Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровтың жиені Ұлан Жапаров алаяқтық жасады деген күдікке ілінді, деп хабарлайды Egemen.kz Vesti.kg сайтына сілтеме жасап.
Бішкектің Бірінші Май аудандық соты таратқан ақпаратқа сәйкес, 21 маусымда сот Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің Бішкек қаласы бойынша тергеушісінің өтінішін қанағаттандырып, Ұлан Жапаровты 19 тамызға дейін қамауға алу туралы шешім шығарған.
Анықталғандай, бұл жолы Ұлан Жапаровты Ұлттық қауіпсіздік комитеті ұстаған.
Еске сала кетейік, өткен жылы Ұлан Жапаров сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деген күдікке ілініп, қамауға алынған еді. Ол үш айдан астам уақыт бойы қамауда болып, кейін бұлтартпау шарасы бойынша үйқамаққа ауыстырылған.
Тергеу амалдары қалай аяқталғаны әлі белгісіз.