• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Саясат 18 Шілде, 2024

Креативті хабтың құтты шаңырағы

118 рет
көрсетілді

Елордада алғашқы ірі креативті хаб өз жұмысын бастады. Шы­ғар­машылық кеңістік Мемле­кет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен ашылды. Президент Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында бұл сала еліміздің экономикасын өркендетуге тың серпін беретініне сенім білдірген еді.

Креативті хабтың ашылу салтанатына Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Сенат депутаты Андрей Лу­кин мен Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек қатысты. Қонақтар сән­­дік-қолданбалы өнер шеберлерімен таны­­сып, ұлттық болмысты сақтауда қазақтың дәстүрлі ою-өрнегін қастерлеп, на­си­х­аттаудың маңызы зор екенін айтты.

Ауданы 1,5 мың шаршы метрді құрайтын үшқабатты ғимарат нетворкинг жасап, креативті индустрия жобаларын жүзеге асыру алаңына айналмақ. Хаб бірнеше бағыттағы аймақтарға бөлінген. Атап айтқанда, кітап дүкені мен отандық баспалардың өнімдеріне арналған оқу залы, этно-мұражай, қолөнер шеберханалары, заманауи өнер қойылымдары, музыкалық және әдеби кештер алаңы, сонымен қатар «Smart nomad games» жобасы мен заманауи өнер галереясы бар.

«ÓzgeEpic» хабына бірегей этно-музей мен қолөнер шеберханасы кіреді. Мұнда хаб аумағында отандық баспалардың өнімдерін сатуға арналған кітап дүкені бар. Астанадағы креативті хабтың мақсаты – бәсекеге қабілетті заманауи өнерді дамыту және қоғамның мәдени санасын арттыру, сондай-ақ дарынды және интеллектуалды жастарды қолдау әрі тәлімгерлік ету», – деп елорда әкімі Instagram парақшасында жазды.

Мұндай хабтарды еліміздің барлық аймағынан ашу жоспарланып отыр. Бұл шығармашылық жобаларды іске асыруға және коммерцияландыруға, сондай-ақ шығармашылық нарыққа жүздеген маман қосуға ықпал етеді.