Қазір баяғыдай емес, ащы су ішетіндер анағұрлым азайды. Біреу рөлде екенін сылтауратып ішпейді, енді біреулер дәрі-дәрмектің күшіне мойынсұнған, ал, келесілерін психологтер кодтап тастаса, енді бір бөлігі дін жолына түскендіктен шайтансуға жоламайды. Мейлі, қалай болса да, адамдардың арақ ішпегендері дұрыс-ақ.
Асқар да кезінде ақаңды өкпелете қоймағандардың бірі еді... Ал қазір татып алмайды. Оның арақтан безінуі де басқалардан бөлекшелеу.
– Кешеге дейін үйреніп қалған ақаңды бұрқыратпасам, жүре алмайтын едім. «Келін түссе, қоярмын» дейтінмін. Бірақ ішкің келгенде келін де кедергі бола алмайды екен. Немерелі болғанда да бір ай бойы үзбестен «жудық». Солай жалғасып жатқан.
Немере де өсті. Тіл шыға бастады. Өзі маған сондай жақын. Әке-шешесіне де, тіпті әжесіне де бармайды, тек мені іздейді де тұрады. Жұмыстан қалай келемін, қасымнан шықпайды.
Бірде Құдай атып, үйге тағы да «бұрқыратып» келмеймін бе? Немерем алдымнан жүгіріп шықты. Әдеттегідей құшағыма басып, бетінен сүйейін десем, ол басын шайқап, сүйгізбейді. «Әй, саған не болды?» десем, «Ата, кәкәй, ата кәкәй» деп, менен қашқақтап, жуымайды. Ішіп алғанымды жақтырмағанын түсіндім. Содан түнімен ұйықтағаным жоқ. «Бала-екеш балаға да қадірім қалмай барады екен, бұдан кейін арақ деген пәлені аузыма алмайын» деп өз-өзіме серт бердім. Сөйтіп, сол күннен бастап арақты тастадым да кеттім», дейді Асқардың өзі.
Оның бәйбішесі де мәз-мейрам. «Немере деген құдірет екен ғой. Мынаған «арағыңды таста» деп ақыл айтпаған адам, «енді ішіп келсең, жұмыстан статьямен шығасың» деп ескертпеген бастық қалмаған шығар. Бірақ соның ешқайсысы да әсер етпеп еді. Ал немересінің бірауыз сөзі соның бәрінен де қуатты болып шықты. Осыдан соң «немере деген құдірет екен ғой» демегенде қайтейін?!» деген ол «бізге осындай немере сыйлаған келінімнен айналдым» дегенді қоса айтуды да еш ұмытпайды.
Ұлытау облысы