Оқу-ағарту министрлігі өңірлерде зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балаларға көмектесетін бағдарлама енгізіле бастағанын хабарлады, деп жазады Egemen.kz.
Бағдарламаның мақсаты − зорлық-зомбылыққа, қатыгездікке, буллингке ұшыраған, сондай-ақ қылмысқа куә болған балаларға кешенді көмек көрсету. Бағдарлама балалардың эмоциялық, когнитивтік және мінез-құлқындағы салдарларды еңсеру.
Бастама балаларға көмек көрсету алгоритмін және кәмелетке толмағандардың қажеттіліктерін бағалау негізінде медициналық, психологиялық, педагогикалық, әлеуметтік және құқықтық көмек көрсету түрлерінің кешенін қамтиды. Бағдарлама шеңберінде балалар мен олардың ата-аналарына психологиялық көмек көрсету бойынша бірыңғай әдістемелік ұсынымдар әзірленген. «Әрбір бала зорлық-зомбылықтан қорғалуы тиіс. Осы бастаманың қабылдануы мемлекет пен қоғамның бала құқығын қорғау және әрбір баланың қауіпсіз балалық шағын қамтамасыз етудегі міндеттемесінің көрінісі. Бұл бағдарлама балаларға зардап салдарымен күресу және психологиялық тұрғыда қолдау жүйесін құрудағы маңызды қадам болып табылады», деді Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Юлия Овечкина. Көмек көрсету облыстық деңгейде психологиялық қолдау орталықтарының, аудандық деңгейде білім бөлімдерінің базасында іске асырылады.