Қазақтың алғашқы металлургтері ұлт өндірісінің қара шаңырағы – Қарсақбайда өсіп, жетілді. Солардың бірі Қойшыбек Доспанов еді. Ол кісі туралы «еді» деп сөйлеуге мәжбүрміз. Өйткені ол 2017 жылы 89 жасында бақилық болды. Бірақ соңына жақсы жол, өшпес із қалдырып кетті. «Адам ұрпағымен мың жасайды» депті Лұқпан хакім. Әрине, саналы ұрпағы болса...
Соғыс басталғанда Қойшыбек 13 жаста еді. Сол жылы әкесі Әлмағанбет қайтыс болды. Анасы Әлиманың бар сүйенері өзі болып қалды. Қарсақбай мыс зауытының теміржол цехына жұмыскер болып қабылданды. Таңертең ерте тұратын да, мектепке інісін арқалап апарып, жұмысына асығатын. Сонда күнұзақ титыңдап жүргенде табатын табысы – 400 грамм қара нан. Дегенмен еткен еңбегі ескерусіз қалмады. 1946 жылғы 15 желтоқсанда Жезқазған аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары Маслюковтың қолынан «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы кезіндегі жанқиярлық еңбегі үшін» медалін алды. Бұл оның ең алғашқы марапаты болатын.
Еңбек оны осылайша ерте есейтті. 1952 жылы ол зауыттың металлургия цехына ауысты. Шихта тиеуші, горновой, балқытушы болды. Жұмысты жанын салып, беріле істеді. 1975 жылы Жезқазған мыс зауытына келіп, зейнет демалысына шыққанша 8-санаттағы аға балқытушы болды. «Еңбек Қызыл Ту», «Октябрь революциясы» ордендерімен, тағы басқа бірнеше медальмен марапатталды. КСРО-ның Құрметті, ал ҚазКСР-інің еңбек сіңірген металлургі атанды. Мұның бәрі де ештеңе емес. Ол соңына атына кір келтірмейтін, нанын адалынан жегенді бәрінен артық санайтын ұрпақ тәрбиелеп өсіргенін өзіне өмірлік мақтаныш тұтып кетті. Бәйбішесі Бәтима екеуі оннан аса бала тәрбиелеп өсірді. Олардың бәрі де әкенің сөзін жерге тастамады, ананың алдын кесіп өтпеді.
Қазір Қойшыбек ақсақал да, Бәтима ана да өмірде жоқ. Бірақ олардың өнегелі ғұмырлары ұрпағы арқылы жалғасын тауып жатыр. Доспановтар әулетінің жалпы еңбек өтілі 400 жылға жуықтап қалыпты. Және бір ғажабы олардың басым көпшілігі – қарапайым еңбек адамдары. Солардың ішінде төрт бірдей ұлы еңбектегі бақытын әкелерінің ізімен металлургия саласынан тауыпты. Олар – Әбдірашит, Нұрлан, Рамазан, Рахымжан. Бұлардан бөлек, Қойшыбек ақсақалдың інісінің ұлы Талғат та, тіпті күйеу баласы Серік те, нағашысына тартып туған Ескендір де мыс зауытынан табылды. Өкінішке қарай, Талғат өткен жылы өмірден өтіп кетті.
Әбдірашит металлург болудың жеңіл соқпайтынын жақсы білді. Өйткені әкесінің кезекті ауысымнан келген сәтіне сан рет куә болып өсті ғой. «Әкем көтерген ауырлықтан бойымды аулақ салсам кім болғаным?». Мамандық таңдауға келгенде осындай ойға табан тіреген ол әскерден келісімен мыс зауытына барды. Бұл 1985 жылдың 1 ақпаны болатын. Содан бері 40 жылға жуық уақыт өте шығыпты. Қазіргі кезде ол – балқытушылар бригадирі. Бұл цехта температура кейде 1 400 градусқа дейін жетеді. Оттың ортасында жүріп, ел байлығын еселеуге үлес қосу – нағыз ерлік. Ол – Жезқазған мыс зауытынан «Еңбек даңқы» медалінің толық иегері атанған алғашқы металлург.
Өмірінің жартысын осындай оттың ортасында өткізіп келе жатқан Әбдірашит – отбасында адал жар, өнегелі әке. Зайыбы Бибігүл – Жезқазған қаласындағы №10 мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары. Олардың Дина, Әлия, Салтанат есімді қыздары жоғары оқу орындарын бітіріп, отбасын құрып, бір-бір үй болып отыр. 2023 жылы Әбдірашит пен Бибігүл бас болып Доспановтар әулеті «Мерейлі отбасы» байқауына қатысты, сөйтіп республикалық деңгейде лауреат атанды.
Әбдірашиттің қос інісі Рамазан мен Рахымжан да – өзі іспетті балқытушылар. Ал тағы бір інісі Нұрлан анод бөлімшесінде 30 жылдан аса кран машинисі болып келе жатыр. Олар да еңбекте әрқашан тындырымды істерімен жүрген ортасында абыройлы, беделді азаматтар. Айталық, Рахымжан – III дәрежелі «Еңбек даңқы» медалінің иегері. Ол жұмыстан тыс уақытта жүзу спортымен айналысқанды ұнатады. Қалалық, облыстық деңгейдегі жарыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы.
Доспановтар әулетінен білім, кәсіпкерлік, т.б. салаларда жүргендері қаншама? Тек «Қазақмыс» корпорациясына қарасты өндіріс саласында ғана осы әулеттің 10-нан аса өкілі бар екен.
Қазақ баланың санын айтқанды ұната қоймайды. Қойшыбек ақсақал мен Бәтима ананың онның үстіндегі ұл-қыздарынан бүгінде 40-тан аса немере, 30-ға жуық шөбере бар екен. Тіпті шөпшектер де өмірге келе бастапты. Құдайдың бергені деген осы. Атадан қалған жақсы жолды ертеңге жалғайтын солар ғой.
Жезқазған