• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Мәдениет 25 Шілде, 2024

«Қара су»

118 рет
көрсетілді

Анам Бижамал жиі айтушы еді: «Қайғысызға қара су да ас», деп. Балалық шақта бұл сөздің ұлағатын түсінетін шама қайдан болсын. «Неге анам осы сөзді қайталай береді» деп жаратпаған сыңай танытатынмын.

ХХ ғасырдың алпысыншы жылдары, елдегі тұрмыс жүдеуден төмен. Ауыз бөлмедегі қара қазанда үнемі су толы. Қайнаған суға суық су қосып жуынамыз, ішеміз.

Шайды әп-сәтте қайнататын қазір­гідей құрылғылар жоқ. Шайға суды осы қара қазаннан аламыз.

* * *

«Қара су» ас болушы ма еді? Анамның айтқысы келгені барға қанағат екен.

Қанағатқа біршама әділеттілік ұялаған. Бүгінгі түсінікке салсам, «қара су» әділетсіздіктің, барып тұрған сұрқия көрінісі. Бірақ анам оны қанағатқа санап, шүкіршілік деп «қара суды» Алланың несібесі деп тәуба ететін.

* * *

Түсінікке ауыр, қалайша «қара су» ас болмақ?

Сірә, мұның түп мәнісін жемқор­лардан сұраған жөн болар. Әлде Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап айтқан еліміздегі ішкі өнімнің елу пайызына ие 162 байдан сұраған жөн бе?

Орташа жалақысы 50 мың теңгемен күн көріп отырғандардың асы «қара су» емес пе?!

* * *

«Қайғысызға қара су да ас». Бұл – бүгінгі заманға мүлдем келмейтін сана және психология.

Еліміздегі 162 бай (соларды тізімге алып қойған жөн болар еді) қайғысыздар. Хакім Абай: «Қайғысыздың бәрі асау», деген.

Қайғының не екенін білмегендердің санасы дүлейлеу келеді. Оны ертеде Алек­сандр Пушкин «Дубровский» романында Троекуров (жаңа байығандар – нувориштер) образы арқылы терең суреттеген.

Құдай олардан сақтасын!

* * *

Анамның бес баласы, біздер, бір күн тоқ, бір күн аш құрсақ­пыз. Ері – Екінші дүниежүзілік соғыстың мүгедегі.

Сол кезде керосинмен жағып, тамақ пісіретін «Керогаз» деген құрылғы болатын.

Балалардың үлкені, он үш жастағы Қайрима есімді туған апайымыз аспазшы әйелге болыспақ болып, аң­дамай керосин қолымен шашын сипап, өртеніп кетіпті.

Кейінгі біздер, солай деп естідік.

Жоқшылық та, кедейшілік те, қасірет те бір басында болғанымен, «қай­ғысызға қара су да ас» деп мойымай, қай­ғыға езілмей, қалған біздердің аман-саулығымызды ойлап, өзін-өзі қайрауы, тәубаға келуі анамның қайсар мінезін көрсетеді. Мұні үлкен ерлік санаймын.

P.S. Анамның «қайғысызға қара су да ас» дегені барға қанағат етуі. Әйтпегенде, тәйірі, «қара су» ас болушы ма еді?!

 

Ғарифолла ЕСІМ,

академик, жазушы