Чехов – ой алыбы, ізгілік шырақшысы. Жазушының өмір жолы адамгершілікке, жақсылық нұрына толы. Әр шығармасынан адамға деген махаббат, жанашырлық есіп тұратын қаламгердің ағасына жазған хаты бір төбе.
Хаттың әлқиссасы: «Мені ешкім түсінбейді!» деп сен маған жиі шағымданасың. Бұлай тіпті Гёте де, Ньютон да шағымданбаған. Сені бәрі де жақсы түсінеді. Егер сен өзіңді-өзің түсінбесең, бұл басқалардың кінәсі емес, – деп басталады. «Інің ретінде, саған жақын адам ретінде өзіңді сендірсем деймін, мен сені жақсы түсінемін, бүкіл жан дүниеммен сезінемін. Барлық адами келбетіңді бес саусағымдай білемін, олардың әрбірін бағалаймын, терең құрметпен қараймын. Керек десең сені түсінетініме дәлел келтіре аламын, оны жіліктеп, тармақтарын атап та беремін. Меніңше, сен өте мейрімдісің, кеңпейілсің, соңғы тиыныңа дейін бөлісетін ақжарма адал адамсың. Саған өшігу, адамдар мен жануарларға жаның ашымай қасарысу, алаяқтық, кек сақтау жат нәрсе, сен жоғары орындағылардан дарындысың, сенде басқаларда жоқ биік бар. Ол – талант», дейді жазушы. Чехов жан-тәнімен ағасының ілгері басуын, санасын торлаған шиыршық ойдан арылуын тілейді. Сірә, адамды сүю дегеніңіз осы болар. Сүюдің басты белгісі – жаны ашу, болысуға даяр тұру. Жазушы жаны егіліп хатын жалғайды. «Талантың сені милиондаған адамдардан биік етеді, оған себеп 2 миллион адамның тек бірі ғана суретші болады. Сен құрбақа немесе бүйі болсаң да, талант сені өзгелерден оқшау етеді, көп адамға сен құрметтісің, талантқа көп нәрсе кешірімді. Білімді ортада өзіңді жайсыз сезінбеу үшін, ортаңғол болмау үшін, одан азап шекпеу үшін терең білімді әрі тәрбиелі болу қажет. Талант сені өнерпаздар ішіне алып келді, сен сол ортаға тәуелдісің. Айтпағым, дене тоғышар, өсуші шыбық, төмпешік сынды бір тілім ғана. Оны жеңу қиын, өте қиын. Менің пайымдауымша, тәрбиелі адамдар келесі қағидаларға сай келуге тиіс». Жазушы осылайша тәрбиелі адамдардың адамшылық тармақтарын айтады. Сол арқылы бауырын ізгілік сәулесіне баулуға күш салады. «Олар адамдық қағидаларға құрметпен қарайды, сондықтан да әрқашан қамқор, жұмсақ, сыпайы. Әлдебіреумен өмір сүреді, бұл үшін шағым жасамайды, ал кетсе, «сізбен өмір сүру мүмкін емес!» деп айтпайды. Олар шуды да, суықты да, ащы мен тәттіні де кеше біледі, басқалармен байланыста ғұмыр кешеді. Екіншіден, олар қайыршы үшін де, мысық үшін де рақымды. Олар әрбір дене үшін жаны ауырады, не болса да жай көзбен қарай алмайды. Үшіншіден, олар өзгенің дүниесіне құрметпен қарайды, қарызы болса қапысыз төлейді. Төртіншіден, олар ақ пейілді, өтіріктен от көргендей қорқады. Олар, тіпті болмашыға да өтірік сөйлемейді. Тыңдаушы үшін тәрбиелі адамдардың не айтқанын көзі айтып тұрады. Олар құбылмайды, әлектенбейді, көшеде өзін үйдегідей ұстайды, туыстарының көзінше ішімдік ұстамайды. Олар бөспейді, өзінен бірдеме сұрамайынша ашылып сөйлемейді».
Чеховтың тәрбиелі адамға берген бағасы күллі адамзаттық қағидаларға сәйкес келеді. Тіпті қазақ баласы да бойына сіңіріп, өз мәдениетіндей қабылдай алады. Жазушының бір ұлттың ғана емес, барша адамзатқа ортақ өнер тудырғанының бірден бір дәлелі осы болса керек. Иә, Чеховтың пьесалары әлемде Шекспирден кейінгі театрларда ең көп қойылатын туындылар деседі. Мұның сыры, жазушының дүние тұрғанша тұратын мәңгілік тақырыптарды қаузай білуінде. «Бесіншіден, тәрбиелі адамдар басқаға «көмек» болу үшін өзгені қорламайды. Олар өзгені әлпештеп сөйлейді, басқаның жан дүниесімен ойнамайды. «Мені ешкім түсінбейді!» деп айтпайды. Алтыншыдан, тәрбиелі адамдар бос кеуде емес. Олар жасанды бриллиантпен айналыспайды, атақты адамдармен таныс болса да, масайрамай, танымалдылықты әріптесіне береді. Жетіншіден, олар өзі шынымен талант болса, талантын құрметтейді. Ол үшін әйелді де, шарапты да, өткінші өмірді де құрбан етеді...»
Чеховтың хаты бір ғана ағасына емес, күллі талантты адамдарға жазылған бірегей хат. Қайбір өнер адамы Жаратқаннан берілген дарынды дарақылыққа емес, ел игіліне жұмсаса игі. Әйгілі жазушының негізгі ниет ұшқыны да осыған тіреледі.