Денсаулық сақтау министрлігі медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Ләззат Қашқымбаеваның қатысуымен брифинг өтіп, онда сала жетекшісі елімізде дәрілік заттар шығаратын кәсіпорындар 2024 жылғы 1 шілдеден бастап өздерінің тауарларына таңбалық белгі қоюға міндетті екенін атап көрсетті.
Маманның айтуынша, таңбалау дәрілік препараттардың сапасын бақылау, заңсыз айналымға түсіп кетпеуін қадағалау үшін керек. Өйткені қазіргі таңда нарықта жалған немесе сапасы төмен, адам денсаулығына керісінше қауіп төндіретін дәрілердің сатылуы ғажап емес. Сонымен бірге мемлекеттік емдеу мекемелерінде тегін босатылған дәрілердің жасырын жолмен нарыққа қайта түсіп жатқан оқиғалар да баршылық. Міне, осы аталған жағдайлардың алдын алу немесе болдырмау мақсатында таңбалау стандарты енгізіліп отыр.
Дәрі қорабының сыртына ұрылған QR-код іспетті белгіге телефонға көшірілген «Нақты өнім» қосымшасын іске қосып таңбаға жақындатса, препараттың өндірілген сәтінен бастап дәріханаға түскен уақытына дейін бүкіл тарихы мен сипаттамасы жазулы тұрады. Клиент сол арқылы ол дәрінің сапасын, шығу тегін, екінші қолға өтіп кетпегенін біле алады. Әсіресе таңбалау дәрілік заттардың көлеңкелі бизнесіне тоқтау салудың бірден-бір тетігі болмақ. Себебі департамент басшысы айтқандай елімізде ондай оқиғалар талай болғанға ұқсайды. Мәселен, осыдан 5-6 жыл бұрын инсулиннің Өзбекстанға жаппай сатылып кету оқиғасы орын алған. Сонда емханалардан босатылған тегін инсулиндер көлеңкелі бизнес арқылы Ташкентке сатылып отырған екен. Бұл оқиғаның ізін кескенімен мұндай қылмыстың қайталанбауына ешкім кепіл емес. Ал ондайдан сақтанудың жалғыз жолы дәрілерді толық таңбалау болып тұр.
Таңбалау туралы бұйрық 2022 жылы Денсаулық сақтау министрлігінің нұсқауымен шыққан екен. Сол кезде 90 түрлі дәріні таңбалауға бұйрық берілген. Енді министрліктің жаңа қаулысы бойынша биылғы
1 шілдеден бастап шығарылған дәрілік заттардың барлығына бұдан былай таңба белгісі қойылады. Мәселен, Шымкенттегі, тіпті Қазақстандағы ең ірі фармацевтикалық зауыттың бірі «Химфарм» кәсіпорны 1 шілдеден кейінгі өндірілген 200 атаулы дәрісінің барлығын да таңбалаған. Яғни бұдан былай дәрі өндіретін кәсіпорындар таңба белгісін қоймай өнімдерін дәріханаларға не емханаларға жібере алмайды.
«Таңбалау стандартын енгізу – Еуразиялық одаққа мүше елдердің бірлесіп қабылдаған шешімі. Ресейде таңбалау 2022 жылы басталса, Қазақстанда бұған енді толық көшіп жатыр. Көлеңкелі бизнеспен, түрлі контрабандалық жолмен Еуразиялық одақ аумағына қаншама дәрі кіреді. Міне, соның жолын кесу үшін, контрабанданы толық жою мақсатында осы талап енгізілді. Бұдан былай кедендік бақылауға келген шетелдік дәрілер ішкі нарыққа таңбалау белгісі болмаса өткізілмейді. Бұл жерде шетелдік кәсіпорындар зауыттан таңба белгісін қоюы мүмкін немесе Қазақстанға келетін тауар көлемі аз болса өз еліміздің дистрибьюторлары кедендік бақылау пунктінен таңбаны соғады. Ал 1 шілдеге дейін еліміздің нарығына кіріп қойған немесе отандық зауыттар өндіріп, қорда тұрған дәрілер жарамдылық мерзімі біткенше саудаға шығарыла береді», деді Л.Қашқымбаева.
Сала жетекшісінің айтуынша, сатылымдағы дәрілік препараттардың шекті бағасын бекіту Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен іске асырылады. Ал оны белгілеу министрлік жанындағы сарапшылық топтың әрекетімен орындалады. Ал медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің өңірлердегі департаменті сол шекті бағадан асып кетпеуін қадағалайды. Егер тексеріс барысында заңбұзушылық анықталса, ескерту түрінде хат жолданады. Яғни департамент профилактикалық мақсатта мониторинг жүргізу барысында тәртіпсіздікті анықтаса, нұсқау, ұсыныс түрінде хат жібереді. Нақты әкімшілік құқықбұзушылық кодексі бойынша тәртіптік жаза көру үшін тұтынушылардың тарапынан түскен арыз-шағымы болу керек. Сол арыз-шағым негізінде дәріханалардың шын мәнінде заңды белден басқаны белгілі болса, сонда ғана департамент әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 426-бабы бойынша шара қарастырады. Егер шағын кәсіпкерлік нысан тарапынан негізсіз бағаны қымбаттатқаны анықталса, 130 АЕК көлемінде, ал ірі бизнес субъектілері үшін 1 000 АЕК-ке дейін айыппұл салу қарастырылған. Дәрілік затты импорттаушы ірі компаниялар үстемеақыны тауарды сатып әкелген, қоймада сақтап таратқан, жұмысшылардың айлық жалақысына кеткен төлем шығындарының құнын есептеп барып қояды. Бірақ ол министрлік белгілеген шекті бағадан асып кетпеу керек. Мәселен, 200 теңге тұратын парацетамолды дәріханалар ешқашан 2000 теңгеден сата алмайды. Дегенмен нарықтық бәсекелестік болған соң әр дәріханадағы тауар бағасында 5-10 теңге айырмашылық болуы мүмкін.
Жалпы, Қазақстанда дәрілік препараттардың сапасын тексеру, анықтау қызметі өте күшті. Соның нәтижесінде қауіпті, күмән тудыратын дәрілер ешқашан еліміздің нарығына кіргізілмеген. Қайбір жылдары Үндістанның бір фармкомпаниясы өз өнімін Қазақстанға өткізбек болған екен. Алайда ол тексеру сараптамасынан өтпей қалып, елімізде сатылуға тыйым салынды. Үндістаннның бұл дәрісі қарапайым парацетамол еді. Бізде тіркелмеген препарат көрші Өзбекстанда еркін саудаға түскен. Алайда сапасыз дәрі оны сатып алған азаматтарға қанша қайғы алып келді. Осы парацетамолды ішудің салдарынан көрші елде 50 бала дәріден уланып қайтыс болды. Сондықтан департамент басшысы айтқандай, таңбалаудың дәрі сапасын бақылауға қосатын үлесі өте жоғары болмақ.
Айта кету керек, дәрілік заттарды таңбалау мен қадағалау Шымкент қаласы әкімдігінің, оның ішінде жоғарыда аталған департаменттің, сондай-ақ Денсаулық сақтау басқармасының, «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлік палатасының бірлескен іс-қимылының нәтижесінде атқарылып жатыр.
Әлгінде ғана баян еткеніміздей, міндетті таңбалау мен қадағалауды енгізу дәрілік заттардың айналымын ашық қылады, тұтынушыға сатып алынған дәрілік заттардың шынайылығы бойынша ақпаратты қолжетімді етеді, өндірушіден пациентке дейінгі әр қаптаманың жеке есебін қамтиды, сондай-ақ контрафактілік, жалған өнім айналымынан қорғаудың негізгі құралдарының бірі болып саналады.
Өз кезегінде департамент тарапынан атқарылған түсіндірме жұмыстарының нәтижесінде фармацевтикалық қызметке мемлекеттік лицензиясы бар, алайда ол жұмысты атқармаған бизнес субъектілерінде лицензияның қолданылуы тоқтатылды. Бұл күнде елімізде дәрілік препарат шығаратын 19 отандық кәсіпорын бар екен. Соның ішінде 2 ірі фармацевтикалық зауыт «Химфарм» АҚ мен «Dentafill» АҚ Шымкентте орналасқан. Одан бөлек елімізде 293 компания дәрілік заттардың көтерме саудасымен айналысады. Олардың иелігінде әзірге 362 қойма бар. 187 қойма Алматы қаласында болса, Шымкентте 38 қойма қызмет атқарады. Сондай-ақ Қазақстандағы 152 ірі дистрибьюторлардың арасында төртеуі өз ісін мегаполисте жүргізеді. Бұлар – «Химфарм» АҚ, «НПО Зерде», «Atamiras.S», «Ak niet group» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері. Жалпы, елімізде 8 375 дәріхана болса, соның 585-і Шымкентке тиесілі.
«Мегаполисте дәріхана саны көп. Сондықтан да олардың арасында бәсекелестік өте жоғары. Сол үшін болар, басқа өңірлермен салыстырғанда Шымкентте дәрілік заттардың бағасы өте төмен», деді департамент басшысы.
ШЫМКЕНТ