• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экология 16 Шілде, 2024

Елді ұйыстырған бастама

137 рет
көрсетілді

Елімізде көктем айынан бері «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы жүріп жатыр. Бұған өңіріміздің әрбір азаматы ерекше үлесін қосып келеді. Әсіресе бұл бастамада жастар жағы белсенділік танытқаны қуантады. Еңбек ардагерлері де немерелерін жетектеп, бір тал ексе де туған жерді түлетуге атсалысып жатыр. Осылайша, акция тұтас елді бір мақсатқа жұмылдырып жіберді десек артық айтқандық болмас. Ал мұның еңбекті насихаттаудан бөлек, табиғатты аялауға жұртты үндеуінің өзі – бір төбе.

Әрбір аптасы бөлек ұлағатты тақы­рып­пен өтетін экоакция Шымкентте де өз қар­қынынан танған жоқ. Мінеки, соның аясында Шымсити шағын ауданындағы саябаққа қоғам белсенділері бір кісідей тазалық жұмыстарына шықты. Ал оларға Абай ауданы әкімі аппараты мен Абай коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қызметкерлері, сондай-ақ Жастар ресурстық орталығының еріктілері көмекке келді. Осылайша, табиғатқа жанашыр азаматтар білекті сыбанып тастап шілденің ыстығында еңбек көрігін жарыса қыздырды.

Бір қуанарлығы, тазалық іс-ша­ра­сы­нан шет қалған қала тұрғыны кем­де-кем. Бәрі де сүйікті қаласы үшін сен­білікте аянбай тер төкті. Саябақтан бөлек шымшаһардың Темірлан тасжолы бойындағы гүлзар, Алматы тасжолы, Ақмешіт аумағы қоқыстан тазартылды. Асармен басталған баянды іске 200-ден аса адам, 12 техника жұмылдырылды. «Ең бастысы, қаланың таза болуы – өзімізге жақсы», дейді маңдай терін жеңі­мен сүрткен сенбілік еңбеккерлері.

Экологиялық акцияны ұйымдасты­руға қалалық экология департамен­ті ұйыт­қы болды. Мекеме осынау маңыз­ды бастама аясында «Таза жағалау» іс-шара­сын қолға алып, жұртты шақыр­ды. Өз кезегінде қала тұрғындары да бей­жай қарамай, сенбілік өтетін аумақ­тың алыстығын қиынсынбай, ағайын­гер­шілік таныта білді. Сонымен, ұйым­дастырушылар бұл жолғы акция­ның мақсаты өзендер мен көлдердің, жалпы су айдындарының жағалауларын қоқыстан тазарту екенін айтты. Бұдан су ресурстарының экожүйесін қалпына келтіру, су объектілерін тұрмыстық, өн­дірістік қалдықтардан тазалау мен лас­тануын болдырмау мақсаты жатқанын айқын сеземіз.

Ал осынау іс-шараға экология депар­таменті мамандарымен бірге Тұран ауданы әкімдігі де атсалысты. Олар Бадам өзенінің бойын жағалай қалдықтардан тазалап шықты. Кішкене деректерді сөйлетсек, тазаланған аумақ ауданы – 3 500 шаршы метр, орылған шөп аумағы – 2 100 шаршы метр, қатысқан адамдар саны – 55, соңғы шығарылған қоқыс 14 тонна болды.

Өз кезегінде Ішкі саясат және жас­тар істері жөніндегі басқармасының Жастар ресурстық орталығы да игі істе жарысқа түсіп, «Игі істер марафоны» жобасын бас­тап кетті. Бұл да – экологииялық акция. Соның аясында Қаратау ауданындағы «Нұрсәт» гүлзары тап-тұйнақтай тазаланып, сәні кіріп қалды. Бұл күнгі жұмыс ағаштардың түптерін әктеу, орындықтарды сырлау, шашылып жатқан қоқысы арнайы контейнерге салу болды. Ең бастысы, өткен-кеткен жұрт арам шөбі оталған, сан-алуан түсті гүлдердің жайнап, құлпырып тұрғанына дән риза. Бұл іс-шараның жыл бойы жалғасатыны қандай ғанибет. Өйткені жастардың осындай ұжымдық еңбекте ынтымағы артып, өзара бауырмалдық сезімдері оянады. Одан да бөлек, табиғаттың тазалығы адамға қаншалықты маңызды екенін жүрегімен, ой-санасымен терең сезініп, түйсінеді. Біз көрген жастардың белсенді жұмыстарына тазалық қызметін атқаратын кәнігі мамандардың өзі өте риза болды.

Нағыз патриотизмді сөзбен емес, нақты ісімен дәлелдеп жатқан жастардың еңбектегі бейнесін қоғамға көрсету мақса­тында жұмыс үстінен түскен БАҚ өкілдеріне Жастар ресурстық орта­лы­ғы Қаратау ауданы жастарымен жұмыс жүргізу бөлімінің басшысы Бека­рыс Бахадыр арнайы сұхбат беріп, экоакция­ның ізгі бағыты жайында ойын жеткізді.

«Президент Қасым-Жомарт То­қаев­тың бастамасымен басталған акция көктем­нен бері жалғасын тауып келеді. Бұл игі іс-шара тек Шымкентте емес, еліміздің біраз өңірінде де өз мақсатына сай атқарылып жатыр. Ал бұл аптада жастар «Игі істер марафонының» туын желбіретті. Соның аясында қаланың біраз жері тазалық жұмыстарының қызған алаңына айналды. Жалпы, осы күнге дейінгі атқарылып келген «Таза Қазақстан» экоакциясына шаһардың еңбектеген баласынан еңкейген қартына дейін қатысты десем, артық айтқандық емес. Жастармен бір кісідей атсалысып жатқан қаланың тұрғындарына жастар атынан алғысымды білдіргім келеді. Сондықтан осы сәтті пайдаланып, өз замандастарыма, алдыңғы буын ағалар мен артымыздан ерген інілеріме қаланы таза ұстайық деп ұран тастап, игі іске бір үйдің баласындай жұмылуға шақырамын. Келесі апталарда акцияны мегаполистің Сайрам елді мекенінде өткіземіз. Өйткені ол жерде тарихи-мәдени нысандар мен ескі қорым кесенелер өте көп. Солардың тазалығына жауап беру де бабалар алдындағы парыз деп білеміз. Жалпы алғанда тазалық іс-шарасына 500-ге жуық ерікті жас қатысты», деді ол.