Қазақстан мен Қытайдың ұлттық банктері цифрлық валюталарды дамыту бойынша бірлескен іс-қимылдардың басталғанын ресми түрде жариялады.
Қос мемлекеттің қаржы институттары орталық банктердің цифрлық валюталары (Central Bank Digital Currency/CBDC) саласындағы зерттеулерге бағытталған ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға мемлекеттік сапары барысында қабылданды. Меморандум аясында банктер CBDC саласында тәжірибе мен сараптама алмасу, сондай-ақ осы салада бірлескен зерттеулер жүргізу туралы келіскен.
Бұдан басқа, тараптар бірлескен оқыту бағдарламалары арқылы қызметкерлердің құзыреттілігін дамытуды жоспарлап отыр. Меморандумның мақсаттарын іске асыруға сондай-ақ Қазақстан Ұлттық банкінің Ұлттық төлем корпорациясы мен Қытай Халық банкінің Цифрлық валюта институты қатысады.
– Қол қойылған құжат қаржы саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың және екі елдің инновацияларға, цифрлық технологияларды дамытуға ұмтылысының маңыздылығын атап көрсетеді. Орталық банктің цифрлық валютасы (Central Bank Digital Currency/CBDC) – Орталық банк бақылайтын және шығаратын ұлттық валютаның электронды баламасы. Cryptocurrency саласындағы көптеген сарапшы CBDC қаржы жүйесін ауыстыруға қабілетті негізгі үрдіске айналады деп болжайды, – делінген хабарламада.