Заман біздің жағдайымызға қарай икемделмейді, біз оған қарай икемделуге мәжбүрміз. Ал оған қай кезеңде де барынша ықпал ете алатын сала – журналистика. Бұл саланың да өз қолбасшылары мен өз жауынгерлері бар. Өтпелі өмірде олар да артына із қалдыра көшеді. Уақыт өте келе, ол ізді жалғастырушылардың ішінде де қарымдысы мен дарындысы дараланып көріне бастайды.
ХХ ғасырдың басында қазақ даласын дүбірлете жаңа дәуір алып келген Алаш қайраткерлерінің нағыз қайраткерлік ісін жалғастырушылар ХХ ғасырдың соңы мен ХХІ ғасырдың бастауына да керек болды. Кезінде Алаш қайраткерлері жаңа қоғамды орнатып, оны дамытудың басты шарты деп қазақ баспасөзін және ұлттық журналистиканы шыңдауды жанқиярлықпен қолға алған еді. Дәл сол сияқты
ХХ ғасыр соңындағы демократиялық қоғам орнатудың алғышарты да ұлттық журналистиканы айбынды ету мақсатына қарай бұрылған кезең болды. Бұл салада жаңаша білім берудің тастабанын бекітіп, бүгінгінің құнын түсіну үшін өткен кезеңнің қым-қуыт дәуірін білу маңызды еді. Студенттерге дәріс оқумен қатар қазақ журналистикасының тарихын зерттеу міндеті де осы кезең ұстаздарына үлкен жүк артты.
Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңіндегі журналистика мақала жазу ғана емес еді. Бұл кезде де Алаш қайраткерлерінің іс-қимылына барабар қимыл қажет болды. Азаттықты көксеген қазақ елінің кеңестік саясаттың бұғауын бұзып шығуға ұмтылған шағы еді. Осындай жанкештілік күрестің ортасында студент Қайрат та жүрді. Бұл туралы ол «1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне екінші курста жүрген кезімізде куә болдық. Ең үлкен тағылымы – курс студенттері бірін-бірі сатқан жоқ, керісінше, бір-бірін қолдап, қорғап қалуға бар күшін салды. Соның нәтижесінде көп «шығынға» ұшыраған жоқпыз» деп еске алады. Жас журналистің Алаш қайраткерлерінің журналистік бағыттағы қызметтерін зерттеуіне де осы оқиға айрықша әсер еткен болар. Әр қазақтың отаншылдық сезімін түп-тамырымен қозғаған осы оқиғадан кейін Қ.Сақтың да өмірлік ұстанымы айқындала бастады. Сол кездегі «Ақиқат» тарихи ағарту клубын құрушылардың қатарына кіріп, тең төраға болды. Желтоқсандықтарды түрмеден босатып, оқудан шығарылғандардың қайта қабылдануын талап еткен шерулердің бел ортасында жүрді.
Ойды ой қозғайды, қандай да бір іс-қимылдың бастауына от беретін жағдайлар болады. Азаттыққа жеткен, бірақ әлі де болса алаң-құлаң кезеңде жас журналисті азаттықты бекітудің жолы қандай еді деген ойдың да мазалағаны анық. Ұлтымыздың отаншылдық қасиеті мен ақиқатшыл тағылымы қандай еді деп тарихқа көз тіккені – тағы ақиқат. Өйткені нағыз журналист – ең алдымен, отаншыл және ақиқатшыл. Ал бұл жолда тағы да не істеу керек дегенде, оның тағылымын тарихтан алмағанда, қайдан алады? Сұраққа жауапты дәл сондай жағдайды бастан өткергендерден сұрамағанда, кімнен сұрар? Осы жалынды шағында оған ғасыр басында өткен Алаш қайраткерлерінің даусы естілгендей еді. Сәтсіздіктің бәрі «ондай болмақ қайда?» дегеннен басталады. Ал жүрегінде оты барлар қиынға ұмтылып, биікке көз тігеді. Көз жеткен жерге ой жүгіреді. Енді оны қазақ журналистикасы тарихын зерттеу идеясы мазалай бастады. Сөйтіп, Қайрат Өмірбайұлы алаштану әлемінің тылсымына қарай бет түзеді. Ол шынында да тылсым еді. Бұл туралы «Мен әр кез екі бірдей білім бұлағынан сусындағанымды ерекше мақтаныш сезіммен тілге тиек етемін. Оның бірі – ҚазҰУ-ым, екіншісі – Алаш көсемсөз мектебі» деп жазды. Курстасы, белгілі қаламгер Жұмабай Құлиев айтқандай: «Қазақтың өшуге айналған, тарих құжаттарынан аластатылған тарихын бар жан-тәнімен ұғынды, былайша айтқанда, ғасырлар қойнауынан халқын іздеді». Ол үшін төте жазуды (А.Байтұрсынұлы әліпбиі) да жетік меңгеріп алды.
Ғылыми ізденіске деген ерекше ынтасын байқаған, өзінің студент кездегі ұстаздары оны ҚазМУ-дың журналистика факультетінде ұстаздық етуге шақырады. Оқытушы болып қызмет ете жүріп, ғылым кеңістігіне бел шеше кірісті. 1998 жылы «Қазақ» газетіндегі ұлттық саяси-әлеуметтік мәселелердің жазылуы» атты тақырыпта диссертация жазып, филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алып шықты. Бұл Алаш басылымы тақырыбында қорғалған алғашқы зерттеулердің бірі еді. Алғашқының көтеретін жүгі де ауыр. Содан болар, кейіпкеріміздің өзі де «Алаш мұрасын оқу арқылы өстім», дейді. Сол ҚазМУ-да 12 жыл қызмет етіп, 2008 жылы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне журналистика кафедрасының меңгерушісі қызметіне шақырылды.
Бұл жаңа астанадағы жаңашыл университеттің белесті шағы еді. Әр саланың өз ерекшелігі, иірімі, жұмбағы болады ғой. Кафедрамыздағы оншақты оқытушының жүктемесін бөлудің әлек-шәлегінен сұрақ көбейіп жатқан кез еді. Былай қарасаң – жүктемеде әр оқытушыға 7-8 пәннен жазылғанымен, толық жүктеме толтыруға «сағат жетпейді» деген шетін мәселе. Кафедрада дәріс оқудан басқа ештеңе білмейтін біз осыншама пән бола тұра, неге жүктеме толмайтынын да түсіне бермейміз. Қайрат Өмірбайұлы бұл жағдайды көріп, іштей таңғалған болу керек, әйтеуір «жүктеме бөлудің де иірімдері барын, оны бұрын жасап көрмеген адам біле бермейтінін» түсіндірді. Аз уақыттың ішінде әлгі бір кафедраның он шақты оқытушысына жетпей жатқан жүктемеден екі кафедра жасауға болатындай жүктеме пайда болды. «Бұл қалай, Қайреке?» десек, «мен сағат бөлу мәселесінде де Тауман Амандосов, Зейнолла Қабдолов, Темірбек Қожакеев шапанынан шықтым емес пе?», дейді. Тереңдеп қарасақ, бұл жай ғана жүктеме бөлу емес, бұл жұмыс үдерісін дұрыс ұйымдастыра білу шеберлігі екен. Білім беруде оқытушыны да шаршатпай, оның да ізденуіне, шығармашылығына жол ашу және білім алушылардың да әр пәнді терең түсінуіне, жан-жақты дайындалуына жағдай жасау екен. Соның арқасында келер жылы бір кафедра екіге бөлініп, әр кафедра білім берудегі өз бағыт-бағдарын айқындады. Көп ұзамай Журналистика және саясаттану факультеті құрылды. Факультет деканы болып белгілі ғалым Намазалы Омашұлы тағайындалып, үлкен жұмыс басталып кетті. Бір жылдан соң ол кісі Журналистика ҒЗО басқарып, факультетті шәкірті Қайрат Саққа тапсырды.
Жоғары оқу орнында білім саласының маңдайалды менеджері болып танылған ғалым-ұстазды қазіргі шақта жаңа кезеңнің талаптары да толғантары анық. Цифрлық дәуірдің білім беру мәселелеріне балаңдық пен шабандықтың жүрмейтіні – тағы анық. Не болса да, жағаласып бағу керек. Сондай жағаласта ұлттық құндылықтарымызды жоғалтып алмау маңызды. «Цифрлық технология мүмкіндіктерін пайдаланудың шеберіне айналмасақ болмайды. Сол арқылы ұлттық құндылықтарымызды әлемге жедел таныстырудың, насихаттаудың кілтін өз қолымызға алуымыз керек. Сол үшін де факультетімізде журналистика мен қоғаммен байланыс білім бағдарламаларының жаңа бағыттары жасалып жатыр», дейді ғалым.
Студентке білім беру өз алдына, оның тәрбие мәселесі де өткірлене түсті. Оны бұдан он жыл бұрынғы жағдаймен салыстыра алмайсың. Қоғамдағы өзгерістер кезінде жат пиғылдағы топтардың студенттерді де сағалайтыны байқалып жүр. Ендігі жерде діни экстремизмнің университетке еніп кетпеуін қадағалау да маңызды мәселеге айналғаны шындық. Бұл жастар тәрбиесіне бұрынғыдан да жіті қарауды талап етеді. Мұндай кезде де Қайрат Өмірбайұлының факультет деканы ретінде жастарға айтары көп. Бүркеніп сабаққа келгендерге қатаң ескерту жасап, тіпті қара мата бүркеніп келген бір студент қыздың қағазына қол қоймай жіберген жағдайы да болды. «Себеп біреу ғана. Ұлтын сүйер әр қазақ ұлттық дәстүрдің төрге озуын қадағалауға міндетті. Біреу орамал бүркеніп, біреу адам шошырлық сақал қойып, басқа жұрттың әдетін өз ұлтына таңуы – бұл да пайда көздегендердің, ел ішіне іріткі салғысы келетіндердің жасырын жарнамасы. Сондықтан аласапырандарды бастан кеше жүріп, жеңіп алған тәуелсіздігімізді жат ұстанымдар арқылы әлсіреткісі келетіндерге жол жоқ. Біз бұл мәселеде аса қаталдық және қырағылық танытуымыз керек. Бізге сеніп балаларын оқуға жіберген ата-аналар алаңсыз болуы керек. Әрбір жастың бірінші кезектегі міндеті – білім алу. Дұрыс білім алғандардың ділі берік болады. Олар анау-мынау үгіт-насихаттың соңынан ермейді» дейтін Қайрат Сақ – ұстаздық-азаматтық ұстанымынан айнымайтын табандылығымен танылған жан. Білім мен ғылымның жолы «инемен құдық қазу» болса, оның да тәсілін білмесең, қайта-қайта инеңді сындырып немесе қолыңды жаралап алатының сияқты жағдайға тап қылатыны анық. Еуразия Халықаралық теледидар және радио академиясының академигі, профессор Қайрат Сақтың ғалымдық, ұстаздық жолында да талай қиындық болды. Бірақ терең білімі, ұшқыр ойы, мейірімді жан дүниесі, парасатты мінезі оны сүріндірмей алып шықты. Осы жылдар ішінде «Ұлттық сана ұйытқысы», «Қазақ журналистикасы», «Алаш мұрасы» оқу құралдары жарық көрді. «Дала уәлаятының газеті» мен Ахмет Байтұрсынұлының атақты «Қазақ» газетінің жинақтарын және «Алаш көсемсөзі» көптомдығын шығаруға атсалысты, 200-ден аса ғылыми мақаланың, 500-ге таяу публицистикалық еңбектің авторы. Қытайдың көрнекті жазушысы Ба-Цьзиннің «Ызғарлы түн» романын қазақша сөйлеткен аудармашы. Ұстаздық деген – ұзақ жол, ғалымның жолы қиянда. Биыл мәртебелі жасқа көтерілген ұстаздың алар асуы әлі алда.
Оңайгүл Тұржан,ақын, профессор