• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Энергетика 16 Шілде, 2024

Газ бағасын кезең-кезеңмен көтеру қажет - Энергетика министрі

138 рет
көрсетілді

Қазақстанда газ бағасы көтерілуі мүмкін. Бұл туралы Үкімет отырысында Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Энергетика министрі бүгінде Қазақстанда тауарлық газдың орташа құны мың текше метріне 33 169 теңгені құрайтынын еске салды. Бұл ретте тауарлық газдың бекітілген көтерме бағасы 23 646 теңгені құрайды.

«Газ саласына инвестиция тарту және тауарлық газдың өзіндік құнына қол жеткізу мақсатында тұрғындар үшін бағаның күрт өсуіне жол бермеуді ескере отырып, газ бағасын кезең-кезеңмен көтеру қажет», деді Алмасадам Сәтқалиев.

Министр Қазақстан 2024 жылдың 1 шілдесінен бастап ішкі нарықта тауарлық газды көтерме сатудың шекті бағасын орташа есеппен 14,6 пайызға өсіммен қайта қарағанын еске салды.

«Тұтастай алғанда, үш жыл ішінде ішкі нарықта газды шығынсыз сатуға қол жеткізу жоспарланып отыр. Бұл елдің газға деген өсіп келе жатқан қажеттілігін өтеуге және еліміз үшін маңызды инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді», деп қоса кетті Энергетика министрі.

Айта кетейік, 1 шілдеден бастап Қазақстанда сұйытылған мұнай газының бағасы түзетілген еді. Энергетика министрлігі ТМД елдері бойынша Қазақстанда ең төмен бағалардың бірі – 54 теңгеден 86 теңгеге дейін, Ресейде бір литр газдың бағасы - 132 теңге, Әзербайжанда – 171 теңге, Тәжікстанда – 273 теңге екенін атап өтті.