Мен мақаламды тәуелсіздік алған алғашқы жылдардағы, өзім байқаған, қоғам бойындағы келеңсіз көріністердің бірінен бастағым келіп отыр. Жазушылар одағының екінші хатшысы болып келген кезім. Қызметке жаңа келген адам не нәрсені де тезірек білгісі, тезірек ұққысы келіп тұрады ғой. Көз қарақты, құлақ түрулі. Сондай күндердің бірінде құлағыма жастар еліміздегі қазіргі жағдай туралы пікірталас өткізгелі жатыр екен деген хабар тиді. Жиналып шұғыл бардым. Жиын енді басталғалы жатыр екен. Аудиторияда кілең жастар. Бәрі де елдің бүгіні мен ертеңіне алаңдаулы екені көздерінен көрініп тұр. Көп ұзамай негізгі тақырыпқа көшті.
Жұқалтаң бір жігіт мінбеге көтеріліп, судыратып сөйлей бастады. Жастар жетекшілерінің бірі екені көрініп тұр. Шыққан бойда ол кешегі зұлмат заманды, коммунистік қоғамды іреп союға кірісті. Дұрыс-ақ. Әсіресе қазақты қан жылатқан коммунистік қоғамды бұтарлап сындырып, қалай айтуға да болады. Ол Құдайсыз қоғамның иманнан, ардан жұрдай екені белгілі ғой. Сөзшең жігіт екен. Айтарын төгіп-төгіп ақтарған ол ақырында коммунистік қоғамды сынап қана қоймай, коммунистерді мүлдем жою керек, оларды қоғамнан біржола аластау керек дегенге дейін барды. Оның бұл сөзіне жастар қатты елігіп, қолдарын соқты.
(Өтешқали Атанбаев, Нұртас Оңдасынов және Бауыржан Момышұлы. Алматы, 1946 жыл)
Менің еріксіз орнымнан тұруыма тура келді де, мінбеге бардым. «Айналайын, інім, сен жақсы сөйледің. Дұрыс айттың. Енді ол қоғам келмеске кетсін. Бірақ мен коммунистерді мүлдем жою керек деген сөзіңе қарсымын. Онда біздің де сол қатыгез қоғамнан айырмашылығымыз болмайды ғой. Сонда біз жақындарымызды, туған-туысқандарымызды, әкелеріміз бен ағаларымызды, елдің басы-қасында жүрген, сөздеріне бүкіл ел құлақ салатын адамдарымызды қайтеміз? Олардан бас тарту деген өзімізді өзіміз тірідей жерге көму ғой. Шынын айтқанда, еліміздегі қарапайым адамдар да, әйгілі азаматтардың көбісі де өз еріктерімен коммунист бола қойған жоқ. Мәжбүрледі. Ал беделді, белгілі азаматтарымыз коммунист болмаса өз пікірін де, елдің сөзін де айтатын мүмкіндігі болмайтұғынын білді. Сол үшін амалсыз коммунист болды. Мәселен, қараңдаршы, өздерің қатты қадірлейтін, тіпті пір тұтатын Шерхан Мұртаза, Олжас Сүлейменов, Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Шаханов, Қадыр Мырзалиев және басқалардың бәрі де – коммунистер. Сонда сенің талабың бойынша соларды да жою керек пе? Онда біз қалайық-қаламайық қанішер елге айналамыз ғой. Өзімізді өзіміз құртамыз ғой. Одан да ел болып бірігейік, жұрт болып топтасайық», дедім. Зал сабасына түскендей болды.
Мен мұны неге айтып отырмын? Айтып отырған себебім – өткеннің бәріне күл шашатындар әлі де бар. Осымыз дұрыс па? Сол қатыгез, қатал заманның өзінде де, халқының қамын ойлаған, ұлтының болашағын сақтап қалуға өзін құрбан етуге даяр азаматтар болды ғой. Мәселен, Тәшеновтің өзін ғана алайықшы. Ол өзінің жанкешті ерлігінің арқасында елдің, жердің тұтастығын сақтап қалды ғой. Оның сол ерлігі болмаса, қазіргі күніміз не болар еді? Әрі қарай ел боламыз ба, ел болмаймыз ба деген тағдырымыз екіұшты болып қалар еді. Сондықтан да оның есімі тарихымызда алтын әріптермен жазылып қалды.
Сол заманда, бұрын да, одан кейін де ел қамын ойлаған азаматтар, Құдайға шүкір, болды. Солардың бірі, сөз жоқ, Нұртас Оңдасынов дер едік. Ол – Хрущевтің қоқан-лоққысынан бұғып қалмастан қайта-қайта қарсы шыққан адам. Ол Хрущевтің тың көтереміз деген сөзіне орай «Тыңды көтерейік, оған қарсы емеспін, ол үшін ашаршылық жылдарында шетелге ауып кеткен қазақтарды шақырайық, сосын көтерейік», дейді.
Сондай-ақ республиканың қырық жылдығы тойланып жатқанда, орта тұста отырған Оңдасыновқа келіп: «Оңдасынов, сен үнемі Өзбекстанға үш ауданды беруге қарсы болушы едің, ертең қол қойылады, ол аудандар беріледі», дейді. Сонда Нұртас орнынан аспай-саспай тұрып «Мен Үкімет басында отырсам, әлі де қарсы болар едім», деп қатқыл жауап береді. Осы бір сәтке куә болып отырған Д.Қонаев естелігінде: «Банкеттің ортасында Хрущевтің көңіл күйі бұзылып, кетіп қалды», деп жазады. Осындай текетірестердің әбден жетіліп, кемеліне келіп тұрған шағында, яғни 58 жасында Оңдасынов зейнеткерлікке шығарылады.
Көріп отырғанымыздай, Нұртас Оңдасынов – қашанда өз мүддесінен гөрі ел мүддесін жоғары қойған адам. Сол кездің өзінде-ақ ол Хрущевтің тың игеру науқаны қазақ еліне аласат қауіп, орасан зиян әкелетінін білген еді. Шынында да, солай болып шықты. Оның зиян-зардабын әлі күнге тартып келеміз ғой.
Тыңды игеруге ешқандай тиянақты жоспар да, жүйе де болған жоқ. Қазақ жерінің астын үстіне шығарып, қара жерді қақыратып жырта берді, жырта берді. Осындай озбырлықпен, өктемдікпен басталған ол жұмыс елдің берекесін кетіріп, құтын қашырды. Ауылдар да, адамдар да азапқа түсті.
Біз оқып жүрген кезде жоғары оқу орнындағы студенттерді астық жинауға алып кететін. Біз де бардық. Қостанайдың Жітіқара деген жеріне түстік. Бірақ қазақтар жоқтың қасы. Басым көпшілігі басқа ұлттар. Мен сияқты кілең қазақтардың ортасында өскендер, Қазақстан болған соң, сөз жоқ өз қандастарын іздейді ғой. Қазақтар көзге түсе қоймаған соң, сол жерде тұратын біреулерден сұрастырып көрсем, біз істейтін жердің желке тұсында шағын ауыл тұр екен, сол жақты меңзеді. Бір үзілістің кезінде сол жаққа кеттім. Шағын ғана ауыл. Бұл жерде де қазақтар жоқтың қасы екен. Дегенмен бір ақсақалды кездестіріп әңгімеге тарттым. Алғашқыда ол мені сенімсіздікпен қарсы алды да, сөзімнің нобайын ұққан соң бірте-бірте шешіле бастады. Айтып отырса, көрмеген құқайлары жоқ екен. Тың игеруге алып келгендердің ішінде небір сұмпайы сұмырайлар, абақтыдан шыққандар, бұзықтар болыпты. Бізді тек орнымыздан көтеріп, қоныстарымыздан айырып қана қойған жоқ, бізге зорлық-зомбылықтар да жасалды. Күн көрсетпейтін жағдайға жеткізді. Мектептер бірінен соң бірі жабылды. Балаларымыз қазақша мектептен қол үзді. Өзіміздің қазақы болмысымыз, әдет-ғұрпымыз аяқасты болды деп әлгі ақсақал көзіне жас алып, қамықты. Әлгі зарды естігенде менің ішім алай-дүлей боп, зығырданым қайнап, орнымнан тұрып кеттім. Бірақ қайтеміз, қолдан келер амал жоқ.
Алғашқы жылдары Қазақстанда 6,5 миллион гектар жер жыртылған. Оны аз дегендей, болашақта 20-30 миллион гектар жер жырту керек деп қаулы шығарып қойған. Сол 1956 жылдың өзінде-ақ қоныс аударушылардың саны 650 мыңға жеткен. Бұл дегеніңіз бір елді тұтастай озбырлықпен басып алу ғой.
Қайран елім, қайран қазағым-ай! Не көрмедің сен! Күні кеше ғана қолдан қасақана ұйымдастырылған ашаршылықты басыңнан өткеріп, содан кейін қуғын-сүргінге түстің. Ашаршылық жылдары адамдар миллиондап қырылды. Қуғын-сүргін кезінде еліміз көзі ашық, көкірегі ояу асыл азаматтарынан айырылды. Соғыс жылдарында көрген тауқыметтеріміздің өзін айтып жеткізу қиын. Енді тың игеру науқанын асығыс бастап еліміз бен жерімізді ту талақай етті. Әрине, сол кездің өзінде, содан кейін де қарсы болған ешкім жоқ. Бірақ ол ғылыми сараптамалардан мұқият өтіп, сонан кейін жүйе-жүйесіне түсіп барып игерілуі керек еді.
Олар өздерінің әріде жатқан арам ойларын шұғыл түрде іске асырғысы келді. Яғни қазақтың жерінен қазақтарды мүлде аластап немесе оларды тезірек тілі мен ділінен сырт айналдырып жібермек болды. Нағыз басқыншылық саясат. Басқыншылдық үрдіс. Олай демей не дерсің, сол тың игеру жылдары 2 миллион адам көшіп келіп, қазақтардың саны 30 пайызға төмендеп кетсе. 200-ден аса селолық, аудандық кеңестердің аттары өзгертіліп, өзге тілге ауыстырылса.
Мақаламыздың бас жағында оның зардабын әлі тартып келеміз дегеніміз осы деуге болады. Әлі күнге дейін байырғы қалпына келтіре алмай келеміз. Тіпті тың өлкесінің бірінші хатшысы Т.Соколов деген Ақмола қаласының атын Хрущевград деп атайық деген ұсыныс жасаған. Әйтеуір ол ұсыныс әупіріммен өтпей қалды. Бірақ ол қаланың аты бәріміз білетін Целиноградқа ауыстырылды.
Қазақстан Үкіметін аса ауыр жылдары, яғни 1938-1951 жылдары 13 жыл басқарған Нұртас Оңдасынов атына шаң түгілі тозаң қондырмай, адал да, әділетті басшы бола білді. Тіпті 34 жасында ел тағдыры қолына тиген Оңдасынов даңдайсып та, менменсіп те кеткен жоқ. Оның бойында пайым мен парасат, жігер мен қайсарлық, білім мен іскерлік, сабыр мен табандылық бола білді.
Соғыс жылдары бәріміз білетіндей Қазақстанның бойына аса ауыр жүк түсті. Ол жүкті қайыспай көтеру керек болды. Ресейден адамдармен бірге көптеген өндіріс орны көшіп келді. Оларды орналастыру, жедел түрде іске қосу, сөйтіп өнім шығару айтар ауызға оңай болғанмен, шын жүзеге асыру оңай болып па? Сол соғыс жылдары Қап тауынан ауған жұртты, кәрістерді, тағы басқа ұлт өкілдерінің орнығуын, жұмыс бастап кетуін үйлестіру де қыруар шаруа ғой. Осылардың бәріне ол уақыт таба білді. Бірінен соң бірін жүзеге асыра білді.
Солай бола тұра Нұртас Оңдасынов елінің қамын, әсіресе рухани өмірін көзінен бірде-бір рет таса еткен жоқ. Дүниежүзілік соғыс жүріп жатса да, елінің ертеңін ойлай білген ол Опера және балет театры мен Ғылым академиясының ғимаратын тұрғызды. Алғаш Ғылым академиясы ашылған кезде Оңдасыновтың күмістей таза болсын деп уыстап күміс теңгелерді шашқанын көп ғалым әлі күнге дейін тамсана айтады.
Ол Ғылым академиясының буыны бекіп, аяғынан тұрып кетуіне де көп күш жұмсады. Академияны басқаратын адамды да Оңдасыновтың өзі тапты. Ол бірде газеттен Қ.Сәтбаевтың екі мақаласын оқып, оның білімділігіне, арғы-бергі жайларды зерделеп, ғылыми жүйеге түсіріп сөйлейтініне тәнті болған-ды. Көп ұзамай оның өзімен кездесіп, оған деген ықыласы бұрынғыдан да беки түсті де, ақырында өзі бас болып ғұлама ғалымды тиісті орындардың бәрінен өткізіп, академияның президенті етті.
Сондай-ақ бүкіл Орта Азияда жоқ Қыздар педагогикалық институтының, консерваторияның және басқа да көптеген білім ордасының ашылуына тікелей ықпал еткен де осы Н.Оңдасынов болатын. Соғысқа байланысты орталық киностудиялардың Алматыға көшіп келуімен қазақша фильмдер дүниеге келді. Біздің бұл сөзімізге күмән келтіретіндер де болар. Олай болса бұл фактілерді дәлелдеп, дәйектеп беретін құжаттар Нұрекеңнің архивінде сақтаулы тұр. Кез келген уақытта барып танысуларыңызға болады.
Сол жылдары қанқұйлы соғысқа қарамай, қазақтың Мемлекеттік академиялық опера және балет театрының тынысы ашылып, репертуары кеңейе түсті. Мұқан Төлебаевтың «Біржан-Сара», А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай», Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек», «Дударай» опералары қойылды. Олардың бәрі бүгінгі таңда ұлттық құндылықтарымыз, олармен біз бүгін де мақтанамыз, рухани дәріс аламыз. Олар бүгін де жүріп жатыр, ертең де жүре бермек.
Ал балет өнерінің дамуына үлкен үлес қосқан, соғыс басталғаннан бері Алматыда тұрып жатқан атағы жер жаратын Галина Уланованың есімін ардақтауға әбден болады. Ол балет өнерінің өресін биіктетіп, өркенін жайып кетті. Оның сол еңбегін жоғары бағалаған Қазақ Үкіметі Қазақ КСР-інің халық әртісі атағын берді. Ал Опера және балет театрының ғимараты біткен кезде Нұртас Оңдасынов сөз сөйлеп, елдің зор қуанышын тебірене жеткізді.
Ал бүгінгі таңда елімізде кең таныс Хакімжан Наурызбаевтың өнерге қалай келгенін көп адам білсе керек. Оны да ауылда саз балшықтан әртүрлі бейнелер жасап жүрген жерінен сонау Харьковқа оқуға жіберіп оқытып, ақырында бәріміз мақтан тұтатын Абай ескерткішін дүниеге келтіру деңгейіне дейін өскен даңқты мүсіншіге айналды. Оған да Нұртас Оңдасыновтың тікелей ықпалы болғанын қалай айтпасқа?
Нұртас Оңдасынов ел ішінде қабілетті адамдарды іздеп тауып, олардың жолын әрқашан ашып отырған. Бірде Ленинградқа барғанда жас инженер Д.Қонаевты кездестіреді. Онымен пікірлесіп, көптеген тақырыпты қамтып сөйлеседі де, қабілет-қарымына, біліміне тәнті болып, көп ұзамай оны өзінің орынбасары етіп жұмысқа алады. Осы қызметті ол он жыл бойы атқарды. Өзінің естелігінде Д.Қонаев «Біз Оңдасыновтың ұстаханасынан шыққанбыз», деп мерейлене жазған.
Ауыл шаруашылығы саласында да қыруар істер тындырылды. Олардың бәрін жіпке тізіп айта берсек, әңгіме ұзаққа кетеді. Сондай-ақ фашистерден азат етілген елді мекендерге ақшалай, заттай көмек көрсетілудің өзі – жеке әңгіме. Соғыстан әбден қалжырап шыққан Қазақстан оларға қолұшын беруден танған жоқ. Соғыс жылдарында түсті металлургия зор қарқынмен дамып, әлі күнге біздің экономикамыздың күретамыры болып келеді. Бұған қоса Ертіс – Қарағанды, Арыс – Түркістан, Мырзашөл каналдарының салынуы да еліміздің дамуына үлкен серпін берді деп айта аламыз. Ал Мойынты – Шу теміржолының салынуын Н.Оңдасыновтың өзі де мақтан тұтып айтатын үлкен шаруа болды. Оның бүгінгі таңға дейін экономикамыздың өсіп-өркендеуіне ықпал етіп отырғанын жасыру күнә болар еді.
Не нәрсенің де байыбына бармай, үлкен қателіктер мен кемшіліктерге ұрындыратын шешім шығаратын ұрда-жық оспадар Хрушевтің кезінде Н.Оңдасынов жұмысынан аластатылып, көп ұзамай Гурьев облысына жіберілді. Ол алдымен Гурьев облыстық атқару комитетінің төрағасы, содан кейін облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып жұмыс істеді. Ол бұл қызметтерді де абыроймен атқарып шықты деп айта аламыз. Әрине, оған бұл абырой оп-оңай келе қойған жоқ. Ол табан ақы, маңдай тердің, тайсалмас жігер мен қайсарлықтың, жан-жақты білімнің арқасында келгені сөзсіз.
Кезінде онжылдықты бітірген бойда бүкіл республика бойынша мал бағамыз деген үндеуге қосыла кеткен мектептер аз болған жоқ. Одан Маңғыстаудағы оқушылар да тыс қалмапты. Тек Оңдасынов қана Үкіметтің мұндай парықсыз қаулысына қарсы шығып «Мал болса, малды баға-тұғын адам табылады, балаларды оқуларынан қалдырмаңдар», деп батыл шешімге келген. Солардың ішінде бүгінде қазақтың заңғар жазушысы Әбіш Кекілбаев бар болатын. Содан да болса керек, ол өзінің естелігінде Нұртас ағаны зор құрметтеп, сыйластықпен еске алады.
Әбіш Кекілбаев сол бір кездерді былайша еске алады: «Н.Оңдасынов барғанға дейін өздерінің кадрлары жоқ деп, бригадрліктен жоғары қызметтерге шеттен келген еді. Нұртас Дәндібайұлы дәл сол кадрларға қу тақыр аймақтан барлық шаруашылық, өнеркәсіп, мәдениет қызметкерлерін, ауылдарын, аудандарын, қалаларын түгелдей өз мамандарына басқартып қана қоймай, кейін республикалық, одақтық дәрежеде танылған білікті басшыларды тәрбиелеп өсірді. Алыс вахтадағы бұрғышылар, отарлардағы шопандардан бастап елдің естияр азаматтарын түгел танып білді. Араларында болып, ақылдасты», деп тебіренеді. Шынында да, бұл сол өлкеден шыққан Әбекеңнің шын тебіренуі болатын.
Ел қашанда кімді болсын еңбегіне қарай бағалайды, атқарған жұмысына қарай құрмет көрсетеді. Жұмыстан босап, Мәскеуде тұрған кезінде келесі жылы оны бір облыстық жиынға шақырғанда осы өңір халқы туған әкелері тіріліп келгендей ағыл-тегіл қуанады. Әрине, мұны өз көзімен көрген туған інісіндей болып кеткен Сағидолла Құбашев әдемі әңгімелейді. Нұрекеңе сөз берілгенде жұрт орындарынан дүркірей көтеріліп тұрып алды. Отырыңдар десе де отырмайды.
Мінбедегі Нұрекеңнің өзі қолын бұлғаған ишарасынан кейін барып зал тынышталып орындарына отырады. Енді Нұрекеңнің тамағы құрғап, үні шықпай қапелімде аузына сөз түспей ұзақ кідіріп қалады. Ол кісінің қатты қобалжып тұрғанын көрген халық орындарынан тұрып қайтадан дуылдатып қол соғады. Қашан Нұрекең өз-өзіне келіп, сөзін бастап кеткенше орындарына отырмайды. Нұрекең сөзін бітіргеннен кейін әлгі көрініс үшінші рет қайталанады. Осындай көл-көсір ризашылыққа риза болған Нұрекең соңынан «Атыраулықтар бүгін мені алтын бесікке салып тербетті ғой», депті. Әрине, елдің құрметі мен сүйіспеншілігінен артық дүниеде награда жоқ қой.
Нұрекеңді жұрт соншалықты неге құрметтеді? Оған да өзі жауап береді. «Біріншіден, қанша қиын кездерде ел басқарсам да, ешкімнің жаны мен қаны мойнымда жоқ, арым таза. Екіншіден, ешкімнен пара алған емеспін, қолым таза. Үшіншіден, ешқашан ешкімнің руын, жүзін сұраған емеспін, жүзім таза».
Нұртас Оңдасынов барлық жерде де аса қадірлі, зор құрметке ие болған. Оның ойымен, пікір, ұсыныстарымен санасып отырған.
Атақты қолбасшы, бүкіл қазақ халқының намысын бойына жиған Бауыржан Момышұлы әлі жазылмаған, бірақ жазылуға тиіс шығармасының нобайын Нұрекеңе жіберіп, ол кісіден пікір күтеді. Ол хатында былай деп жазады. «Одну из ненаписанных глав своей рукописи в плане я назвал «Благородные традиции казахского народа воспитывающие боевые качества в джигите», в личном письме к Вам, как старшим братом хочу поделиться с Вами набросками этой главы. 1. Әдет және әдеп; 2. Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі; 3. Ұлы өссе, ұлы жақсымен, қызы өссе, қызы жақсымен ауылдас болғын; 4. «Тексізден тезек артық», «Арсыздан айуан артық»; 5. «Жаным арымнан садақа»; 6. «Өлімнен ұят күшті; 7. «Қоянды қамыс, ерді намыс өлтіреді».
Әрине, біз Баукеңнің бұл хатына Нұрекеңнің не деп жауап бергенін білмейміз. Әңгіме онда емес. Әңгіме оның дүниетанымының кеңдігінде, ұлтының болмыс-бітімін терең білетіндігінде болып тұр. Содан да ғұлама деген Баукеңнің өзі пікір сұрап, хат жазып отыр.
Нұрекеңнің адамгершілік болмыс-бітімінің жан-жақты екені соншама, бір кезде берген уәдесінің үдесінен шығу үшін уақыт өтіп кетсе де, ұмытпайды екен. Cаламат Мұқашев ол туралы былай деп жазады. «Бір күні Нұрекең телефон шалып: «Шырағым, менің Атыраудан кеткелі арқалап жүрген борышым бар еді, соны өтесең қайтеді», деді де: «Атырауда Раушан деген қобызшы болды ғой, оны өзің де білетін шығарсың. Ол оркестр ұйымдастырып, қыздарды тәрбиеледі, оған құрметті атақ беруге уақыт жетті, соған ықпал етші», деді. Мен бірден ол кісінің айтқан аманатын орындауға іске кірістім. Көп ұзамай Раушан «Республикаға еңбегі сіңген мәдениет қайраткері» атағын алды», дейді.
Оның сонымен бірге мәдениеті өте жоғары болған. Оған Сағидолла Құбашевтың мына сөзінен кейін көзің жете түседі: «Менің Қазақстан Компартиясының екінші хатшысы болып тұрған кезімде Нұрекең Алматыға келді. Мен ол кісіні қонақүйдегі абыр-сабырдан аулақ болсын деп үйіме жатқыздым. Күтуші әйел бар. Жұмыстан кейін кешке қарай екеуміз отырып өткен-кеткенді айтып, ұзақ әңгімеге көшеміз. Бірер күннен кейін Нұрекең әлгіндегі әңгімені үзіп: «Сәке, (көбіне мені осылай атайтын) мен сенің қабылдауыңа жазылам, қашан, қай уақытта қабылдайсың?» деп отыр. «Нұреке-ау, қандай қабылдауды айтып отырсыз, осы жерде айта беріңіз», деп жатырмын. «Жоқ, шырағым, кеңсеге барып айтуым керек, сонда ол құндырақ болады», деді. Не керек, ол кісі сол кездесуде туған аулына көмек сұрай келген екен... Кейіннен ол ауылдың жағдайын жақсартуға бірқатар жұмыс атқарғаным рас».
Менің бұл жерде айтайын дегенім, ол кісі кезінде Үкімет басында отыра тұра менің ауылым деп оған жұрттан бөлек көңіл бөлмегеніне еріксіз риза боласың.Ол өзінің өмірінің соңғы жиырма жылында да қарап жатпапты. Сол жылдары қадау-қадау
«Арабша-қазақша түсіндірме сөздігі», «Парсыша-қазақша түсіндірме сөздігі», «Араб текті қазақ есімдері» сияқты еңбектер даярлады. Бұл мұралары да ұлт руханиятының елеулі ұстыны дей аламыз.
Темірхан МЕДЕТБЕК,ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты