• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 16 Шілде, 2024

Ұстаздық – ұзақ жол

293 рет
көрсетілді

Заман біздің жағдайымызға қарай икемделмейді, біз оған қарай икемделуге мәжбүрміз. Ал оған қай кезеңде де барынша ықпал ете алатын сала – журналистика. Бұл саланың да өз қолбасшылары мен өз жауынгерлері бар. Өтпелі өмірде олар да артына із қалдыра көшеді. Уақыт өте келе, ол ізді жалғастырушылардың ішінде де қарымдысы мен дарындысы дараланып көріне бастайды.

ХХ ғасырдың басында қазақ даласын дүбірлете жаңа дәуір алып келген Алаш қайраткерлерінің нағыз қайраткерлік ісін жал­ғас­тырушылар ХХ ғасырдың соңы мен ХХІ ғасырдың бастауына да керек болды. Кезінде Алаш қайраткерлері жаңа қоғамды орнатып, оны дамытудың бас­ты шарты деп қазақ баспасө­­зін және ұлттық журналистика­ны шыңдауды жанқиярлықпен қол­­ға алған еді. Дәл сол сияқты

ХХ ғасыр соңындағы демократия­лық қоғам орнатудың алғышар­ты да ұлттық журналистиканы айбынды ету мақсатына қарай бұрылған кезең болды. Бұл салада жаңаша білім берудің тастабанын бекітіп, бүгінгінің құнын түсіну үшін өткен кезеңнің қым-қуыт дәуірін білу маңызды еді. Студенттерге дәріс оқумен қатар қазақ журналистикасының тарихын зерттеу міндеті де осы кезең ұстаздарына үлкен жүк артты.

Тәуелсіздіктің алғашқы кезе­ңіндегі журналистика мақала жазу ғана емес еді. Бұл кезде де Алаш қайраткерлерінің іс-қи­мылына барабар қимыл қажет болды. Азаттықты көксеген қа­зақ елінің кеңестік саясаттың бұға­уын бұзып шығуға ұмтылған шағы еді. Осындай жанкештілік күрестің ортасында студент Қайрат та жүрді. Бұл туралы ол­ «1986 жылғы Желтоқсан кө­тері­лісіне екінші курста жүрген кезі­мізде куә болдық. Ең үлкен тағы­лымы – курс студенттері бірін-бірі сатқан жоқ, керісінше, бір-бірін қолдап, қорғап қалуға бар күшін салды. Соның нәти­жесінде көп «шығынға» ұшы­раған жоқпыз» деп еске алады. Жас журналистің Алаш қай­раткерлерінің журналистік ба­ғыт­тағы қызметтерін зерттеуіне де осы оқиға айрықша әсер еткен болар. Әр қазақтың отаншылдық сезімін түп-тамырымен қозғаған осы оқиғадан кейін Қ.Сақтың да өмірлік ұстанымы айқындала ­бастады. Сол кездегі «Ақиқат» тарихи ағарту клубын құрушылар­дың қатарына кіріп, тең төраға болды. Желтоқсандықтарды түр­меден босатып, оқудан шыға­рылғандардың қайта қабыл­да­нуын талап еткен шерулердің бел ортасында жүрді.

Ойды ой қозғайды, қандай да бір іс-қимылдың бастауына от беретін жағдайлар болады. Азаттыққа жеткен, бірақ әлі де болса алаң-құлаң кезеңде жас журналисті азаттықты бекітудің жолы қандай еді деген ойдың да мазалағаны анық. Ұлтымыз­дың отаншылдық қасиеті мен ақиқатшыл тағылымы қандай еді деп тарихқа көз тіккені – тағы ақиқат. Өйткені нағыз журналист – ең алдымен, отаншыл және ақиқатшыл. Ал бұл жолда тағы да не істеу керек дегенде, оның тағылымын тарихтан алмағанда, қайдан алады? Сұраққа жауапты дәл сондай жағдайды бастан өткергендерден сұрамағанда, кімнен сұрар? Осы жалынды шағында оған ғасыр басында өт­кен Алаш қайраткерлерінің дау­сы естілгендей еді. Сәтсіздіктің бәрі «ондай болмақ қайда?» дегеннен басталады. Ал жүрегінде оты барлар қиынға ұмтылып, биікке көз тігеді. Көз жеткен жерге ой жүгіреді. Енді оны қазақ журналистикасы тарихын зерттеу идеясы мазалай бастады. Сөйтіп, Қайрат Өмірбайұлы алаштану әлемінің тылсымына қарай бет түзеді. Ол шынында да тылсым еді. Бұл туралы «Мен әр кез екі бірдей білім бұла­ғы­нан сусындағанымды ерекше мақтаныш сезіммен тілге тиек­ етемін. Оның бірі – ҚазҰУ-ым, екіншісі – Алаш көсемсөз мек­тебі» деп жазды. Курстасы, бел­гілі қаламгер Жұмабай Құлиев айтқандай: «Қазақтың өшуге айналған, тарих құжаттарынан аластатылған тарихын бар жан-тәнімен ұғынды, былайша айт­қанда, ғасырлар қойнауынан халқын іздеді». Ол үшін төте жазуды (А.Байтұрсынұлы әліпбиі) да жетік меңгеріп алды.

Ғылыми ізденіске деген ерекше ынтасын байқаған, өзінің студент кездегі ұстаздары оны ҚазМУ-дың журналистика фа­культетінде ұстаздық етуге ша­қырады. Оқытушы болып қыз­мет ете жүріп, ғылым кеңістігіне бел шеше кірісті. 1998 жылы «Қазақ» газетіндегі ұлттық саяси-әлеуметтік мәселелердің жазы­луы» атты тақырыпта дис­сер­­тация жазып, филология ғы­лымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алып шықты. Бұл Алаш басылымы тақырыбында қор­ғалған алғашқы зерттеулер­дің бірі еді. Алғашқының кө­теретін жүгі де ауыр. Содан болар, кейіпкеріміздің өзі де «Алаш мұрасын оқу арқылы өстім», дейді. Сол ҚазМУ-да 12 жыл қызмет етіп, 2008 жылы Л.Н.Гу­милев атындағы Еуразия ұлт­­тық университетіне журналис­тика кафедрасының меңгеру­шісі қызметіне шақырылды.

Бұл жаңа астанадағы жаңа­шыл университеттің белесті шағы еді. Әр саланың өз ерекшелігі, иірімі, жұмбағы болады ғой. Кафедрамыздағы оншақты оқы­тушының жүктемесін бөлудің әлек-шәлегінен сұрақ көбейіп жатқан кез еді. Былай қарасаң – жүктемеде әр оқытушыға 7-8 пәннен жазылғанымен, толық жүктеме толтыруға «сағат жет­пейді» деген шетін мәселе. Кафедрада дәріс оқудан басқа ештеңе білмейтін біз осыншама пән бола тұра, неге жүк­теме толмайтынын да түсіне бер­мейміз. Қайрат Өмірбайұлы бұл жағдайды көріп, іштей таң­ғалған болу керек, әйтеуір «жүк­теме бөлудің де иірімдері ба­рын, оны бұрын жасап көр­ме­ген адам біле бермейтінін» тү­сіндірді. Аз уақыттың ішінде әлгі бір кафедраның он шақты оқытушысына жетпей жатқан жүктемеден екі кафедра жасауға болатындай жүктеме пайда болды. «Бұл қалай, Қайреке?» десек, «мен сағат бөлу мәселесінде де Тауман Амандосов, Зейнолла Қабдолов, Темірбек Қожакеев ша­панынан шықтым емес пе?», дей­ді. Тереңдеп қарасақ, бұл жай ғана жүктеме бөлу емес, бұл жұмыс үдерісін дұрыс ұйым­дастыра білу шеберлігі екен. Білім беруде оқытушыны да шар­шатпай, оның да ізденуіне, шы­ғармашылығына жол ашу және білім алушылардың да әр пән­ді терең түсінуіне, жан-жақты да­йындалуына жағдай жасау екен. Соның арқасында келер жылы бір кафедра екіге бөлініп, әр кафедра білім берудегі өз бағыт-бағдарын айқындады. Көп ұзамай Журналистика және сая­саттану факультеті құрылды. Факультет деканы болып бел­гілі ғалым Намазалы Омашұлы таға­йындалып, үлкен жұмыс басталып кетті. Бір жылдан соң ол кісі Журналистика ҒЗО басқарып, факультетті шәкірті Қайрат Сақ­қа тапсырды.

Жоғары оқу орнында білім саласының маңдайалды ме­нед­жері болып танылған ғалым-ұс­таз­ды қазіргі шақта жаңа кезе­ңнің талаптары да толғантары анық. Цифрлық дәуірдің білім бе­ру мәселелеріне балаңдық пен ша­бандықтың жүрмейтіні – тағы анық. Не болса да, жағаласып бағу керек. Сондай жағаласта ұлт­тық құндылықтарымызды жо­ғалтып алмау маңызды. «Цифр­лық технология мүм­кін­діктерін пайдаланудың шебе­ріне айналмасақ болмай­ды. Сол арқылы ұлттық құнды­лықтарымызды әлемге жедел та­ныстырудың, насихаттаудың кілтін өз қолымызға алуымыз керек. Сол үшін де факультеті­міз­де журналистика мен қо­ғаммен ­байланыс білім бағдар­ламаларының жаңа бағыттары жасалып жатыр», дейді ғалым.

Студентке білім беру өз алдына, оның тәрбие мәселесі де өткірлене түсті. Оны бұдан он жыл бұрынғы жағдаймен салыстыра алмайсың. Қоғамдағы өзгерістер кезінде жат пиғыл­дағы топтардың студенттерді де сағалайтыны байқалып жүр. Ендігі жерде діни экстремизм­нің университетке еніп кетпеуін қадағалау да маңызды мәселеге айналғаны шындық. Бұл жастар тәрбиесіне бұрынғыдан да жіті қарауды талап етеді. Мұндай кез­де де Қайрат Өмірбайұлы­ның ­факультет деканы ретінде жас­тарға айтары көп. Бүркеніп сабаққа келгендерге қатаң ес­керту жасап, тіпті қара мата бүр­кеніп келген бір студент қыз­дың қағазына қол қоймай жіберген жағдайы да болды. «Себеп біреу ғана. Ұлтын сүйер әр қазақ ұлттық дәстүрдің төрге озуын қадағалауға міндетті. Біреу орамал бүркеніп, біреу адам шошырлық сақал қойып, басқа жұрттың әдетін өз ұлтына таңуы – бұл да пайда көздегендердің, ел ішіне іріткі салғысы келетін­дердің жасырын жарнамасы. Сондықтан аласапырандарды бастан кеше жүріп, жеңіп алған тәуелсіздігімізді жат ұстанымдар арқылы әлсіреткісі келетіндерге жол жоқ. Біз бұл мәселеде аса қаталдық және қырағылық танытуымыз керек. Бізге сеніп балаларын оқуға жіберген ата-ана­лар алаңсыз болуы керек. Әр­бір жастың бірінші кезектегі міндеті – білім алу. Дұрыс білім алғандардың ділі берік болады. Олар анау-мынау үгіт-насихат­тың соңынан ермейді» дейтін Қайрат Сақ – ұстаздық-азамат­тық ұстанымынан айнымайтын табандылығымен танылған жан. Білім мен ғылымның жолы «инемен құдық қазу» болса, оның да тәсілін білмесең, қайта-қайта инеңді сындырып немесе қолыңды жаралап алатының сияқты жағдайға тап қылатыны анық. Еуразия Халықаралық теледидар және радио академия­сының академигі, профессор Қайрат Сақтың ғалымдық, ұс­таз­дық жолында да талай қиын­­дық болды. Бірақ терең білі­мі, ұшқыр ойы, мейірімді жан дүниесі, парасатты мінезі оны сүріндірмей алып шықты. Осы жылдар ішінде «Ұлттық сана ұйытқысы», «Қазақ журналис­тикасы», «Алаш мұрасы» оқу құ­ралдары жарық көрді. «Дала уәлаятының газеті» мен Ахмет Байтұрсынұлының атақты «Қа­зақ» газетінің жинақтарын және «Алаш көсемсөзі» көптомды­ғын шығаруға атсалысты, 200-ден аса ғылыми мақаланың, 500-ге таяу пуб­лицистикалық еңбектің авторы. Қытайдың көрнекті жазушысы Ба-Цьзиннің «Ызғарлы түн» романын қазақша сөйлеткен аудармашы. Ұстаздық деген – ұзақ жол, ғалымның жолы қиянда. Биыл мәртебелі жасқа көтерілген ұстаздың алар асуы әлі алда.

Оңайгүл Тұржан,ақын, профессор