Мемлекет басшысы былтырғы Жолдауында көптеген елдің ішкі нарықты қорғау шараларын белсенді жүргізетінін, тіпті дамыған мемлекеттердің өзі протекционистік өнеркәсіп саясатына көшкенін айтқан еді. Президент мәлімдегендей, сауда-саттық саясатында жаңа әрі батыл қадам жасайтын сәт келген сияқты. Азық-түлік өндірушілердің отандық сауда сөрелеріне өнімін қоя алмауы ұлттық экономикаға сын болғалы тұр.
Министрлік не дейді?
Өнімін сауда нүктелерінде орналастыру мәселесімен өндірушілер құзырлы орындарға жиі жүгінеді. Айтуынша, көрші елдерден келген арзан тауар біздің нарықты жаулап алған. Ал өзіміздің кәсіпкерлер миллиардтаған несие алып, өнім шығарғанмен, оны сату алаңдарында орналастыруда қиындық көп. Екінші бір себеп – импорттық өнімнің бағасы отандық өнімнен төмен. Әсіресе, көрші Ресейден келіп жатқан азық-түлік әлдеқайда арзан. Осыған дейін Еуропаға экспорттаған олардың бұл қадамына санкциялық шектеулер әсер еткені белгілі. Қазір Орталық Азия нарығына көз салған көрші елдің тауарлары осылайша өзіміздің өнімді «өкпелетіп» тұр.
Тақырыпқа қатысты біз Сауда және интеграция министрлігіне сауал жолдағанбыз. Ведомство берген мәліметке сенсек, жағдай өзгерген.
«Біз сауда желілерінің өкілдерімен және әкімдіктермен бірлесіп, сауда сөрелерінде отандық тауарлардың ұсынылуы туралы деректерге қатысты жұмыс жүргіздік. Бүгінде отандық азық-түлік тауарларының үлесі 50%-дан кем емес, ал кейбір сауда алаңдарында 70%-ға дейін жетеді. Сондай-ақ отандық өндіріс, яғни ет, сүт және астықты терең өңдеуге, жылыжай шаруашылығын дамытуға баса назар аударылып отыр. Отандық өндірушілердің сауда желілеріне кіруін одан әрі жеңілдетуде субсидиялар бөлініп жатыр. Биыл министрлік алғаш рет ішкі сауда субъектілеріне мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну құзыретін енгізді. Жаңа бастамада пайыздық мөлшерлемені субсидиялау және кредиттер бойынша кепілдендіру сияқты қолдау көзделген. Қазір «Даму» қоры және екінші деңгейлі банктермен бірлесіп, 143 млрд теңгеге 595 жобадан тұратын пул құрылды. Бұл ретте ішкі сауда субъектілеріне отандық өнім шығаруды ынталандыру бойынша міндеттемелер қойылады», деп жауап берді салалық министрлік.
Министрлік көздеп отырған басымдықтың бірі – шетелдермен сауданы кеңейту. Жыл басынан бергі 5 айда еліміздің сыртқы саудасы 55 млрд доллардан асқан. Шикізаттық емес тауарлар мен қызметтердің экспорты 13 млрд доллардан көп. Оның 10,5 млрд теңгесі дайын өнім жеткізуден түсіпті. Экспорттың өсуіне халықаралық нарық тарапынан түсті металдар мен күнбағыс майына деген жоғары сұраныс әсер еткен.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «KazakhExport» экспорттық сақтандыру компаниясының базасында экспортты ілгерілету институты құрылды. Биыл 23 қаңтарда «Экспорттық-кредиттік агенттік туралы» заң қабылданды. Ол сақтандыру және қаржылық қолдау шараларының кең спектрін іске асыруға бағытталған. Осы бірінші жартыжылдықтың өзінде экспорттық-кредиттік агенттік 30 экспорттаушыға қолдау көрсетті. «QazTrade» ұлттық операторы биыл өткізу нарығын кеңейтуге мүдделі компанияларды іріктеді. Нәтижесінде, 120 отандық өндіруші Қытай, Германия, Қатар, Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері, Өзбекстан, Қырғызстан нарықтарына шығуға дайын. Сондай-ақ халықаралық көрмелер мен сауда миссияларының алаңдарында «Made in Kazakhstan» брендімен отандық тауарлардың танымалдығын арттыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр», делінген министрлік жауабында.
Жарнамасыз жағдай жоқ
Тақырыпқа оралсақ. Қазір азық-түлік бөлшек саудасында жергілікті ритейлдер де, ірі халықаралық желілер де тұрақты жұмыс істейді. Олардың ішіндегі ең ірілері – «SMALL» («Skif Trade» ЖШС), «Magnum» («Magnum Cash&Carry» ЖШС), «METRO» («Metro Cash & Carry» ЖШС), «Анвар» («Анвар» ЖШС), «Galmart» («Жеті Аспан» ЖШС), «Астықжан» және басқа да компаниялар.
«Бөлшек саудагерлердің тауар өндірушілермен өзара қарым-қатынасы мәселесі әрқашан өзекті. Бұл ретте аталған мәселеге тек бір позициядан қарау, яғни тауар өндірушілердің позициясы тұрғысынан дұрыс емес. Егер «күнделікті сұраныс тауарлары» (FMCG) санатындағы сауда желілерінің тауарлық ассортиментіне талдау жүргізетін болсақ, онда отандық тауар өндірушілердің үлесі, орта есеппен, барлық тауар матрицасының 50%-ы деңгейінде болады. Сондықтан желілер ел заңнамасының нормаларын сақтайды деп толыққанды айтуға болады. Атап айтқанда, Ұлттық экономика министрлігінің «Ішкі сауда қағидаларына» сәйкес ішкі сауда субъектілері сауда желісі мен базарларын ұйымдастыру арқылы тауарларды сатуды жүзеге асыруда отандық өндірістің азық-түлік тауарларын сауда алаңында немесе сөреде кемінде 30%-ға орналастырады», дейді «Атамекен» ҰКП сауда департаментінің директоры Әсет Айтбаев.
Оның сөзінше, өзінің серіктестеріне белгілі бір негізделген шарттар қоятын сауда желілерінің талаптарын елемеске болмайды. Бұл – басқа елдерде жұмыс істейтін қалыпты тәжірибе. Мысалы, ол – сауда желілеріне кіру ақысы, жарнама ақысы (кез келген бизнестегідей), орау, консигнация шарттары.
«Бұл – бизнес. Ашық жұмыс істейтін және өз бизнесін адал дамытатын экономика саласын негізсіз реттеуге және «басуға» болмайды. Сондай-ақ сатып алушылардың таңдауы маңызды рөл атқарады. Бүгінгі таңда «Атамекен» ҰКП Сауда және интеграция министрлігімен бірлесіп, отандық тауар өндірушілердің өнімдерін сауда объектілерінің сөрелеріне жеткізу тетіктерін одан әрі жетілдіру бойынша нормалары бар жаңа ішкі сауда қағидаларын әзірлеу үстінде», дейді департамент басшысы.
Расы сол, мемлекеттің қолдауын күтетін отандық кәсіпкерлер өз компанияларының аяққа тұруы үшін жеңілдіктер болғанын қалайды.
«Менің ойымша, отандық өндірушілер саудада басымдыққа ие болуы керек. Әрине, мұнда стандарт сақталуға тиіс. Сондай-ақ отандық тауарларға арналған сөрелер, сауда залындағы ең жақсы орындар қарастырылса игі. Мысалы, елімізді үлкен дүкен деп қарастырсақ, сырттан келген тұтынушы керегін таба білу қажет. Бірақ бізде керісінше, өзіміздің нарыққа шығуымыз қиындап кеткен. Екіншіден, жарнама компанияларының жұмысын қолдау жағын қарастырсақ. Осыларға қаржы бөліп, отандық өнімді жарнамалауға көптеп ден қойса, біз ұтылмаймыз. Сондай-ақ БАҚ өкілдерімен бірге елден шығатын барлық тауарды үлкен деңгейде насихаттаса, бұл әрекет сөзсіз табысқа жетелейді. Дұрысы, сатылым болмай, өндіріс өспейді. Ал сатылым жарнамасыз мүмкін емес», дейді «Adal As» ЖШС директоры Ермек Мезібаев.
Жаңа заңнан үміт мол
Жақында ғана «Сауда қызметін реттеу мәселесі бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгеріс пен толықтыру енгізу туралы» заң жобасын талқылау аяқталды. Регламентке сәйкес заң жобасы Үкімет қорытындысын алуға жіберілді. Мемлекеттік сүйемелдеуге мұқтаж отандық тауар өндірушілердің талабы – ішкі нарықты қолдау болатын. Сауда және интеграция, Денсаулық сақтау, Ұлттық экономика, Ауыл шаруашылығы министрліктері енді заң жобасындағы ұсыныстарды талдамақ.
«Бүгінде барлық отандық тұтынушыға елдегі дүкендерде импорттық азық-түлік өнімдері басым екені анық сезіледі. Бұл ретте импорттық азық-түлік пен отандық азық-түлік арасындағы бәсекелестік көп себепке байланысты мүлдем әділетсіз. Сондықтан нарықтағы қатынастарды реттеу, елдегі сауда желілеріндегі өнімдерді сату үдерісін адал және әділ ету қажет. Заң жобасының ережелері дәл осыған бағытталған. Біз Үкіметтің қолдауына үміт артамыз. Заң жобасы оң қорытынды алып, күзде депутаттардың кәсіби талқылауына түседі деп сенеміз», дейді «Қазақстан сүт одағының» директоры Владимир Кожевников.
«Қазақстан ет өңдеу кәсіпорындары қауымдастығы» атқарушы директорының орынбасары Юлия Намның айтуынша, отандық өндірушілер импорттық өнімдермен сапасы мен ассортименті бойынша еркін бәсекеге қабілетті.
Президент қойған талап, ұлттық бизнес мүддесі бір арнаға түсуге бағытталғандай. Әрине, бұдан ел экономикасының адымы ұзарары сөзсіз. Дұрысы, отандық сапалы азық-түлік өнімі алға шықса, қазына қазаны ешқашан ортаймайды.