскелік полиция инспекторы Сағынғали Саламатов кейінгі бес ­жыл­дың бедерінде Ұ.Сыздықбаев ­аулын­да тұрып жатыр. Округке қа­расты ­елді мекендерді жиі аралап, тұрақты түрде рейд жүргізеді. Ілге­рі­де полиция есебіне ілінген азаматтарды тұрғылықты жері бойынша дер кезінде тексеріп жүр. Бір сөзбен айтқанда, қылмыстың алдын алу бо­йынша жүйелі жұмыс атқарып келеді. Ауыл халқы еңбек­қор инспекторды тегіс таниды, құрметтейді.

«Ауылдық округке қарасты елді мекен тұрғындары қай кезде де жұмылған жұдырықтай бірі­гіп, берекелі істердің басында жү­реді. Жергілікті халық баталы бас­тама­лардың барлығына қолдау біл­діріп, белсенділік танытады. Полиция қызметкері ретінде мен округ тұрғындарының сенімін ақтау мақсатында аянбай жұмыс істеп жүрмін. Ауылдастарымның сеніміне селкеу түсіргім келмейді. Ең бастысы, ауылда қылмыс тіркеліп жатқан жоқ. Ал кішігірім дауларды медиация арқылы шешуге күш салып келеміз. Округке кіретін ауылдарда жағдай тұрақты әрі тыныш болса да, өз басым үлкен жауапкершілік жүгін сезінемін. Неге десеңіз, бірнеше жыл бойы бірлесе атқарған жұмыстың арқасында қол жеткізген оң көрсеткішті сақтауымыз керек», дейді С.Саламатов.

Облыстық полиция депар­та­ментінің баспасөз қызметі келтір­ген дерекке сенсек, алкогольдік ішім­діктен бас тартқан Жаңарықтан өзге ауылдар да баршылық. Нақтырақ айтар болсақ, өңір бойынша 12 ауылдық округ бірнеше жыл бойы елді мекендерде ішімдік сатуға шектеу қойған. Сол 12 округтің барлығы қазіргі кезде ең қауіпсіз ауылдар санатына қосылып отырғаны көңіл тоғайтады.

Бірнеше жыл бұрын науқан сипатында басталған бастама әлденеше жылдан кейін оң нәтиже бергені – расында жақсылықтың нышаны. Алкогольдік ішімдіктен бас тартқан елді мекендерде қазіргі кезде жағ­дай тұрақталған. Ақсақалдардың ақылына құлақ асқан жастар құқық бұзушылыққа жол бермейді. Олар мұны өмірлік салтына айналдырған.

Жамбыл облысы