• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Ауыл 26 Шілде, 2024

Егін ерте пісті

53 рет
көрсетілді

Жетісулық диқандар ал­ғаш­қы өнімін ала баста­ды. Жауын-шашынның көптігінен биыл шаруалар бидайдың бітік шыққанын айтып жүр. Бұл мал бор­да­қылап отырған кәсіп иеле­рін де қуантып отыр. Се­бебі жемшөп бағасы был­­­тырғыдан едәуір арзан. Ал егін басындағы тәт­ті түбірдің де томпиып қал­ғанын көзбен көруге болады. Биыл қожалықтар қоң­­ды, ауа райы жайлы көрінеді.

Ежелден шаруаның жайын егінге орақ түскенде ғана бағам­дайтын әдетіміз бар. Осы ретте көксулық диқандар үшін егін маусымы ырысты жыл болғалы тұр. Өйткені көктем жауын-ша­шынды болып, күн ерте жылын­ғандықтан бидай бітік шықты. Мұны аңғарған аудан әкімі Дәу­лет Халелов бастаған топ егіс ал­қап­тарын аралап, шаруалармен кездесті. Олардың атқарып жатқан жұмысымен танысып, арыз-тіле­гін тыңдады. Биыл Мемлекет бас­шысының қолдауының нәти­же­сінде шаруалар ешқандай тар­шылық көрмегенін жеткізді.

«Жетісу облысы аграрлы аймақ болғандықтан, біз қашанда егін егу мен жинау науқандарын аса жауапкершілікпен өткіземіз. Ауа райы салдарынан орын алған қиындықтарға қарамастан суды тиімді пайдалану, егістікті кезектеп суару, өнімді уақытылы баптау сынды жұмыстар жүйелі атқарылды. Ең бастысы – мемлекеттен барынша қолдау көрсетілді. Біздің мақсат – қамбаны мол әрі сапалы өнімге толтырып, отандық өнімді арттыру», деді аудан әкімі.

Ел ырысы саналатын сары алтынды қамбаға жинауды «Ұлан», «Әли-Айбар», «Әділжан», «Көбен» шаруа қожалықтары бастады. Бұл бағытта Алғабас ауылдық округінің шаруалары өнімді еңбек етіп жатыр. Онда 16 шаруа қожалығы дәнді дақыл егумен айналысады. Жалпы, округ бойынша 821 гектар жаздық арпа, 418 гектар күздік бидай және 192 гектар жаздық бидай егілген.

Дала еңбеккерлері осы жылы әр гектардан 15-20 центнерге дейін астықты қамбаға құйып, ел ырыздығын еселеуге үлес қоспақ. Нәтижесінде, биыл қамбаға жылдағыдан артық дән құю жоспарланып отыр. Қазір егіс алқабында 7 комбаин мен 10-нан астам техника дамылсыз жұмыс істеп жатыр.

«Бидайдың ерте піскені бізге жақсы. Себебі техникаға зәрулік тумайды. Бірінікін бірі пайдаланып, ерте егінді жинайды. Оның үстіне мал бордықылап отырған шаруалардың да тілегі осы еді. Қазірдің өзінде жем алуға кезекте тұр. Биыл өнім жақсы болды. Жаңбырдың жиі жаууы диқандардың нәсібін арттырды», дейді шаруа иесі Асан Өтепов.

Мал бордақылау дегеннен шығады, егіннің ерте піскені кәсіпкерлерге тиімді. Мәселен, ірі шаруашылықтар аустралиялық мал өсіру әдісін қол­да­нып жатыр. Бұл ретте бидайдың маңыздылығы жоғары. Жем жеп, жайы­лымда еркін бағылған мал тәулігіне 1,2-1,5 кило салмақ қосады. Мұны өңірге жұмыс сапары ба­ры­­­сында вице-премьер Серік Жұманғарин Алакөл ауданындағы мал шаруашылығының жай-күйімен танысқанда айтқан еді. Мұнда 69 мың гектар алқапта мал шаруашылығының толық циклі: көбейту, өсіру, бордақылау қамтамасыз етілген аграрлық клас­тер құрылған.

Жалпы, жем мол болса, малдың да етті болатыны анық. Оны мал басын көбейтуді қолға алған «Шынжылы» шаруа қожа­лы­ғына барғанда байқадық. Мұнда 3 мың бас асыл тұқымды мал өсіру көзделген. Бұл игілікті істі «Арқарлы-Майбүйрек» ЖШС да атқарып отыр. «Қайыңды» қожалығында да 5 мың бас ірі қара малға арналған бордақылау алаңы және тәуліктік қуаты 700 бас қой және 60-120 бас ірі қара немесе жылқы болатын ет комбинаты бар. Бұл ретте кәсіпорын тәуліктік қуатты 25 мың басқа дейін арттыруға дайын. «Алакөл агро» ЖШС 5 жыл бойы өнеркәсіптік ауқымда етті қой тұқымын жақ­сарту бағытында жұмыс істеп жатыр. 50 мың ұсақ малға арнал­ған бордақылау алаңын салу жос­пар­ланған.

«Биыл ауа райы қолайлы болып тұр. Тау басында да, етегінде де көк мол. Мал еркін жайылады. Оның үстіне би­дайдың ерте пісуі бордақы шаруасымен айналысып отырған бізге көп көмек болды. Жемнің құны арзан, нарықтағы бағасы былтырғыдан төмен. Бордақы мал тәулігіне 1,2-1,5 кило, жалпы алғанда 200-250 кило салмақ қосады», дейді «Алакөл агро» директоры Өмірбек Ахметов.

Оның айтуынша, жайылым кезінде мал 350-400 кило салмақпен шығып, жаз бойы 200 килоға дейін жинайды, қалған 150 килосы қорада бордақылау есебінен қосылады.

Осы ретте айта кетейік, кәсіпорынның жеке оқыту орта­­лы­ғы бар, онда ғалымдар мал өсірушілермен бірге көп жыл бойы ірі қара мен ұсақ малдың тұқымын жақсарту бағы­тында жұмыс істеп келеді. Олар өз білі­мін еліміздің ауыл шаруа­­­шы­лы­ғы игілігі үшін мемлекеттік ғылыми институттармен бөлісуге да­йын. Бүгінде Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндірісі ғылыми зерттеу институты еліміз бойынша кооперация мүмкіндіктерін пысықтап, мал шаруа­шы­лығына ғылыми көзқарас бойынша ұсыныстар әзірлеп жатыр.

Жалпы, дала төсін дүбірге бөлейтін диқандар егістік алқабында қызу жұмыс үстінде. Тастөбе ауылының шаруалары да ауа райының қолайлы күндерін уақтылы пайдаланып, мол өнім алу мақсатында еңбек етіп жатқан жайы бар. Шаруашылықтарға көктемгі дала жұмыстарын атқару үшін 1 жыл мерзімге 6 пайыздық мөлшерлемемен несие беру жұмыстары жүйелі атқарылды. Көктемгі дала жұмыстарына несие алу үшін ауылдық округ бойынша 3 шаруашылық жалпы сомасы 40 млн теңгеге өтінім тапсырып, несиелерін алған.

Егіс алқаптарында қажетті техни­ка­ның барлығы бар. Бүгінде әр қожалықта тұрақты 30-ға жуық адам жұмыс істейді. Маусым кезінде жұмысшылар саны артады. Науқан қызған шақта 150-ден астам жергілікті тұрғын жұмысқа тартылады. Жетісуық шаруалардың айтуынша, биыл қант қызылшасы да ерте піседі. Олар күз келмей жатып, қызу жұмысқа кіріспек ниетте.

Жетісу облысы