• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 25 Шілде, 2024

Жауапкершіліктің бәсі биік

97 рет
көрсетілді

Биыл ел аумағында шомылу маусымы басталғалы 35 бала суға кетті. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, өткен жылмен салыстырғанда балалардың өлім құшу көрсеткіші 20 пайызға артқан. Жазатайым жағдайлар жағажайды жағалайтын отандастарымыздың қауіпсіздік ережелерін елемеуінен тіркеліп отыр. Осы орайда ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитеті төрағасының орынбасары, полковник Ақылбек АХМЕТЖАНОВПЕН аз-кем әңгімелестік. Келеңсіз оқиғалардың алдын алу мақсатындағы қағидаттарды сұрап білдік.

– Жаз басталысымен елімізде отан­дас­тарымыздың суға кету оқиғала­ры жиілей­ді. Әңгімемізді осы шомылу мау­­сымын­­дағы қарапайым қауіпсіздік ере­желерінен бастасақ.

– Төтенше жағдайлар министрлігі үнемі азаматтарды судағы қауіпсіздік қағидаларын сақтауға шақырады. Әрбір азамат су айдындарында қауіпсіздік қағидаларын қатаң сақтауы міндетті. Әрі балаларды су айдындары­ның жанында қараусыз қалдырмауға, үлкендердің қарауынсыз шомылуға жол бермеу қажет. Мейлінше балаларды кішкентайынан жүзіп үйреткен дұрыс.

Сондай-ақ бейтаныс және суға түсу үшін жаб­дықталмаған орындарда, «Шо­мылуға тыйым салынады», «Сүңгуге ты­йым салынады», «Қауіпті! Иірім» бел­гі­лері орнатылған жерлерде мүл­дем суға түсуге болмайды. Жүзудің шекара­сы белгіленген қалтқылардан (буйки) аспау ­керек. Күшіңізді сынаймын деп тек­серілме­ген, жабдықталмаған жерлерде сүңгімеңіз. Шағын көлемді кемелерге ­және басқа да жүзу құралдарына жақын жү­­зіп бармаңыз. Оған қоса жүзу құралда­рына құтқару күртешесінсіз отырма­ңыз. Жүзуге арналмаған заттармен жүзбе­ңіз. Тағы бір ескертетіні, қайықтардан, ка­терлерден, айлақтардан, жартастар­дан, парапеттерден, қоршаулардан және ­бас­қа да заттардан, сондай-ақ осы мақсат­тарға бейімделмеген құрылыстардан суға секірмеңіз.

Әр азамат жол жүру ережесін сақ­та­ғаны секілді судағы жүріп тұру қағи­да­­­ларында қатаң сақтауға тиіс. Себебі «Шә­кірт дайын болғанда ғана ұстаз ке­ле­­ді» демекші, біз қанша ескерту, оқыту, ал­­дын алу шараларын ұйымдастырғанымыз­бен, ең бірінші судан келетін қауіпке араша болушы ол адамның өзі екенін ұмытпаған жөн! Сондықтан жоғарыда атап өткен қарапайым, бірақ ең маңызды ережелер адамның өмірін сақтап қалады.

– Биылғы маусым қалай өтіп жатыр? Қазіргі ахуалды статистикалық деректермен келтірсеңіз.

– Министрліктің халықты қорғау бо­йынша қабылдаған іс-шаралары өз тиімділігін көрсетіп жатыр. Оған дәлел, суға шомылу маусымы басталғалы құт­қарушылар 153 адамды, оның ішінде ­38 баланы құтқарып қалды. Жалпы, елі­міз­де су айдындарында қаза тапқандар­дың саны күннен-күнге өсіп барады. Әсіресе балалар өлімінің күрт өсуі алаң­даушылық тудырып отыр.

Негізінен жазатайым оқиғалар демалыс күндері жиі кездеседі. Оған басты себеп – қауіпсіздік ережелерін елемеу, жабдықтал­ма­ған жерлерде шомылу және балаларды назардан тыс қалдыру. Мәселен, бір жарым айға жуық уақытта 87 адам суға кетті. Өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда адам өлімі 14%-ға аз. Бірақ балалардың өлім құшуы 20%-ға көп.

Статистикалық деректермен ашып айтсақ, шомылу маусымының басталуы­мен суға батып қайтыс болғандардың 15%-ы немесе 10 жағдай рұқсат етілген аумақтардан тіркелген. Яғни Алматы – 4, Маңғыстау – 2, Абай – 2, Ақтөбе және Павлодар облыстарында 1 жағдайдан анықталды. Ал 85%-ы немесе 54 жағдай рұқсат етілмеген, қауіпсіздік қамтамасыз етілмеген су айдындарында болған. Осы ретте айта өткім келетіні, қауіпсіз орындар туралы мәліметтер БАҚ көз­дерінде, әкімдіктер мен өңірлік төтен­ше жағдайлар департаменттерінің сайттарында жүктелген.

ТЖМ Ішкі істер және Көлік ми­нистр­лігі­мен бірлесе су айдындарында азаматтар­дың қаза табу қаупін азай­ту мақсатында судағы қауіпсіздік қағи­даларының талаптарын бұзу­дың жо­лын кесу бағытында 50 мыңға жуық рейд, қадағалау жүргізді. Анықталған заң бұзушылар Әкімшілік құқық бұзу­шы­лық туралы кодексі­нің «Ортақ су пайдалану қағидаларын бұзғаны» 364, «Су айдындарындағы қауіпсіздік қағидала­рын бұзу немесе орындамағаны» ­412 және «Алкогольдік ішімдіктер ішу немесе қоғамдық орындарда мас күйін­де ­бол­ғаны» 440-баптары бойынша әкім­­ші­лік жауапкершілікке тартылады. Жыл басынан бері дәл осындай форматтағы ­­9 мыңға жуық хаттама толтырылды.

Жалпы, судағы қауіпсіздік ережеле­рін бұзу­­шыларға әкімшілік жаза қол­да­ну су айдын­­­дарындағы оқиғалар­дың санының азаюы­на оң әсер етіп келеді. Биыл ӘҚБтК-нің 412-бабы «Судағы қауіпсіздікті сақтамағандары үшін» әкім­шілік жауапкершілік­ке тартылғандар саны 7 есе өсті. 579 айып­пұл са­лын­ды. Кез келген заң бұзған азамат судағы қауіпсіздік ережелерін қа­таң сақтауға жақын­дарын үгіттейді деген үміттеміз.

Шомылу маусымының басталуына дейін және кезең ішінде теледидардан 1 800-ден астам сюжет, радио­­дан 3 000-нан астам сөз сөйлеу, газеттерде және әлеуметтік желілерде 2 343 ма­қала жарияланды. 7 000-нан астам пост, мессенджерлер және өзге де әлеу­меттік желілер арқылы 543 тіке­лей эфир ұйымдастырылды. Өткізіл­ген іс-шаралармен 6 миллионнан аса ­ (6 440 791) адам, оның ішінде 1,5 миллионға ­жуық (1 474 727) бала қамтылды.

Сонымен бірге оқыту кезеңінде 30 400 ба­лаға жүзу дағдылары үйретілді. Бұл жұмыс әлі де жалғасады. Профи­лактикалық іс-шара­лар кешенін өткізу барысында 370 мың­нан астам көрнекі оқыту өнімдері, яғни парақ­шалар, жадынамалар, брошюралар таратылды.

Суға түсуге тыйым салынған 4 646 орын анықталды. Онда 6 312 ескерту және тыйым салу белгілері орнатылды. 708 рұқсат етілген жаппай демалыс орны бекітілді.

Қазіргі таңда елімізде 85 мыңнан астам өзен мен 48 мың көл бар. Оларды азаматтар шомылу, демалу және балық аулау үшін пай­дала­нады. Онда әкімдіктер­дің шешімімен бекітілген 708 рұқсат етілген жаппай демалыс, туризм және спорт орындары жабдықталды. Оның ішінде 167-сі коммуналдық және 425-і жеке жағажайлар, қалған 116 спорт және турис­­тік мақсаттарға арналған. Бұл ­ретте бар­лық коммуналдық жағажайларға ­кіру тегін екенін атап өткен жөн.

Атқарылған кешенді жұмыстардың көме­гімен жыл сайын суға батып қайтыс болу дерегі азайып келеді. 2021 жылы 3%-ға, 2022 жылы 42%-ға, 2023 жылы 4%-ға төмендеді. ­Дейтұрғанмен әрбір құрғақ статистиканың ­артында адам өмірі мен жақындарының қай­ғысы тұрғанын ұмытпауымыз керек. Кейінгі 10 жылда екі мыңнан астам адам қайтыс болды. Ты­йым салынған жерлерде шомылу өмірге қауіп төндіріп қана қоймай, айыппұл тү­рін­де әкімшілік жауапкершілікке әкеле­ді. Тек Әкім­шілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 412-бабы бойынша ­­721 отандасымызға 18 миллионнан ас­там теңгеге айыппұл салынды.

– Елімізде құтқару отрядтары жет­кілікті ме? Техникалық құрал-жаб­дықтарды да қоса айта өтсеңіз.

– Төтенше жағдайлар министрлігін­де ­20 же­дел-құтқару жасағы бар. Олар авария­лық-құтқару, іздестіру-құтқару жұмыста­рын, құт­қару операцияларын жүргізу үшін төтенше жағдайлар орнына шығады. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларға жедел ден қою үшін құтқару бөлімшелерінің иелігінде 1 094 бірлік авариялық-құтқару және қосалқы техника, 2 066 авариялық-құтқару жабдығының жинағы, 35 829 жа­рақтар мен экипировкалар жинағы бар.

Техникамен жарақтау және оларды жаңар­ту, жаңа суда құтқару стансаларын салу жұ­мыстары кезең-кезеңмен жүргізіліп жатыр. Әдетте жазғы суға шомылу маусымында елі­міздің су айдындарында қосымша мобильді бекеттер орнатылады. Сонымен қатар тұрақты түр­де рейдтер мен патрульдеу жүргізіледі. Дауыс зорайтқыш құрылғысы бар дрондар да пайдаланылады.

Шомылу маусымының басталуымен су айдындарының қорғалмаған бө­ліктерінде аза­маттардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ТЖМ аумақтық бөлімшелерінің күштерімен 65 тұрақты және қосымша 150-ге жуық жылжымалы маусымдық құтқару бекеттері орнатылды.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Зейін ЕРҒАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»