Бүгінгі қазақ жазушыларына айтылатын басты сын не деп ойлайсыз? Ол – жазушыларымыздың өз замандастарының өмірін көрсете алмауы, уақыттан қалып қоюы деген әңгіме. Бұл сынның шындығы да бар, бірақ бәрін бірдей осы сөздің уысында қалдыруға бола ма? Жазылып жатқан дүниелер, сомдалып жатқан образдар бар. Соның бір айғағы – Қуандық Түменбайдың 2021 жылы «Әдебиет» баспасынан шыққан «Саябақтағы классикалық әуен» атты кітабы дер едім.
Ең әуелі Қуандық шығармашылығымен таныстығым жайлы айта кетейін. Қайсыбір жылы «Қазақ әдебиеті» газетінен «Адам» атты әңгімені оқып, таңғалдым. Ауғанстан соғысының ақыры, кеңестік өмірдің бүркеулі шындығы шығармада көркемдік деңгейге жеткен. Бірақ әңгіме шығысымен автордың басы дау-дамайға қалды, газет бетінде қаламгерді «кінәлаған» мақалалар шоғыры жарық көрді. Қарсы мақалалар жазылды, авторды терең де білімді оқырмандары арашалап, ақтап алды. Автордың оқырмандар жүрегіне жол тауып, бірден баурап алуының сыры неде? Ең бастысы, бүгінгі заманның сұрқылтай бейнесі мен есірік характерін әдебиетімізге елдің алды боп, алғашқылардың бірі боп алып келуінде дер едік. Ал мынау қоғамдық формация ауысқан кезеңде жарық көрген жинағы кешегі социалистік заман мен бүгінгі тәуелсіз тіршіліктің шындығын көркем кестелеген шығармалар. Сондай-ақ Ауған соғысы мен БАМ-ға барған қазақ жастарының өмірі, желтоқсаншылар тағдыры да қамтылған. Кітапқа төрт хикаят пен он бес шақты әңгіме топтастырылған. Кітап атауын алған «Саябақтағы классикалық әуен» деп аталған әңгіме де осынау жаңа өмірдің бейнесі. Осы әңгімеде бүгінгі дендеп кеткен коррупция індеті де зейнеткер көзі арқылы таразыға түседі. Адамзат алаңсыз тыныш өмір сүру үшін қолың таза болу керек деген авторлық концепция әңгіменің өн бойынан көзге ұрып тұр. Сондай-ақ «Арқа», «Күзгі сын», «Дойбы ойнаған екі әйел», «Иттің тісін жұлған күн» дейтін әңгімелерінен бүгінгі қазақ әңгіме жанрының биік белеске көтерілгенін айтар едік. Бейімбет Майлин мен Сайын Мұратбек салған сүрлеуді қаламгердің жаңаша жаңғыртып келе жатқандығы анық байқалады. Әңгіме – шағын да шымыр әрі қытымыр жанр. Ол қайтымы тез, көп алдында аз сөйлеп, көп іс тындыратын болымды кісіні елестетеді. Бір романның айтарын бір әңгімемен жеткізуге тырысып жүрген Қуандықтың ізденістерін құптаймыз.
Осы кітаптың беташары «Дүрбі» хикаятынан біз өзгеріске ұшыраған өміріміздің кейіпкерін көреміз. Ол біраз жыл елден тысқары жүріп, қайта оралғанда быт-шыты шыққан құрылысқа кезігеді. АХБК опырылып, орнында жалға берілген жатақхана тұр. АХБК ауылдан келген қазақ қыздарының өмір мектебі, жұмысшы табы өкілдерінің қара шаңырағы болса, қайта құрумен бірге оның қабырғасы құлап, құр орны ғана қалған. Жолдыбай есімді жігіт – жаралы қоғамның болашағынан үміт күткен әдемі өрнектелген әдеби бейне. Қоғамымыздың басына түскен қайта құру деп аталған ұлтқа жасалған ессіз зорлықты бейнелеген шығарма көп емес, бұл соның бірегейі. «Нағыз қаламгер кешегіні де емес, ертеңді де емес, бүгінді жазу керек», демей ме Пушкин? Бүгінді жазу да, айту да оңай емес. Заман жекеменшіктің заманы болғанымен, кітап халықтікі. Оқырман шығармадан атой сап айқайлаған адамдар мен заманның илеуіне бүгілген қоңыр тіршілікті көреді, яғни өзін-өзі таниды. Шығарма осынысымен құнды.
Ұлы Отан соғысы туралы шығарма мезгілдің ауанына орай жазылып біткен бе десек, жүйесін тапса, әлі де майын тамызып жазуға болады екен. «Белдік сатқан» хикаятын оқығанда түйгеніміз – автор қазақ аулының озық өнегесін атың өшкір соғыспен астастыра отырып жақсы ашқан. Соғыспен басталған ауыл өмірі бүгінгі жаңа Қазақстанмен жалғасады, өзі бала жасынан таза, қазақы ауылда өскен жазушы ауылдық мінез-құлықты, адами жылы шуақты, елдікті елжірей жеткізіп, көркем кестелеген. Адамдарға жетіспейтін қайырымдылыққа зәру кезімізде бұл хикаят қазақ прозасындағы кейінгі жылдарда жазылған ерекше бір шығарма дер едім.
Халықтың өмірін, тұрмысын, болмысы мен адами келбетін, қоғамдық даму үдерісін әдебиеттегі әйел бейнесі арқылы да байқауға болады. Қуандық Түменбай әңгімелеріндегі әйел бейнесі Бейімбет Майлин немесе Жүсіпбек Аймауытов жазатын әйел қауымынан мүлде бөлек. Өйткені бұл – XXI ғасырдың әйелі, эмансипацияның шырқау шегіне жетіп, феминизм салтанат құрған дәуірде өмір сүріп отырған әйелдер. Осы жерде «Темір аяқ» әңгімесін ерекше атар едік. Бір аяғын комбайн мүжіп жеп қойған келіншек еңбектен қайтпайды. Оның бойында қазақы рух бар, көп бала тауып, ана болудан да тартынбайды. Ал «Волейболшы әйелдің ақ сүті» әңгімесінде ұлт намысы үшін шарқ ұрып, ойын үзілісінде ғана сәбиін емізген әйелмен беттесеміз. Жазушы шығармашылығындағы әйелдер бейнесі – әр алуан, әр типті, бір-біріне мүлде кереғар пәктік пен аңғалдықтың шыңына шыққан әйелдер галереясы.
Буниннің «Жеңіл күрсінісі», Чеховтың «Қанден ерткен келіншегі», Бейімбеттің «Шұғаның белгісі» мен «Күлпашындағы» нәзік лиризм Қуандық үшін үйренудің ұлы мектебі секілді. «Ашылып-жабылған есіктегі» көршілеріне биіктен қарайтын кешегі шенеунік – бүгінгі аяқ тірер бүдірі жоқ зейнеткер әйел, «Жер мен көктің арасындағы» ұшқыш күйеуін тағатсыздана күткен Шиегүл, «Жөйт берген сарымсақтағы» мұсылман дінін мойындаған Ольга Абрамқызы, «Шемішкедегі» қазақты құлай сүйген кәріс қызы Фрося – есте қалар образдар, оқырман жүрегін жаулаған әйел бейнелері. Ал орыс әдебиетінде ұрыны, бұзық пен алаяқты Астафьев пен Шукшин жағымсыз әрі жағымды етіп бейнелеп, адам табиғатына терең бойласа, «Қоңсыдағы» қызметтің құлы Сұрапберген, «Өмір ғойдағы» Ауған соғысына қатысып, үйсіз-күйсіз Абай ескерткішінің тұғырын мекен еткен Жылқыбек, «Атуға бұйырылған адамдағы» бейбіт заманда ұлттық намысына тигені үшін бір орысты өлтіріп, желтоқсаншыларға өлім жазасын кескенде еңкілдеп жылаған Жұмабай – ұмытылмас ұлттық бейнелер. Қай кездесу, қай сұхбат болмасын, оқырмандар автордан осылар туралы сыр тартып, сауал қояды. Бұлар – біздің прозамыздағы сәтті сомдалған образдар.
Жазушының кредосы – шындық және шындық. Әдетте шындық ащы келеді, шындықты айтқан адамның көпке жағуы екіталай. Мәселен, «Бөтен» хикаяты қоғамның кеселді мәселесін көтереді, шығармада мұң мен бақыт желісі қатар өріледі. Өзге ұлттан туған бөтеннің есімі Жалғас болды, бір сөзбен айтқанда, миграциялық экспансия мәселесі бізді ойландырады. Бұл жәйт шығармада оңды шешімін тапқан. Біздің жалғасымыз өзге ұлт өкілі бола ма деген сауал әркімнің жүрегін сыздатпай қоймайды.
Қаламгердің тағы бір қасиеті – баяндаудағы ұстамдылық, қысқалық, тіпті қысқа әңгіменің өзіне бірнеше тағдырды сыйғыза сипаттау. «Еркек» атты әңгімеде интрига да, драматизм де бар. Осы жерде махаббат пен кешірім тақырыбы терең қозғалады. Қоғамдық формацияның ауысуы мен мәдени парадигмаларды бастан кешірген заманда біз тек асыраушы емес, қолы таза еркекті көргіміз келеді. Әңгіменің бас кейіпкері Торыбай – түрме көрген пенде, ол өзіне тартпаған жаны да, тәні де таза перзент өсіру үшін жанын шүберекке түйген бір болмыс.
Жапон тақырыбына кезінде ұлы Мұхаң барған екен, осы кезеңде сол еңбеккеш елден кейіпкер жасап жүрген де осы Қуандық. «Тоқал тамның төбесі» әңгімесінде өзіміз пір тұтып жүрген жапон жұртының минөтті ұқыптап жұмсаған тиянақты өмір салтын қазақы көңілмен астастыра суреттесе, «Хибаксуя» мен «Роботтың соты» шығармаларында үлкенді сыйлау мен сұлу табиғатты қор қылмау сипаттары көркемдік деңгейде суреттеледі.
Қуандық Түменбай – кеңестік қазақ өмірінің де, тәуелсіздік алған өтпелі кезең мен қазіргі XXI ғасыр әдебиетінің де белгілі өкілі. Осыншама қайшылықты кезеңдерге куә болып келе жатқан жазушының шығармалары жақсылықтың, адамгершілік пен рухани құндылықтардың қорғаушысы әрі көрінісі дер едік. Аталған кітап Мемлекеттік сыйлыққа лайық деп бағалаймыз.
Қойшығара САЛҒАРАҰЛЫ,жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты